Accessibility links

Қоғамдық мәселелерді көтеріп, формат рұқсат еткен мөлшерге дейін елдің сөзін сөйлеуге ұмтылатын Д.Әбдіктің «Бас тақырып» деген хабары жабылыпты. Интернеттен оқыдық. Жақында «Қазақстан» телеарнасында «Көкпар» да тоқтаған болатын. Ал, соңғы бес жыл көлемінде халықтың үні мен даусын жеткізуге тырысатын бағдарламалардың тісінің кетілгені, қисапсыз жабылғаны және бар. Оның орнына қос тілді эстрада жұлдыздарын насихаттау, КВН мен күлкі театрларының «бір күлерлік» дүниесін жарнамалау, кәсіби актерлердің «асабалық» жобаларын бұлғақтату – бүгінгі қазақ телевизиялық кеңістігінің басты ұстанымына айналды. Төртінші билік атанатын журналистика кейінге ысырылып, бұқаралық мәдениеттің жаршылары телесериалдармен қолтықтасып, эфирге жантайып жатып алды.

Асылы, ұлы жобамен айтқанда, әлемдік телевизиялық кеңістік екі түрлі модельмен жұмыс істейді. Еуропалық модель – журналистикалық, танымдық, плюралистік-пікірталастық бағытты негізгі ұстын еткен. Еуропалық телевизия өз эфирін – бүгінгі күннің күйіп-жанған жаңалықтары, танымдық бағдарламалар һәм көңілашар дүниелер етіп, классикалық үш сарынды тең етіп толтырады. Ал америкалық модель – шоу, сенсация, яғни бұқаралық-коммерциялық дүниелерді маңдайына шығарады. Әрине, бұл америкалық үлгі күнделікті жаңалық пен салмақты нәрселерді ұмытып кетеді деген сөз емес. Дегенмен, америкалық киноиндустрияның 99 пайызын миллиондаған аудиторияға лайықталып түсірілетін «голливудтық» фильмдер құрайтынын, тек 1 пайызы ғана талғампаз көрерменге арналған шынайы көркемдік, авторлық фильмдер екенін ескерсек, америкалық үлгінің де жалпы бағыты түсінікті болмақ. Мәселе – оларда талғампаз дүниелерден бұқаралық мәдениеттің басым түсуінде.

Қазақстан нарығына республикалық он арнаның тарауы көптік етеді. Бір қызығы – аз телекөрермен, көп арна жағдайында тұрсақ та, бізде арналар арасындағы шығармашылық бәсекелестік дамыған жоқ. Керісінше, әр арна өз қожайынын ашық һәм жасырын насихаттап, ара-тұра белгілі бір мәселелер төңірегінде ақпараттық майдан жасасып қояды. Яғни, қожайындық мүдделер халықтық мүддеден биік. Ал тележурналистика қайда қалады?

Журналистика формальды сипатқа өткен. Формальды сараптама, формальды көпжақты пікір, формальды тәуелсіз эксперттер, формальды ток-шоу. Міне, бүгінгі біздің «төртінші биліктің» сиқы. Тіпті, ең шыншыл деген хабарлардың өзі осы төңіректен ұзап көрген емес. Бірақ сондай жылт еткеннің өзін билік көп көреді. Өйткені Қазақстанда Бір ғана билік бар. Бір ғана билікке «ыңғайсыз» сөздер айтылмас үшін, қазақ көрерменіне «сайқымазақтар серенадасы» күштеп көрсетіледі. Ал «екінші» һәм «үшінші» билік жоқ жерде «төртінші билік» қайдан болсын?

Төртінші билік, эфирде келесі кездескенше аман бол!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG