Accessibility links

Праганы азат еткен қазақ азаматы «Қызғылт танк» туралы шындықты 65 жылдан соң білді


Қызғылт түске боялған советтік танк. Чехияның Әскери-техникалық мұражайы

Қызғылт түске боялған советтік танк. Чехияның Әскери-техникалық мұражайы

Соғыс ардагері Қаматай Тоқабаев Жеңістің 65 жылдығын тойлау үшін Прагаға шақырылды. Ол осы сапарында Прагаға алғаш кірген атақты танкті де көре кетпек болды. Алайда, бұл үміті ақталмады.


МАНЕС КӨПІРІ МАҢЫНДАҒЫ ҰРЫС

1942 жылы Қаматай Тоқабаевты әскерге алып кеткенде ол небары 18 жаста болатын. Жаңадан шақырылған сарбаздардан құралған дивизияны бірден Сталинградтағы алапат ұрысқа салды. Бұл кезде совет әскерлері Сталинградта қоршауға түскен Паулюс басқарған неміс армиясын соққыға алып жатқан. Қаматай Тоқабаев 1945 жылдың мамырын Берлинде қарсы алды. Бұл жерден оларды жеделдетіп Прагаға жіберді.

Соғыстың бітуіне аз ғана қалғанда немістің әскери басшылығы Праганы екінші Берлинге айналдырмақ болғандығы белгілі. Алайда, 1945 жылдың 5 мамырында көтеріліске шыққан чех патриоттары немістердің бұл ойларын іске асырмай тастады. Гитлер генералдары жоспарының іске аспай қалуына соңғы сәтте мылтықтарын бұрынғы қожайындары - немістерге қарай кезеген Власов армиясы да үлес қосты деген нұсқаны бұрынғы советтік республикаларда айта бермейді. Бірақ соңғы соғыстағы негізгі ауыртпалық совет әскерлерінің иығына түсті.

Гвардия сержанты Қаматай Тоқабаев басқаратын бөлімшеге Влтава өзені арқылы өтетін көпірлердің бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған еді. Еуропадағы соғыстың соңғы күнінде, 1945 жылдың 5 мамырында, осы жерде лейтенант Иван Гончаренко опат болды. Көп ұзамай оның аты Чехословакияны фашизмнен азат етудің
Лейтенант Иван Гончаренко мінген танк Прагада,
1945 жылғы 9 мамырдағы ұрыстан соң.
www.zanikleobce.cz сайтынан алынған сурет
символына айналды. Қаматай Тоқабаев өзінің атақты қаруласын мақтан ететін. Жеңістен бері 65 жыл бойы Прагаға барып, Гончаренко қаза болған жердегі танкке қойылған ескерткішті көргісі келетін.

Лейтенант Гончаренко басқаратын танк Манес көпірінен бірінші болып келгенімен, неміс зеңбірегінің оғы маңдайдан тура тиді. 1945 жылдың жаз айында лейтенант Гончаренконың танкі Праганың орталығында тұғырға қойылды деп хабарланған болатын. Ескерткіштің ашылуына, тіпті, атақты совет маршалы Иван Конев те қатысқан. Осы жағдайға байланысты ресми аңыздар чехословакиялық киноларда, кітаптарда, советтік майдангерлердің естеліктерінде кеңінен әңгімеленген. Мысалы, 1950 жылы чех жазушысы «Оралдық жігіттің жүрегі туралы» деп аталатын балаларға арналған әңгімесін жариялаған.

Бізбен әңгімелескен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қаматай Тоқабаев қаруластары туралы естеліктерден құралған, Гончаренконың ерлігі сипатталатын «Стальным тараном» атты кітап жайында мақтанышпен айтты. Экипаждың өзге мүшелері аман қалып, марапат пен құрметке ие болды. 1950 жылдары Чехословакияға келген бір сапарларында оларға «Прага қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Бірақ олар да, осы оқиғаға қатысы бар өзге адамдар да сол уақыттан бері бұл тұғырда мүлдем өзге танктің тұрғандығы жайында жақ ашқан емес.

АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

Қаматай Тоқабаев Жеңістің 65 жылдығын тойлауға арналған салтанатқа Прагаға шақырылды. Бұл сапарда оның қасында Қазақстан қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Мұрат Рахымжанов еріп жүрді. Дәрігер-кардиолог Бақыткүл Жанқұлиева да сонау Астанадан бері соғыс ардагерінің қасында бірге болды. Айтпақшы, Қазақстан Мәскеудегі Жеңіс шеруіне барған ардагерлерге бір топ дәрігерлерді де қосып жіберді.

Қаматай Тоқабаев Прагадағы сапарының соңғы күні, ресми шаралардың барлығы біткен соң лейтенант Гончаренконың атақты танкін көргісі келетінін айтты. Бірақ бұл танк Прагада көптен бері жоқ болып шықты. Совет кезеңінің ескерткішін әлдеқашан бұзып тастаған екен. Оның үстіне, ұзақ жылдар бойы тұғырда Прага шайқасына қатысы жоқ мүлдем басқа танктің тұрғаны белгілі болды. Бірақ бұл танктің өзі насихаттық мақсатта үш рет қызғылт түске боялған екен. Жылдам өрістеген саяси өзгерістерден соң советтік танк тарихтың елеусіздеу бұрышына жіберіліпті. Қазір ол Прага маңындағы Әскери-техникалық мұражайда тұр.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің полковнигі Мұрат
Рахымжанов пен соғыс ардагері Қаматай Тоқабаев совет
жауынгерлерінің басына гүл қойды. Прага, 9 мамыр 2010 жыл.


Алайда мұның бәрін қазақ ардагері Қаматай Тоқабаев білген жоқ еді. Ол Прагаға бара жатқанда ресми кездесулерден бөлек лейтенант Гончаренконың атақты танкін көруді де ойлаған болатын. Алайда лейтенант Гончаренко мен оның экипажы жайында тек Кларжов алаңындағы ескерткіш тақтадан ғана білуге болатын еді. Соғыс ардагерін сол жерге алып барды. Ардагер лейтенант Гончаренконың танкі қираған маңды, өзі тікелей қатысқан соңғы қанды шайқас орнын жанарымен үнсіз шолып тұрды. Міне, мынау Манес көпірінен танктердің атып шыққан бұрышы. Міне, мына бір ирелеңдеп жатқан жолмен неміс машиналары, танктері асығыс қашқан. Бұның барлығы осыдан 65 жыл бұрын болған. Бұл баяғыда болған, бірақ оның жадында күні кешегі оқиға сияқты сайрап жатыр.

Азаттық радиосының тілшісі танктің тарихына қатысты зерттеген деректерін ардагерге айтып бергенде, оның пікірі екіұдай болды. Әуел бастан-ақ тарихты бұрмалап, тұғырға мүлдем бөтен танкті қойып, ал газет-журналдар мен кітаптарда бұл дәл сол Гончаренконың танкі деп алдағаны Қаматай Тоқабаевқа ұнаған жоқ. Ал Чехословакиядағы коммунистік құрылыс ыдыраған соң орын алған өзгерістер, танктің мұражайға жіберілуі оның көңілін мүлдем жабырқатып тастады.

- Шынымды айтсам, біз мәселенің түбіне барған емеспіз. Бізге не айтса, соған сендік. Алайда, менің ойымша, тұғырға дәл сол қираған танктің өзін қою керек еді. Сонда бұл нағыз ескерткіш болар еді. Гончаренко мінген сол танктің өзін қою керек еді. Мінеки, танк жанып кеткен, ол осы танкте опат болды. Бұл өте лайықты болар еді, - дейді Қаматай Тоқабаев.

Бірақ біз ардагер ақсақалға танкке қатысты кейінгі оқиғаларды, оның қызғылт түске боялғанын айтпадық. Ардагер қарияның қасында еріп жүрген кардиолог-дәрігердің жұмысын көбейткіміз келмеді. Бірақ 85 жасқа келсе де, қария тың көрінді. Ол кісі өзі қызмет еткен бөлімдер мен құрамалардың нөмірлерін, қарулас жолдастарының телефондарын жатқа айтып отырды.

Қаматай Тоқабаев әскерден 1947 жылы босаған. Одан соң ол әдеттегідей еңбекке араласып, түрлі марапат, мақтауларға ие болған. Жарты ғасырдан астам теміржолда еңбек еткен. Өзі туып-өскен Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылындағы теміржол стансасында жұмыс істеп, станса бастығы қызметіне дейін көтерілген. 1984 жылы зейнет демалысына шықты. Төрт қыз тәрбиелеп өсірді. «Алты немерем, екі шөберем бар» дейді соғысты Прагада аяқтаған ақсақал мақтанышпен.

