Accessibility links

Қазақ батыры Мәжит Жүнісовтің өміріндегі «ақтаңдақ тұстар» әлі де көп


Совет Одағының батыры Мәжит Жүнісовтің басына орнатылған ескерткіш. Прага, 9 мамыр, 2009 жыл.

Совет Одағының батыры Мәжит Жүнісовтің басына орнатылған ескерткіш. Прага, 9 мамыр, 2009 жыл.

Осыдан бес жыл бұрын Прагада Совет Одағының батыры Мәжит Жүнісовтың зираты табылған болатын. Жастайынан жетім қалған қазақ батыры өмірінің көптеген тұстары оның туысқандарына да беймәлім боп қалды.


ҚАЛМҰҚАН ИСАБАЙДЫҢ БАСТАМАСЫ


2005 жылдың сәуірінде «Жас Алаш» газетінде белгілі қазақ жазушысы Қалмұқан Исабайдың «Қазақ қазақты неге іздемейді?» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақаласында автор Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген еуропалық қалаларды азат етуге қатысып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерін отандастары ұмытқанын жазады.

Қалмұқан Исабай алдымен өзінің майдандасы Мәжит Жүнісовті тауып алғысы келген. Ақсақал жазушы мақаласында Мәжит Жүнісовтің зиратын іздестіруді ұйымдастырмақ болғанын жазады. Алайда, мемлекет тарапынан бұған қолдау көрсетілмеген түрі бар.

Ресейдегі Қазақстан елшілігі 2008 жылы шығарған
«Казахи в России» деген кітаптағы Мәжит Жүнісов туралы мәлімет.
Мәжит Жүнісов Екінші Украина майданындағы 57-армияның 303-атқыштар дивизиясының құрамында Украина, Молдавия мен Чехословакияны азат етуге қатысты. 1943 жылы Днепр өзенінен өткен кезде көрсеткен ержүрек батырлығы үшін Мәжит Жүнісов батыр атағына лайық деп танылды. Жас қазақ жауынгері жеңіс күні – 1945 жылдың 9 мамырында Чехословакия астанасы Прага үшін болған қанды қырғында қаза тапты.

Қалмұқан Исабайдың бұл мақаласы «Азаттық» радиосының Прага қаласындағы орталық редакциясы қызметкерлері Ержан Қарабек пен Әбдіғани Жиенбайдың елеусіз қалған қазақ батыры Мәжит Жүнісовтің сүйегін іздеулеріне түрткі болады. 2005 жылдың бірінші мамырында батырдың бейіті чех астанасының қақ ортасында орналасқан Ольшанка қорымынан табылады.

«Азаттық» радиосының бұл ісі Қазақстанға ерекше әсер етті. «Жас Алаш» газеті бұл туралы 5 мамыр күні үлкен мақала жариялады. Ал Қазақ радиосы осы оқиғаға орай тікелей эфирден жарты сағаттық арнайы хабарды таратты. «Ас-Тв» телекомпаниясы да арнайы хабар дайындап, көрермендерден сүйінші сұрады. Биыл 9 мамырда «Қазақстан» телекомпаниясы Мәжит Жүнісов туралы деректі хабар көрсетті, онда батырдың Прагадағы зиратының табылғаны да айтылды.

«САСПАҢЫЗ, АҒА, ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАЙМЫЗ!»

2009 жылы «Казахстанская правда» газетінде 303-атқыштар дивизиясының командирі Қадырпатша Боқажановтың естелігі жарық көрді. Бұл дивизияның құрамында Мәжит Жүнісов болған. Қ.Боқажанов аға сержант Мәжит Жүнісовті ержүрек әрі өжет жауынгер ретінде сипаттайды. Қадырпатша Боқажанов өз естелігінде былай дейді:

«...1943 жылы қыркүйектің аяғында менің қарауымдағы пулемет ротасына аса жауапты әрі маңызы зор тапсырма берілді. Днепр өзенінің арғы бетіне алғашқылардың бірі болып өтіп, батыс жағалаудан плацдарм алып, біздің әскерлердің шабуылына көмектесу тапсырылды.

Рота орналасқан жерге келген соң взвод пен бөлімше командирлерінің басын қосып, алда тұрған қатерлі істі қалай атқаратынымызды ақылдасып, еріктілерді іріктеп, жинамақ болдық. Сол кезде тапсырманы түсіндіріп бола бергенімде оралдық жауынгер, бөлімше командирі, аға сержант Мәжит Жүнісов бұл іске дайын екендігін бірінші болып білдірді. Сарбаздары осы операцияға тас-түйін дайын екендігін жеткізді. Осыны айтып болған соң, маған қазақшалап былай деді:

- Саспаңыз, аға, тапсырманы орындаймыз!»

АРУАҚҚА ҚҰРМЕТ

Мәжит Жүнісовтың бауыры Тұрарбек Жүнісов Жеңістің 65 жылдығына орай ағасының қабіріне барып қайтты. Ол Прагада даңқты атасының зираты басында өткен рәсімге де қатысты.

Тұрарбек Жүнісов Прагаға Жаңақазан ауылынан бір уыс топырақ ала барыпты. Жаңақазан – Мәжит Жүнісовтің туған жері.

- Бұл күнге де аман жеттік-ау! Қуанып тұрмын. Туған бауырымның басына бардым. Жатқан жеріне еліміздің бір уыс топырағын да ала бардым. Осы сапарды
Қазақ батыры Мәжит Жүнісовтің туысы Тұрарбек Жүнісов. Прага, 10 мамыр 2010 жыл.
ұйымдастырып, қол ұшын бергені үшін Чехиядағы Қазақстан елшілігіне алғысымды айтамын, - дейді Азаттық радиосына берген сұхбатында Тұрарбек Жүнісов.

Тұрарбек – Мәжит батырдың ең кіші інісі Оразғали Жүнісовтің баласы. Тұрарбектің айтуынша, Мәжит ағамыздың 3 бауыры, 2 әпкесі болыпты. Кішкентай кезінде ата-анасынан көз жазып қалған Мәжит Айтқали және Ғаббас есімді бауырларымен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. Ал кенже інісі Оразғалиды үлкен әпкесі бауырына басқан екен.

1941 жылы Мәжит, Айтқали және Ғаббас үшеуін майданға шақырады. Осы кезде Ғаббас бас құрап үлгерген болатын.

- Мәжит қаза тапты. Ғаббас немістерге тұтқынға түсті. Ал Айтқали хабар-ошарсыз кетті. Оны өз бетіммен іздеп көріп ем, бұл әрекетімнен еш нәтиже шықпады. Біздің әулетті Ғаббас пен менің әкем Оразғалидың ұрпақтары жалғастырды. Өкінішке қарай, Мәжит пен Айтқали шаңырақ көтеріп, бала сүйе алмай кетті, - дейді Тұрарбек Жүнісов.
Тұрарбек Жүнісов пен соғыс ардагері Қаматай Тоқабаев кеңес әскерлері зиратына гүл қойды. Прага, 9 мамыр 2010 жыл.

Тұрарбек Жүнісовтің сөзінше, ағасы Ғаббас соғыс біткен соң неміс тұтқынынан құтылған. Бірақ үйге келген соң репрессияға ұшырап, қайтадан қудаланады. 10 жыл бойы айдауда жүріп, тек 1950-інші жылдары ғана ақталып, жағылған күйеден арылды.

Тұрарбек туған жері Жаңақала өңіріне келген соң барлық тумалары мен жора-жолдастарының басын қосты. Дастархан басында сапарын баяндап, өздерін фашист құрсауынан құтқарған совет жауынгерлерін Чехиялықтардың қалай құрмет тұтатынын сөз етті.

- Чехтардың совет әскерлерінің зираттарын күтіп-баптағанын көргенде таңданысымда шек болған жоқ. Бұл құрмет шынымен де сүйсінуге тұратын игі іс, - деп ағынан жарылды Тұрарбек Жүнісов.

Мәжит Жүнісовтің туған ауылы Жаңақазандағы орта мектепке батырдың есімі берілген. Сонымен қатар, Жаңақазанда қазақ батырына құрмет ретінде мүсіні де орнатылды. Ал 2006 жылы Орал қаласындағы орталық көшелердің бірі Мәжит Жүнісовтің атымен аталатын болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG