Accessibility links

Англияға барған Максим Бакиев тұтқындалды


Қырғызстанның тақтан тайған президенті Құрманбек Бакиевтің екі ұлының бірі - Максим Бакиев. 2 қараша 2009 жыл.
Қырғызстанның тақтан тайған президенті Құрманбек Бакиевтің екі ұлының бірі - Максим Бакиев. 2 қараша 2009 жыл.

Қырғызстанның тақтан тайған президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев өткен жексенбіде Англияда қолға түсті деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары. Президенттің ұлы ол жаққа баспана сұрап барды деген деректер де бар.

Құрманбек Бакиевтің 33 жастағы ұлын британ билігі Интерполдың араласуымен, Гемпширдегі "Фарнборо" әуежайында тұтқындады деп хабарлайды The Sun. Қырғызстан даму және инвестиция агенттігінің бұрынғы басшысы Максим Бакиевке билікті асыра пайдаланып, қаржыны рәсуа етті деген айып тағылған болатын. Британ газетінің жазуынша, қашқын содан бері Балтық елдерінің бірін паналап жүрген екен.

Dailymail Максим Бакиевтің Англияға жеке меншік ұшақпен келгенін хабарлады. Ұлыбританияның шекара басшылары оның тұтқындалғанын растаудан бас тартыпты. Бірақ, осы газетке сенсек, Максим Бакиев баспана сұрап келген сияқты. Басқа дерек көздері британдық The sun газетіне Бакиевтің ұлы өзін әуежайдан алып шығатын жеке көлік сұратқанын хабарлапты.

Қырғыздың АКИ Пресс агенттігінің айтуынша, Максим Бакиевтің тұтқындалғанын Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік қызметінің басшысы Кенешбек Дуйшебаев та растады. Агенттіктің дерегіне жүгінсек, бұл жаңалықты ұлттық телеарнадан хабарлаған Дуйшебаев мырза Қырғызстан билігі қолға түскен Максим Бакиевті Ұлыбританиядан экстрададациялауды талап ететініне тоқталды.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның жақындары сәуірдің басындағы халық толқуы кезінде елден қашып кеткен еді. Оппозиция Уақытша өкімет құрған. Өткен аптада Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош пен Жалал-Абад қалаларында ұлтаралық қақтығыс басталды. Қырғыздар мен өзбектер жанжалдасып, 100-ден астам адам қаза тапты.

Қырғызстан билігі қақтығысқа Бакиевтің туыстарын айыптап отыр. Қазір Минскіде жүрген бұрынғы қырғыз президенті ол айыпты мойындамайды.
XS
SM
MD
LG