Accessibility links

Қазақстанда Кедендік одаққа қарсылық өсіп барады


Қазақстандағы бірқатар демократиялық оппозиция мен патриоттық партия, жастар ұйымы мен зиялы қауым өкiлдерi «Тәуелсiздiктi қорғау» халықтық-демократиялық қозғалысы атынан Қазақстанның Ресеймен және Беларуссиямен Кедендiк одақ құру туралы жасаған біржақты шешiмiне «халықтың пiкiрi есепке алынбаған деген негізбен» наразылық бiлдiрдi. Президент пен парламенттің қос палатасы төрағаларына және премьер-министрге жолданған мәлімдеме-хатта «Қазақстанның бұл ұйымға кiруi қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiне қауiп төндiретiнi атылады.

«Халықтың тәуелсiздiгi мен егемендiгi - бiздiң ата-бабаларымыз қанын төккен мәңгiлiк құндылық. Сондықтан оны бiз әлдекiмнiң саяси ойындағы ұтылысы үшiн тәрк етуiне қарсымыз. ...Бiз, Қазақстан азаматтары, тарих доңғалағының керi айналуына жол бермеймiз! Бiз отарлық тәуелдiлiкке қайта оралуды қаламаймыз!» - делінеді мәлімдемеде.

Хаттың авторлары өз талаптары орындалмаса, билiк басындағыларды қызметтен кетiру және президент пен парламент сайлауын мезгiлiнен бұрын өткiзу туралы мәселе көтеретіндерін ескертеді.

Мәлімдемеге 60-тан астам партия, қоғамдық ұйым мен баспасөз құралдарының басшысы және 100-ден астам әдебиет, өнер, ғылым және басқа салалардың қайраткерлері, бас-яғы 175 адам қол қойды. Қол қою бүкіл елде жалғаса беретіні хабарланды.
XS
SM
MD
LG