Прага қаласы арада 65 жыл өткен соң өзін азат еткен қазақ ардагерін советтік кезеңдегі насихаттық аңыздың күйреуімен қарсы алды.

ҚАРА ТАНКТІ ҚЫЗҒЫЛТ ТҮСКЕ БОЯДЫ

Советтік кезеңде Прагадағы тұрған 23 нөмірлі танкті «Смихов танкі» деп атайтын. Өйткені ол Смихов кварталындағы алаңда тұрған. Бұл алаң 1951 жылдан 1990 жылға дейін Совет танкішілерінің алаңы деп аталған. 1950 жылдары тұғырда тұрған танкке ұлттық мәдени ескерткіш мәртебесі берілді.

Алайда, 1989 жылы Еуропада темір шымылдық құлап, советтік тоталитаризмнен азат болу кезеңі басталды. 1991 жылғы сәуір айының бір күні таңертең қызғылт түске
Лейтенант Иван Гончаренко мінген танк Прагада,
1945 жылғы 9 мамырдағы ұрыстан соң.
www.zanikleobce.cz сайтынан алынған сурет
боялған советтік танкті көрген прагалықтар шалқаларынан түсе жаздады. Бұның бәрін «бүлдіріп» жүрген сол кездегі студент Давид Черный мен оның достары болатын. Давид Черный кейінірек Праганың телемұнарасындағы балалар мүсіндерінің ауторы ретінде елге танылды. Ондағы Давид жасаған балалар мүсіні ағаштың діңінде жорғалап жүрген құмырсқаларды еске салады. Давид Черныйды қарама-қайшылыққа толы суретші деп те атайды. Өйткені ол чех мемлекетінің негізін салушы князь Вацлавтың басты ескерткішіне пародия салды. Давид Черный атты шалқасынан жатқызып, Вацлавты аттың қарнына мінгізіп қойған.

Давид Черныйдың шығармашылығын түсіну үшін, мүмкін, оны қазақтың авангардшы-суретшісі Қанат Ибрагимовтың жария қарсылық шараларымен салыстырып қарау керек шығар. Олардың екеуінің де саясатқа ілік-шатыстары бар. Екеуі де әлдебір қоғамдық оқиғаларға пародия жасау арқылы жұрт назарын аудартқысы келеді. Қанат Ибрагимовтың балықтың басын шабуы немесе көшеде ішкиімін шешкен перформанстары 1905 жылғы орыс студенттерінің қылықтарын еске түсіреді. Ал Давид Черный өз шығармашылығын тоталитаризмді сынау деңгейіне дейін көтерді.

Сонымен, Чехословакияда коммунистік режим құлаған соң ондаған жылдар бойы тұғырда Прагаға алғаш кірген емес, өзге танктің тұрғандығын аңғарады. Егер Гончаренконың мінгені атақты Т-34 танкісі болса, тұғырда ИС-2 танкі тұрған. Оның үстіне бұл танктің Прага шайқасына ешқандай қатысы болмаған. Бұған қоса, Гончаренко танкісінің нөмірі 24 болса, тұғырда 23 нөмірлі танк тұрған. Чех тарихшыларының болжамы бойынша, танктің ауысып кетуіне советтік әскербасылардың өздері кінәлі көрінеді. Танк армиясының қолбасшысы генерал Лелющенко: «Чехтарға мынадай сау тамтығы қалмаған танкті бермейміз ғой» десе керек. Алайда тағы бір чех зерттеушілері лейтенант Гончаренконың танкі соншалықты жөндеуге келмейтіндей жағдайда болған жоқ еді дейді.

Советтік танкті тұғырда қалдыруға болмайды деген әңгіме жүріп жатқан уақытта, 1991 жылдың сәуір айында Давид Черный бір түннің ішінде танкті қызғылт түске бояп шықты. Ол өзге бір оқиғаға байланысты, 1968 жылы Чехословакияға совет танктерінің басып кіруіне қатысты қарсылығын осылайша білдірді. «Мен бұл танкті орыс
Прагадағы совет танкистеріне орнатылған ескерткіш.
www.zanikleobce.cz сайтынан алынған сурет
диктатурасының символы ретінде қабылдаймын. Өзім де сол кезеңде дүниеге келдім. Мен бұл танкті азаттықтың, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының символы ретінде қабылдай алмаймын», - деп түсіндірді сол кезде Давид Черный өзінің әрекетін жергілікті баспасөзге.

