Accessibility links

Сабдалин - «жемқорлықпен күрес» науқанының тағы бір парағы


Соттағы соңғы сөзден соң жабык мәшине Абылай Сабдалинді әкетіп барады. Астана, 28 сәуір, 2010жыл
Соттағы соңғы сөзден соң жабык мәшине Абылай Сабдалинді әкетіп барады. Астана, 28 сәуір, 2010жыл

Астана сотының үкімімен бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалин 10 жылға бас бостандығынан айрылып, жеті жылға дейін мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салынды. Сарапшылар оның тағдыры барлық орта дәрежелі шенеуніктің басындағы халді сипаттап тұр дейді.



КҮТПЕГЕН ҮКІМ

Қазақстанның бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалинге қатысты қылмыстық іс мамырдың 7-і, жұма күні аяқталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы вице-министрді 10 жыл қатаң режимдегі абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

- Сот Абылай Сабдалинді Қазақстан қылмыстық кодексінің 312-ші бабы (пара беру) және 307-ші бабы (қызметін асыра пайдаланған) бойынша айыпты деп тауып, оның мүлкін тәркілеу, 10 жылға қатаң тәртіптегі абақтыда бас бостандығынан айыру, 7 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынын айыру жазасын тағайындады, - деді Астанадағы сотта төрелік еткен судья Ерлан Ермеков.

Судья шешім шығару барысында Сабдалиннің бұрын-соңды сотталмағанын, кішкене балаларының бар екендігін ескергендігін айтты. Алайда Сабдалиннің адвокаты мұндай үкімді күтпеген едім дейді.

- Мен бұл істің осылайша өзгеретіндігін күткен жоқпын. Сот процесі барысында Сабдалиннің кінәсіз екендігін дәлелдеп шықтық деген сенімде болдым. Себебі сотта сөйлеген куәгерлер мен келтірілген айғақтардың барлығы оның кінәсіздігін көрсетті. Ал айыптаушы жақ керісінше, оның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ келтіре алған жоқ, - деген Сабдалинның адвокаты Венера Ким соттың үкіміне қатысты таңданысын жасырмады.

Абылай Сабдалиннің өзі: «Маған тағылған айыптарды мойындамаймын, - деп мәлімдеді, - Қазақстан мемлекеті мен қоғамына барынша пайдалы болуға тырыстым және тырыса берем. Ал қоғамға қай жағынан болсын шынайы қауіп төндіретіндер – маған нақақтан жала жауып, жалған куәлік бергендер».

Жаза кесілген бұрынғы вице-министрдің адвокаты сот үкіміне қарсы шағым берілетінін айтты.

САБДАЛИННІҢ ІСІ – ПРЕЦЕДЕНТ...

Сот процесін бастан-аяқ бақылаған «Свобода слова» басылымының журналисі Валерий Сургановтың пікірінше, аса ірі көлемде пара бермек болған мемлекеттік шенеунік үшін – 10 жыл көп емес.

- Судья өте дұрыс шешім шығарды. Бұл – прецедент! Бұған дейін осы сияқты пара беру немесе алу фактісі дәлелденіп, шенеунікке жаза тағайыналғаны менің есімде жоқ, - дейді журналист.

Оның пікірінше, жақында ғана аяқталған Жәкішевтің ісіне қарағанда Сабдалиннің ісі «обьективті» өткен.

Дәл осы "Свобода слова" газетінің Абылай Сабдалиннің сотына ерекше шүйліккенін айта кету керек. Газет бұған дейін Сабдалин бізге Храпуновтың кесірінен жапа шегіп жатырмын деген мазмұнды хат жолдады деп мәлімдеп, кейін айыпталушының мұндай хат жазбағаны белгілі болған.

КҮМӘНДІ ІС ...

Саясаттанушы Әміржан Қосанов, бұрынғы вице –министр Сабдалиннің айыпты екендігіне күмән келтіреді. «Сабдалиннің тағдыры – қазіргі таңда орта дәрежеде қызмет етіп жүрген көптеген шенеунікке тән» дейді саясаттанушы.

Абылай Сабдалин Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр кезінде
- Өйткені оған таңылып отырған қыруар ақшаға қатысты іс бірінші басшысыз және оның жоғарыда отырған басшыларынсыз шешілмейді. Мен өзім кезінде министрдің орынбасары болып жұмыс істегенмін. Абылай кәнілі деп ойламаймын, өйткені бізде «баяғы жартас- сол жартас», нағыз жемқорлыққа салынған бас тұлғалардан гөрі көбінесе екінші деңгейдегі шенеуніктерді жазалаумен айналысып жатыр, - дейді Қосанов.

Сабдалиннің ісі бойынша куәгер ретінде сөз сөйлеген Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Сабдалинның мемлекетке ешқандай зиян емес, керісінше пайда әкелгендігін айтқан еді. Оның сөзінше, Сабдалин - жауапкершілігін жақсы сезінетін басшы.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігінде екі миллиард теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған Есеп комитетінің қорытындысы бойынша мекемені тексеруге келген қаржы полициясының қызметкеріне Абылай Сабдалин қарамағындағы қызметкер арқылы «аса ірі» (30 мың АҚШ доллары) көлемде пара бермек болған.

Ал Сабдалин жұмыс істеген Төтенше жағдайлар министрлігі болса, соттың бұл шешіміне қатысты ешқандай ақпарат бермейтіндігін айтты.

Жас Алаш» газетіндегі талантты жас журналистердің бірі болып еңбек жолын бастаған Абылай Сабдалин кейіннен Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметінде жұмыс істеді.

2000 жылдан бастап Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың көмекшісі болды. Кейін Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысқан кезде, Абылай Сабдалин Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды.

Ол 2007 жылдан бастап төтенше жағдайлар вице-министрі болып қызмет етіп келген еді.
XS
SM
MD
LG