Accessibility links

Журналистерді қорғау комитеті Обамадан Назарбаевтың есіне ЕҚЫҰ міндеттемелерін салуды сұрады


Халықаралық журналистерді қорғау комитеті АҚШ президенті Барак Обамаға қайрылып, сіздің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сәуірдің 12-де Вашингтонда болатын кездесуіңіз қарсаңында, назарыңызды Қазақстандағы баспасөз еркіндігінің бұзылып жатқанына аударғымыз келеді деп мәлімдеді.

Журналистер құқын қорғайтын ұйымның айтуынша, Қазақстандағы қақтығыстар мен тәуелсіз журналистерді қамауға алу, сыни пікір айтқан ақпарат құралдарын саяси қудалап, мазалау және интернетті реттеу жөніндегі заң ЕҚЫҰ-ның беделіне көлеңке түсіріп отыр деді.

Қазақстан билігі ЕҚЫҰ-ның құндылықтары мен негіздерін ұстанатынын жариялаған. Осы тұрғыда 2008 жылы қазақ үкіметі бірқатар заңдарға, оның ішінде ақпарат құралдарына қатысты заңға өзгерістер енгізген. Бірақ ол өзгерістер үстіртін болып, баспасөз еркіндігі бұзылуы мен қатаң жазалауларды жеңілдетпеді делінген Журналистерді қорғау комитетінің таратқан мәлімдемесінде. Сонымен қатар онда соңғы екі жылда үкімет ресмилері тіл тигізді деген желеумен тәуелсіз журналистерге қарсы сотқа шағым түсіріп, өтемақы ретінде ақпарат құралдарынан жарты миллиард теңгеден артық ақша өндіріп алуды көздегені айтылған.

Қазақстандағы журналистерге қатысты көптеген қудалау мен сотпен жазалау шараларының жаппай орын алғанына тоқталған Журналистерді қорғау комитеті, АҚШ президентінен қазақстандық әріптесі Назарбаепен кездескенде, ЕҚЫҰ-на төрағалықты қабылдар алдында елде ақпарат еркіндігі мен сөз бостандығын қамтамасыз ету жөнінде жасаған міндеттемелерін есіне салуды сұраймыз деген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG