Accessibility links

«Феррари» мінгім келеді...


9-дан 15 минут өткенде Фурманов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан аялдамаға №63 автобус келіп тоқтайды. Бұл – ең соңғы «63». Мен осы автобуспен күнге кешкісін үйге қайтамын.

Жалпы, алматылықтар жақсы білуі тиіс – сағат кешкі сегізден соң қаланы аралап жүрген қоғамдық көліктердің барлығы дерлік жүрістерін баяулатып, әр аялдаманың тұсында бірнеше минут тоқтап тұрып алады. Бұл уақытта аялдамада автобус күтіп тұрған адамдардың да саны күндізгідей көп болмайды. Сондықтан автобус жүргізушілері клиентті барынша көп жинау үшін аялдамада әдеттегіден ұзақ тұруға мәжбүр.

Клиент деп жатқан себебім, қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатындардың барлығы баяғыда-ақ жолаушы болудан қалған. Жасына, жынысына қарап оларды ешкімді бөлмейді. Автобустың табалдырығына аяқ басқанның барлығы – клиент. Клиенттер көп болса, жоспар орындалады. Олардың көп болуы автобус паркінің қожайынына да, жүргізушісіне де тиімді. Клиенттер көлікке сығылысып мінсе, әр аялдамаға келіп тоқтаған сайын «прямо по Фурманова, әл-Фараби, Казгуград, Навои, Орбита» деп жақтары талмай айқайлап тұратын кондукторлардың да көңілдері жайлана түседі.

Айтайын дегенім, кеше соңғы автобусқа үлгергеніме мәз болып, «үлгермей қалсам таксиге керек болар» деп сақтап жүрген ақшамның қалтамда қалғанына қуанып отырғаным сол еді, біз мінген автобустың сол жағынан екінші «63» зу етіп өте шықты. Маған қарама-қарсы отырған қыз бен жігіт күлімдеп сала берді.

– Жақсы болды, ия? – деді жігіттің қасында отырған қара қыз.
– Аха, тез жететін болдық, – деп жауап қатты жігіт.

Қабанбай көшесінің қиылысына жеткенде, екі «63» те қатар тоқтады. Жолаушылардың... Стоп. Кешіріңіз. Клиентердің назары оң жақта орналасқан бағдаршамға ауыпты. Демдерін іштеріне жинап алып, бірдемені асыға күтіп отырғандарын байқау қиын емес еді. Бағдаршамның қызыл түсі екі рет жыпылықтағанда сол жағымызда тұрған «63» орнынан жылдам қозғалды. Біздің жүргізушіміз де қаланың ішінде жиі болатын мұндай жарыстардың талай рет жеңімпазы болса керек, қарсы алдына кілт тоқтап, оңға бұрылуға дайындалып тұрған жеңіл көлікті, жылдамдықты азайтпай-ақ, сол жағынан оп-оңай айналып өте шықты. Ескі автобустың өзі ғана емес, ішіндегі клиенттері де шайқалып кетті. Жан-жақтан шыққан «оу, ақырын», «жайырақ» деген дауыстарды жүргізуші құлағына да ілмеді. Шевченко көшесінің қиылысындағы аялдамаға артымыздан келген «63» бірінші жетті. Біздің автобус шамамен 5-6 секунд қана үлгермей қалды. Осы кезде кондуктор «Шепченка на выход есть?» деп екі рет айқайлады. Жүргізушінің дәл артында отырған орыстың кемпірі қолындағы дорбаларын ыңғайлап, ортаңғы есікке жетемін дегенше, автобусымыз аялдаманың тұсына тоқтамай, зуылдап өтті. Кемпірдің «водитель, ну-ка, остановитесь» деген сөзі жерді қалды. «Что за беспредел!» деген сөзін де ешкім тыңдамады. Абай көшесінің қиылысындағы бағдаршамның жасыл түсі біздің жүргізушіге 3-4 секундтық жеңілдік сыйлады. Сонымен не керек, әл-Фарабидің қиылысына дейін біз бірінші болып жеттік. Клиенттердің жасының да, кәрісінің де мұндай жарыстарға еттері әбден үйреніп кеткен екен. Автобусқа асығыс мініп, асығыс түсіп жатты. Тек аялдамадан тоқтамай кеткен кезде болмаса, басқа жағдайда ешкім өзінің өкпесін айтпайды.

Бәрін айт та, бірін айт – біз мінген «63» те, артымыздан құйрық тістеп келе жатқан оның сыңары да ұзыннан-ұзын созылып жатқан әл-Фараби көшесінің бойымен жарысқанда, «клиенттерді кім көп жинайды» деген жанталас кезінде «Порше Кайен» де, «Мерседес» те шаңына ілісе алмай қалып жатты.

Қазақтың жігіттерінің талантты екенін осыдан-ақ білсе болады. Көліктері көп көшелердің бойымен дәл осылай жарысу әрбір адамның қолынан келе бермес. Ол үшін жүрек мықты болу керек. Одан соң «чутье» де қажет. Алдыңда немесе жаныңда келе жатқан көліктердің қандай маневр жасайтынын сезіп отыруға тиіссің. Оған қоса жаяулар тағы бар.

Алматыдағы жол апаттарына қоғамдық көліктер өте сирек ұшырайды екен. Бұл – ресми статистика. Осыдан-ақ қазақ жігіттері немістің, италияның «Формула-1» жарысында жеңімпаз атанып жүрген ең мықты деген спортшыларынан қалыспайтынын білуге болады. Бір өкініштісі, оларды «Феррари» мен «Ламборджиниге» ешкім мінгізбейді ғой... Әйпесе көрсетер еді кімнің кім екенін!

Шіркін, мен де «Феррари» мінгім келеді...

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG