Accessibility links

Құдіретіңнен айналайын, ресми тіл!!!




Қазандағы сорпадай бүлк-бүлк қайнаған Алматы. Бір-біріне мінгесе жылжыған сансыз көлік. Адамдарды қаттап тұрып салып алған автобус.

– Үлкендерге орын берсеңдерші, – дейді біреулер. Ешкім мыңқ демейді.

– Ойбай, аяғым. Көзіңе қарамайсың ба?

– Жинап тұр аяғыңды.

– Сіз маған жатып алдыңыз ғой...

– Ұнамаса таксимен жүр. «Жатып алдың» дейді ғой...

Біреуі күңкілдеп, біреуі зіркілдеп, енді біреуі қоғамға (әлде өзіне!) іштей кіжініп, автобустың іші сіріңкеге сықай толған қорапқа ұқсап келе жатқанда бір дауыс:

– Можно, я сяду, – деп қалды.

Сол сол-ақ екен, түрегеп тұрғандар жапырыла ысырылып, отырғандар орнын шапшаң босатып, әлгі әсем дауыстың иесіне бар мейірімдерін төге үлкен құрметпен қарады...

Бірінен «Өтіп кетейінші» деп рұқсат сұрап, біріне бар білген боқтығын жұмсап, көлік-көліктің арасымен табандап жылжып келе жатқан жүргізуші уақыт ұтқысы келді ме, саңылау-саңылауды қуалап, аялдамаға тоқтамай өте шықты.

– Тоқтасаңшы!!!

– Ей, қайда өтіп кеттің?

– Денің сау ма өзіңнің?

– Көріп тұрсыңдар ғой, өлем бе енді. Келесі аялдамадан түсесіңдер!

Жүргізуші мен жолаушылар бітіспес дау бастап, ол шарықтау шегіне жетіп, екі жақ бірін-бірі көрместей, автобус енді ешқашан тоқтамастай болған кезде:

– «Останови!» я говорю! Сколько можно?! – деп қалды бір қатаң дауыс.

Қоғамдық көліктің қиқ-шиқ, пуһ-пыш еткен жан дауысы шығып, оған жапырыла құлағанда бірін-бірі басып қалған жұрттың ыңырсыған, ойбайлаған, жеті атадан сыбай тартқан үндері қосылып, бір-ақ сәтте айнала азан-қазан боп кетті. Жолдың дәл ортасына тоқтап, тынысты қысқан сансыз көліктің айғай-аттанына пысқырып та қарамаған жүргізуші күллі жұртты шулатып есігін ашты...

Құдіретіңнен айналайын, ресми тіл!!!

kanagat.07@mail.ru
XS
SM
MD
LG