Бұл оқиға айғай-шуға себепкер болды. Баспасөзде пікірталастар басталды. Совет үкіметінен қарсылық нотасы түсті. Давид Черный бірнеше күнге түрмеге жабылды. Үш күннің ішінде танкті қайтадан жасыл түске бояған билік дау-дамайды осылай баспақ болды.

Алайда, арада он күн өткен соң, сол 1991 жылғы көктемде танк екінші рет қызғылт түске боялып тұрды. Бұл жолы танкті қызғылт түске бояғандар – Чехословакия парламентінің 15 депутаты болатын. Олар өздерінің депутаттық иммунитетін пайдаланды. Президент Вацлав Гавел депутаттардың бұл әрекетін сынға алды. Осы маңайға жиналған жұрт жерге төселген тастарды жинап, одан генерал Власовқа шартты ескерткіш тұрғызды. 1945 жылдың 5-8 мамыры аралығында Праганы азат еткен Власовтың армиясы деген де әңгіме бар.

Чехословакияда тоталитаризмнің аңыздары мен символдары оңай қирады. 1991 жылдың 13 маусымында үлкен кран келіп советтік танкті тұғырдан түсірді.

Совет танкішілеріне қойылған ескерткішті қызғылт түске
бояп тастады. Прага, 28 сәуір 1991 жыл.
www.zanikleobce.cz сайтынан алынған сурет
Ескерткіш-танк біраз уақыт әлдебір мұражайда тұрып, содан соң Праганың маңайындағы Әскери-техникалық мұражайдың ауласына жіберілді. Ол қазір де сол жерде тұр. 1991 жылы танкті қызғылт түске асығыс бояғандықтан, қызғылт бояулары тез кетіп қалатын. Осыған қарамастан чехтар оны «қызғылт танк» деп атап кетті. Сөйтіп, 2000 жылы мұражайда тұрған танкті қайтып өшпейтіндей етіп, қызғылт түске жақсылап тұрып бояды.

2002 жылдың маусым айында Прагадағы бұрын танк ескерткіші тұрған жерде субұрқақ ашылды.

«ҚЫЗҒЫЛТ ТАНК» ҚАЙТА ОРАЛАДЫ!

Алайда, аты аңызға айналған советтік танк тарихтың елеусіз бұрышында қалса да кейбір чех белсенділеріне мүсінші Давид Черныйға тыным берер емес. «Қызғылт танк» соңғы жылдары кемінде үш мәрте түрлі айғай-шуға себепкер болды. Студенттік шағында өз тақырыбын, өнердегі қолтаңбасын сәтті тапқан Давид Черный «Қызғылт танк» тақырыбынан тағы бірнеше мәрте пайда тапты.

2001 жылы Давид Черный «Қызғылт танк» тақырыбына арналған шығармасымен көпшілікті тағы бір рет елең еткізді. Ол провинциялық Лазне Бохданец қаласының аумағына танктің артқы бөлігінің макетін әкеліп қойды. Сырттай
Советтік танк ескерткіші тақырыбындағы туынды.
Прага, 21 тамыз 2008 жыл.
қарағанда танк жерге кіріп бара жатқан сияқты көрінеді. Содан соң ешкімнің рұқсатынсыз бұл ескерткішті Праганың орталығындағы алаңға апарып қойды. Жергілікті әкімшілік мұндай еркінсушілікке қарсы шығып, көп ұзамай ескерткішті алып тастайды. Қарсылық тағы да сонау жоғары жақтан түсті. Чехия премьер-министрі Милош Земан мен Ресейдің Чехиядағы елшісі Василий Яковлев наразылықтарын білдірді.

2008 жылдың тамыз айында, совет әскерлерін Чехословакияға енгізудің 40 жылдығына орай Давид Черный танкті, нақтылай айтқанда оның символикалық бір бөлігін Праганың орталығына қайтып алып келді. Осылайша ол қазіргі Ресейдің сыртқы саясатының агрессияшыл екендігін жұртшылықтың тағы бір рет есіне салды. Жергілікті баспасөздің жазуынша, «Қызғылт танктің» артқы бөлігінің макетінің өзі төрт тоннадай салмақ тартады екен. Оны орнату үшін де көтергіш кран қажет болған, ал қаржыны демеушілер берген.

Осы жерде айта кететін бір мәселе, Давид Черныйдың бұл әрекеттері чех қоғамында түрлі пікірлер тудыруда. Айталық, Прага қалалық кеңесінің өкілі, Коммунистік партия атынан депутат болып сайланған Франтишек Хоффман «ардагерлердің жергілікті ұйымдары советтік танкті орнына қайта қоюды сұрап жатыр» деді. Франтишек Хоффман Давид Черныйдың советтік танктерді қайта бояп жүрген шараларын қабылдамайтындығын айтады.

KRÁVA CÍSLO 23

Лейтенант Гончаренконың аты аңызға айналған танкіне қатысты тағы бір оқиға 2004 жылдың жазында болды. Ол кезде Прагада CowParade – «Сиырлар шеруі» атты мәдени шара өткізілген болатын. Қаланың орталығына сиыр мен өгіздің пластиктен жасалған айна-қатесіз көшірмелері қойылды. Мұндай шаралар Еуропаның өзге елдерінің астаналарында да өткізілді. Прагаға 220 экспонат жеткізіліп, олардың көпшілігі кейін аукцион арқылы сатылды.

Ұйымдастырушылар осы сиырлар арқылы Чехияның жекелеген тарихына шолу жасай кетуді де ұмытқан жоқ. Мысалы, «Космонавтика» атты сиыр мүсіні болды. Бір өгізге «Карел Готт» деген ат берді. Ол өгіздің мүсініне чех эстрадасының осы бір аты аңызға айналған жұлдызы туралы мақалалар жарияланған газет қиындылары жапсырылды.
Сиыр мүсіні советтік танкке қойылған ескерткішті әжуалайды.
Прага, 2004 жылдың жазы.


«Ромео» атты сиырды бір кездері совет танкі орнатылған Кинских алаңына қойды. Давид Черныйдың әуеніне салып, сиырды қызғылт түске де боямақшы болған. Ақырында жасыл түске бояған. Сиырдың бүйіріне қызыл жұлдыз салып, 23 деген санды жазып қойған. Тұғырда тұрған советтік танктің нөмірі осындай болатын.

Шараны ұйымдастырушылардың өкілі Мартин Рацман бұл сиыр арқылы ұрыстарда қаза болған 114 мың совет сарбаздарының жарқын бейнесін қаралау мақсат болған жоқ дейді. Оның айтуынша, бұл сиырдың мүсінін әзіл ретінде қоя отырып, прагалықтарды езу тартқызбақ болған көрінеді.

Дәл осы «Сиырлар шеруі» шарасының түпкі мақсаты осы мүсіндерді аукционда сата отырып, қаржыны қайырымдылық мақсатына жұмсау болатын. Алайда осынау игі істердің жүзеге асуына есерлердің бассыздық әрекеттері қырсығын тигізді. Бұзақылар көптеген «сиырларды» таспен, сыра шөлмегімен ұрып, сындырып тастады. 23 нөмірлі танк-сиырдың да жағдайы мәз болмады. 2004 жылы оның бүйірін үлкендеу болып ойылып қалған-ды. Сиыр-танкті қиратқан үш студенттің аты белгілі болды. Тағы да айғай-шу, тағы да саяси жанжал.

Бірақ чех парламентінің депутаттары Ян Младек пен Йиржи Долейш сиыр-танктің мүсінін қырық алты жарым мың кронға сатып алып, жағдайды түзеді. Ол кезде бұл екі мың доллардан аса қаржы болатын. «Осылайша қаза болған батырлардың жарқын бейнесін одан ары келекелеуге жол бергіміз келмеді. Бұл мүсінді жеке адамдар ретінде сатып алдық», - деді Йиржи Долейш.

Бұл сиыр-танк қайтадан жөнделіп, кәдуілгі чех сиыры бейнесінде Оңтүстік Чехияға қойылады деп хабарланды. Парламенттің осы екі депутаты мен «Сиырлар шеруі» шарасының ұйымдастырушылары пластиктен жасалған сиырдың бүйірін тескен үш студентке ешқандай материалдық талап қойған жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG