Accessibility links

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың айыбы жеңілдеп, қамаудан босатылды


Жомарт Ертаев, бұрынғы банкир. Алматы, 8 шілде 2009 жыл.

Жомарт Ертаев, бұрынғы банкир. Алматы, 8 шілде 2009 жыл.

Осыдан тоғыз ай бұрын қамауға алынған «Альянс» және «Еуразиялық» банктерінің бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаевтың бостандыққа шыққандығы жайлы біздің радиомызға оның адвокаты Тагир Сейсенбаев хабарлады. Адвокаттың айтуынша, Ертаевқа қатысты тағылған айып бұрынғыға қарағанда жеңілдеген сыңайлы.

«ҚАЗІРГІ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫҢ ДА НЕГІЗІ ЖОҚ»

- Ол мұның алдында «мемлекет мүлкін ұрлау» деген бап бойынша айыпталса, ендігі айыбы «бухгалтерлік есіп қисап заңдылығын бұзу» деп өзгертілді. Мұның, әрине, жарасы жеңіл. Біз ол алдымен куәгер ретінде, кейін айыпталушы ретінде тергелгеннен бастап 9 ай бойы оның қаржы ұрлауға пиғылы болмағанын дәлелдеуге тырыстық. Біз өз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Ол тек банкілік операциялар жасалатын қағазға қол қойған. Қателіктер болған, бірақ ол үшін Қылмыстық Кодекстің баптарымен айыпталмау керек. Біз қазіргі тағылған айыптың да негізі жоқ екендігін дәлелдемекпіз, - дейді адвокат Тагир Сейсенбаев.

Бұл жағдайда айыпты деп танылған күннің өзінде Жомарт Ертаевқа айыппұл салынады, әрі дегенде 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, оған «Альянс» банкке басшылық етіп кеткеннен кейін 2 жылдан соң осы банктен 1 млрд доллардан астам қаржы жымқырды деген айып тағылған болатын. Жомарт Ертаев сол кезде офшорлық компанияға 917,38 млн долларлық кредитті кепілдендіріп, оның пайызы 1,1 млрд долларға жетіп, соңынан осы қаржыны банк есебінен босатып алды делінген болатын. Енді тергеу орындары аталған айыптаулардан бас тартып отыр. Ендігіде, Жомарт Ертаевтың қаржы жымқыруға қатысы жоқ болып, айыбы жеңілдеді.

«ҚАРА ТІЗІМДЕГІ ҚАСҚАЛАР»

Альянс банктің бұрынғы топ-менеджері
Марғұлан Сейсембаев.
Жомарт Ертаевпен бірге Қазақстан банк секторында үстілерінен қылмыстық іс қозғалған топ-менеджерлердің есімін ұзағынан тізіп келтіруге болады: Мұхтар Әблязов, Роман Солодченко, Марғұлан мен Ержан Сейсембаевтар, Дәурен Керейбаев, Ерік Сұлтанқұлов және тағы басқалары.

Бұлардың көбісіне Қазақстанның заң орындары халықаралық іздеу жариялады. Жалпы, істі болған топ-менеджерлердің тізімін осыдан бір жарым жыл бұрын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Жақсыбек Құлекеев бастаған-ды. Сот Құлекеевті үш жылға бас бостандығынан айырды, жазаның жартысын қамауда өтеген ол қараша айында шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Енді міне, Жомарт Ертаев та бостандықта.

ІСТІ БОЛҒАН ШЕНЕУНІКТЕР ШЕРУІ

Айта кету керек, соңғы жылдары Қазақстанда жауапқа тартылып, сотталған ірі лауазымды шенеуніктер аз емес. Өткен жылдың аяғында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцев «мемлекеттік қызметін асыра пайдаланғаны», «қызметте жалған ақпарат бергені» және «жалған құжат жасағаны» үшін айыпты деп танылып төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін, 2009 жылдың қараша айында «мемлекет қаржысын талан-таражға салған» деген айыппен қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов төрт жылға бас бостандығынан айрылып, оның орынбасарлары Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсембаев екі және үш жылға шартты мерзімге сотталған болатын. Одан өзге өткен жылы көктемде ұсталған «Қазатомпром» компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев 14 жылға бас бостандығынан айрылды. Таяуда ғана төтенше жағдай вице-министрі Абылай Сабдалин 10 жылға кесілген болатын.

Ал бүгін Қазақстан БАҚ-ы қаржы полициясына сілтеме жасап, сенбі күні ауыл шаруашылығы министрлігі агрокешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменовтың 50 мың доллар пара беріп жатқан кезінде ұсталғанын хабарлап отыр. Ол астық саудасындағы рәсуаға барғандығына орай өзінің қылмысты іске тартылатынын аңдап, қаржы полициясына пара ұсыныпты-мыс. Соған қарағанда, Серік Сүлейменов бір айыпқа екінші айып үстеп алған секілді. Бұл турасында алдағы уақытта егжей-тегжейлі хабарланатын болады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG