Accessibility links

Чилидегі жерсілкінісінен қаза тапқандар 85-тен асты


Чили президенті Мишель Бачелет сенбі күні елдің Мауле аймағында орын алған қуатты жерсілкінісінен қаза болғандар саны 85-тен асты деді.

Оның алдында Чили үкіметі зілзала құрбандары 78-ге жетті деп хабарлаған. Ел президенті апатты жағдай жариялап, бірқатар қалада үйлері қираған адамдарды дүрлікпеуге шақырды.

АҚШ-тың геологиялық зерттеулеріне қарағанда, бұл зілзала қуаты рихтер бағамы бойынша 8.8 балға жетті. Жер асты дүмпуінің ошағы Чили астанасы Сантьягодан 300 шақырым, елдің екінші үлкен қаласы Консепсьоннан 100 шақырым жерде болды.

Жерсілкінісінің дүмпулері Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупін күшейтіп, бұл аймақтағы елдер дабыл күтіп отыр. Цунами Латын Америка елдері, Жаңа-Зеландия, Гаваи аралдары мен қатар Филиппин мен Жапонияда да болуы мүмкін.

АҚШ үкіметінің Тынық мұхиты бойынша мамандарының сөзіне қарағанда, жер асты дүмпулерінің күшінен су деңгейі 16 метрге дейін көтеріліп, цунами қаупін төндірді.
XS
SM
MD
LG