Accessibility links

Кандидаттық максимум


«...- Эх, Сізден керемет бизнесмен шығар еді! – Жарайды, бұл балағатыңызды естімеген болайын...» Треваньян, «Шибуми»




Бүгінде атақ-даңқтың көптігі соншалық, кейбір әпербақандардың кабинетінің маңдайшасынан азан шақырып қойған атын әзер айырып алып жатасың. Қабылдауға барып, «Доцент Қабылұлы», «Жеткерген Профессорыч» деуден тек табиғат берген түйсік қана сақтайды.

Бірде шағын типографияның жертөлесінде шеберлермен стақандас болдым (шайды кесемен беретін күндер алыстап бара жатқанға ұқсайды). Сондағы бір жігіттің шаққан мұңы:

«Бірде визитка жасадым. Университеттің профессорына. Берген реквизиттерінен көз көгеріп, құлақ тұнады. Аты-жөні. Қызметі. Мобиласы. Кәдімгісі. Жұмыс телефоны. Ол екіге бөлінеді: хатшысы және тікелей телефондар. Сосын, әрине – атақтары. «Ананың докторы, мынаның профессоры. Бір қоғамның мүшесі, тағы бір ұйымның бір жері». 5x8 см қағазға сыйдыра алмадым. Сыйдыра алмағанда қалай, сыйдырдым. Бірақ визиткамен бірге лупа үлестіріп жүруге тура келеді. Ақымақ басым 200 данасын шығарып тастағанмын ғой. «Қайтадан шығарасың, тым ұсақ» деп айқай шығарды. «Ең болмаса жүлделеріңізді алып тастайын» деп едім, басым бәлеге қалды. Қызық: өзі техника маманы, тіпті, ғалым, ал қаріп саны мен қағаз көлемінің қатынасын түсінбейді. «Ана орыстардыкі тым жақсы болып, барлығы сыйып тұрады осы» деп, жынымды келтірді. Ол кісі шефтің ағасы болмағанда, шын айтам, тұмсықтан періп жіберер ме едім...».

Ғалымдардың максимализмімен кездескенім жалғыз бұл емес. Нан-пұл шығындарын өтеу үшін мәтін теруге тапсырыс алып жүрдім бір кездері. Сондағы бірер диссертациялар – «Эйлер әдісі» (Эйлердің өзі тауып кеткен әдісті оның өліп қалуына байланысты қайта жазсаңыз болады), «Windows жүйесі» (Майкрософт жүйе шығарып болып, оны Сіздің мәртебеліңіздің сипаттауын күтетін көрінеді), «Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы үгіт-насихат жұмыстары мен әдістері» (бүгін осыны біреулер практикада қолданып жүргенге ұқсайды), тағысы тағылар.

Жә, біліп жүріңіздер дегенім ғой. Басына алма үзіліп түссе, ертеректе де осындай жағдай болмады ма екен деп сұрамай, алты ғасыр бұрынғы жаратылыс заңдары дүниеге келіп жатыр. Тіпті, аздап болжам жасауға болады. Шамамен 2050 жылы лазерді ашатын шығармыз. Нобель жарықтық бір аунап түсетін болар!
XS
SM
MD
LG