Accessibility links

Тілбұзардың түңілуі

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қазақшасы қате жарнама. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.

Қазақшасы қате жарнама. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.

Маусымның сегізінде қазақ блоггерлерінің бірі Тимурдың «Азаттық» вебсайтында «Тіл» десе, тілім қышиды» деген блог-пікірін оқып шығып, өз басымнан өткерген мына бір жайдың ойыма оралып отырғаны.

Біз шетелде болған 15 жылдай уақыт ішінде Алматы «адам танымастай» өзгеріп кеткен екен. Көшіп келгенімізге тоғыз айдай болса да, қала көшелерінде әлі күнге адасып жүремін.

Сондай аңтарылысты сәтімнің бірінде өтіп бара жатқан бір жүргіншіден жөн сұрадым. «Пәлен деген жерге қалай жетсем болар екен?» Қазақ тілінде сұрадым, әрине. Жөн сұраған кісім қаланың бетон үйлері өңін сорып тастаған, алпыстарды алқымдап қалған, ақсұр өңді қала қазағы екен.

Орысша соғып тұр:

– Вы сейчас сядете на такой-то трамвай и доедете до такой остановки...

– Одан өзге тікелей баратын көлік жоқ па?

– Нет, без пересадки невозможно...

– Егер жаяу жүрсем қанша минуттық жер? – деп, мен де оны қалайда қазақша сөйлетпекке тырысудамын.

– Пешочком будет слишком далековато...

Ол сөйлеп тұр.

Мен сонда ғана жол сілтеушіні шырамыта бастадым. Біз ҚазМУ-дың филология бөлімінің екінші курсында оқып жүргенімізде бұл пақырың биология бөлімін бітіріп жатқан еді. Алыс ауылдардың бірінен келген «қап-қара» қазақ болатын. Енді, міне, содан бергі 35 жыл ішінде «қып-қызыл» «орыс» болуға жанталасып келе жатқаны байқалады.

Сәл ойланып тұрдым да, сөккен емес, өтініш айтқандай дауыс мақамыммен:

– Ағасы, Алла разы болсын сізге. Бірақ осы түсіндірмелеріңізді қазақша айтсаңыз болмас па еді?! – дедім бетіне бажайлай қарап.

«Ә» дегенде не айтарын білмей қалды-ау деймін. Сәл аңырып тұрып қалды. Сөйтті де қатты соққыдан тез есін жиған адамның сыңайымен, маған айтып жеткізгісіз жек көрген кейіппен, яғни оқты көзімен бір қарады да:

– Тфу-у!!! – деп аяғының астына бір түкіріп, қолын түңіле сермеп, жайына кетті.

Мұндай жауапты күтпеген байқұс басым «а-а» деп аузымды ашып үлгерместен тұрып қалыппын. Ол дәл сол сәтте келіп тоқтаған «трамға» отырды да көзден ғайып болды.

Ұпай 1:1 болды ма, жоқ әлде менің пайдама 2:0 болды ма?! Кімге-кім түңіліп, қолын бір-ақ сілтеп жерге түкіруі керек еді?! Әлі «біле алмай» далмын. Сіз қалай ойлайсыз, замандас? Кім жеңді, кім жеңілді?!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG