Accessibility links

Амандаса кіріп, күнделікті әдетіммен оқушылардан өткен сабақты сұраудан бастағанмын. Екінші орында жанындағыларға маза бермей отырған оқушыны тұрғызып, сабақ сұрауға көштім.

- Нұрлан, сабаққа дайынсың ба?
- Ағай, келесі сабақ айтсам болады ма?
- Неге бұл сабақта емес?
- Дайын емеспін...
- Себебі не?

Үнсіздік...

Қазіргі оқушылар күнделікті осылай айтуды әдетке айналдырған. Маған - облыс орталығынан келетін тексерушілерге оқушыларымның сыныптан-сыныпқа көшуін баяндау уайым. Келгеннен бірінші сұрайтындары: «ҰБТ (Ұлттық біріңғай тестілеу) жағдайы қалай?
Неге екені белгісіз, қазіргі жастар «2» деген бағадан сескенбейді. Оқуға ынтасы жоқ оқушылар сыныптың жартысынан көбін құрайды.

- Балалар, өскенде кім болғыларың келеді? Азамат болу үшін жақсы оқуларың керек. Талай ғұламаларымыз осы бейбіт өмірімізге жете алмаған. Сендер бақыттысындар! Компьютер, мультимедия сыныбы, «Сиқырлы тақта», тәжірибелік сыныптар – бәрі бар. Оқуға толық мүмкіндік жетеді. Жоғарғы оқу орнына түсесіндер. Елім деген үлкен азамат боласындар!

Бұл сөзімді сан рет қайталағанмын. Біліп тұрмын.

Сол мезетте арт жақта отырған оқушы:

- Ағай, сіз неше оқуды бітірдіңіз? – деді.
- Екі оқуды грантпен бітірдім. Орта арнаулы және жоғары.
- Неше жыл оқыдыңыз?
- Жеті жыл.
- Айлығыңыз қанша? Егер құпия болмаса...

Ойланып тұрып жауап бердім:

- Қырық мың!!!!

Сонда оқушым:

- Менің ағам сізбен құрдас. Оқуды да жақсы оқымаған. Астана құрылысына кеткеніне 7 жыл болды. Айлығы - жүз мың. Қазір Астанадан жер алып, үй салып алды. Шетелдік автокөлік сатып алды. Жағдайы жаман емес, - деді.

Сабақ бітті. Велосипедімді мініп үйіме қарай беттедім. Ойланып келе жатырмын. Екі күннен соң ипотекаға алған үйімнің ақшасын құюым керек. Айлық кешігіп жатыр. Тексеру оқтай борап жатыр.

Мұғалімдік - ұлағатты жұмыс, бірақ.....

kns78@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG