Accessibility links

"Бота" қоры қозғала бастады, "Қазақгейт" ісінде де ілгерілеу бар


«Бота» қоғамдық қоры тұрмысы нашар отбасылардағы балалар мен жастардың жағдайын жақсартуға үш миллион АҚШ долларын бөліп отыр. Мамырдың 11-і қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант байқауы басталды. Ал аз ғана бөлігі «Ботаның» есеп-шотына түскен күмәнді қаржыға қатысты «Қазақгейт» ісі әлі жалғасып жатыр.


ЕН БАЙЛЫҚТЫҢ ШЕТІ ҒАНА ҚЫЛТИЯДЫ

2008 жылы құрылған Қазақстандық «БОТА» қорының әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасы аясындағы гранттық байқаудың бұл - екінші кезеңі.

Алдыңғы жылы балаларды қорғау бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру үшін 1,1 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінген болатын. 2010 жылы бұл сома үш миллион АҚШ долларына дейін өсті.

Қордың әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасының маманы Хайдар Уәлидің айтуынша, гранттық байқауға Қазақстанда ресми тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады.
Қазақстанның Мүгедек әйелдер қоғамы пикетке шықты. 27 тамыз 2008 ж.

Бұдан бөлек, гранттық байқаудан өзге Қызылорда және Ақмола облысындағы әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардағы екі жарым мыңға жуық бала келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы арқылы қаржылай көмек алса, білім гранты бағдарламасының 87 стипендиаты Қазақстанның оқу мекемелерінде білім алып жатыр.

Қордың алғашқы грантын жеңіп алған 60-қа жуық үкіметтік емес ұйымдардың қатарында Алматылық «Эльдани» қайырымдылық қоры бар. Қаладағы туғанынан сал ауыру мен эпилепсияға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерді оқытатын қордың төрағасы Алма Бекпан, «Бота» қоры грант беруде әділ әрі жауапты іріктеу өткізгендігін айтады.

- Әлеуметтік жәрдемге мұқтаж топтарға қатысты жарияланған байқауларда көбіне, осы ортамен ешқашан жұмыс істеп көрмеген ұйымдар жеңіске жетіп, грант алып жатады. Олар бұл ортаның мәселелері мен жағдайын біле бермейді. Соған қарамастан мемлекеттің ақшасын алады. Ал «Бота» өз грантын үлестіру барысында әр ұйымды өте мұқият тексеріп, егжей-тегжей зерттеген еді. Сондықтан көптеген жолдан қосылған ұйымдар байқауға қатыспақ түгіл өз өтінішін берген де жоқ, - дейді Алма Бекпан.

«БОТАНЫҢ» АРТЫНДА ТҰРҒАН «АТАНДАР»

«Бота» қоғамдық қорының қаржысы - кезінде «Қазақгейт» ісіне байланысты Швейцария банктерінде тұтылып қалған шыққан тегі күмәнді 84 миллион АҚШ доллары.

1991 жылы Қазақстанға бұрынғы Совет Одағының саяси элитасына танымал американ бизнесмені Джеймс Гиффен келіп, көп ұзамай президент Назарбаевтың жақын адамына айналды. Біраз уақыт өте Гиффен Қазақстанның мұнай саласымен байланысты стратегиялық істерге зор ықпал жасайтын адамға айналды.

2003 жылдың көктемінде Джеймс Гиффен мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы «достық» қарым-қатынасы АҚШ-тың құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Джеймс Гиффен тұтқындалып, оған Қазақстандағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға пара берді деген айып тағылды. Айта кету керек, сот материалдарында ол лауазымды тұлғалардың аты-жөні аталмай – KO-1 және KO-2 –деп шартты атау берілген. Дегенмен, ол істе кімнің кім екендігі анық дейді тәуелсіз журналист Сергей Дуванов
Алма Бекпан: "Бота" қоры грант беруде әділ әрі жауапты іріктеу өткізді".

- Бұл істегі айтылған қомақты қаржы Назарбаевтың шотына салынғандығы белгілі. Ол туралы сотта да айтылды. Гиффенге қатысты қандай шешім шығатыны немесе оған жаза ретінде қанша жыл кесілетіні маңызды емес. Мәселе – Қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың ендігі әрекеті. Франция президенті немесе Ұлыбритания королевасы сияқты – ар-ұятты адамдар бұл жағдайдан кейін өзін-өзі атып тастауға дейін баруы мүмкін. Ал бізде – екіжүзділер мен өтірікшілердің, ұры-қарылардың елінде – бюджеттен бірнеше ондаған миллион жеу қалыпты жағдай. Осы тұрғыдан алғанда бұл азаматтардың ар-ұятына қатысты ешқандай пробелема жоқ, - дейді Сергей Дуванов.

«Қазақгейт» ісі бойынша сот процесі кейінге қалдырылып, бірнеше мәрте қайта жалғасты. Сәуірдің 13-і күні өткен сотқа 69 жасар Джеймс Гиффеннің өзі алғашқы рет қатысты. Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына пара берді деген американдық кәсіпкерге қатысты ендігі сот отырысы маусым айында өтеді деп жоспарланды.

Қазақстандағы билік орындары болса, «Қазақгейт» – Құрама Штаттардың ішкі ісі, Гиффен деп аталатын Америка азаматының жеке басының ғана проблемасы» деп айтудан танбай келеді.
XS
SM
MD
LG