Accessibility links

Парламент сенаты шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты конвенцияны мақұлдады


Парламент сенаты бейсенбі күнгі жалпы отырысында балаларды қорғау және шетелге асырауға беруге қатысты әріптестік туралы халықаралық конвенцияны Қазақстанның ратификациялауын мақұлдады.

Гаагада 1993 жылдың 29 мамырында қабылданған бұл құжатты осы уақытқа дейін 76 мемлекет ратификациялаған.

Конвенцияны ратификациялаған соң Қазақстан осы құжаттың мүшесі болған мемлекеттердегі қазақстандық асыранды балалардың тағдырын бақылауға мүмкіндікке ие болады.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда 37 459 қазақстандық бала асырап алынған. Оның ішінде сегіз мыңнан астам баланы шетел азаматтары асырап алған.

Шетелдік асырап алушылар көбінесе АҚШ, Испания, Бельгия, Германия, Канада, Ирландия және Франция мемлекеттерінің азаматтары.

Қолданыстағы заңға сәйкес, қазақстандық асыранды бала 18 жасқа толғанша Қазақстан азаматы болып саналады.
XS
SM
MD
LG