Accessibility links

Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері әйтеуір бір кездесті. Бірақ проблемалар шешілмей қала берді


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта).

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта).

Эмомали Рахмон мен Ислам Каримовтардың арасындағы келіссөздер екі ел арасындағы шиеленісті бәсеңдетер деген үміт болған. Бірақ бақылаушылардың айтуларынша, Душанбе мен Ташкент әзірге өз ұстанымдарын түбірімен қайта қарауға даяр емес көрінеді.

ШИЕЛЕНІС ЖАҒА ЖЫРТЫСУҒА СЕБЕП БОЛДЫ

Міне, ондаған жылдар өтсе де, Ташкент пен Душанбенің ара-қатынасы түзелер емес. Ол, тіпті, кейде шиеленісіп те кетеді. Өзбекстан мен Тәжікстанның арасында осы уақытқа дейін шешілмеген территориялық мәселелер бар. Негізінен тәжіктер көбірек тұратын ежелгі Бұхара мен Самарқан қалалары большевиктер билеп тұрған уақытта Өзбекстанға әділетсіз түрде берілген деп есептейді тәжік билігі. Көптеген тәжіктер бұл қалаларды өздерінің мәдени мұралары деп санайды.

Өткен жылдың соңында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде журналистермен әңгімелесу барысында Өзбекстанның президенті Ислам Каримов екеуінің қырбайлығы жайында айтып қалған. Тәжік президенті әңгіме барысында өзбек басшысымен бірнеше мәрте сөзге келіп қалғандығын, тіпті «төбелесуге» де барғанын айтқан.

«Мен онымен (Каримовпен) талай мәрте пікір таластырдым, тіпті екі рет төбелесіп те қалдық. Бір жолы бізді Назарбаев, ал екінші жолы Кучма (Украинаның бұрынғы президенті) ажыратты. Содан соң мен оған: «Самарқан мен Бұхараны бәрібір біз аламыз!» деп айтып салдым», – деп мәлімдеген сол жолы Эмомали Рахмон.

КЕЛІСПЕЙТІН ТҰСТАР ТОЛЫП ЖАТЫР

Рогун ГЭС-ін салуға байланысты да Тәжікстан мен Өзбекстанның арасында келіспеушіліктер бар. Жалпы алғанда Рогун ГЭС-інің құрылысы Тәжікстан үшін өте маңызды мәселе.

Қыс мезгілінде елге өзінің электр энергиясы жетіспейді. Электр энергиясының жетіспеуіне су электр стансалары жұмысының өзіндік ерекшеліктері себепкер болуда. Қыста су электр стансалары толық қуатына жұмыс істей алмайды. Өйткені, суды жаппай жіберер болса, онда өзеннің төменгі сағасындағы Өзбекстанның егіншілік аудандары жазда сусыз қалмақ.

Рогун ГЭС-ін салар болса, мұнай, газ және өзге де ресурстарының қоры жоқ Тәжікстан электр энергиясын өзі ғана пайдаланып қоймай, Ауғанстан, Пәкістан сияқты көршілес елдерге де экспорттай алар еді.

Бірақ дәл осы су электр стансасының салынуына Өзбекстан үкіметі мүлдем қарсы болып отыр. Өзбек билігінің айтуынша, оларға келетін су арнасын реттеу арқылы ресми Душанбе көршілес елге саяси қысым жасауға мүмкіндік алмақ.

Бұдан бөлек, жақында Душанбе өзбек билігін көлік блокадасын ұйымдастырды деп айыптады. Бірнеше ай бойы құрылыс материалдары, жанар май мен азық-түлік тиелген жүк пойыздары Тәжікстанға өткізілмей қойды. Бірнеше мың жүк вагондары Өзбекстанның темір жолдарында жиналып қалды. Бұл жағдай онсыз да аймақтағы кедей елдің экономикалық жағдайын одан әрмен нашарлатып тастады.

Өзбек-тәжік шекарасының проблемасы өзінше бөлек әңгіме. Өзбекстан Тәжікстанмен арадағы шекарасын жиі-жиі жауып қояды. Және, көбінесе, бұған не себеп болғанын түсіндіріп жатпайды да.

Шекараны кесіп өтерде екі елдің азаматтары толып жатқан кедергілер мен шектеулерге тап болады. Сонымен бірге екі ел арасында визалық режим орнатылған.

БЕТПЕ-БЕТ КЕЗДЕСУ

10-11 маусымда Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің аясында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов бетпе-бет кездесті.

Жүздесу алдында Эмомали Рахмон мен Ислам Каримовтың Ташкентте жоспарланып отырған кездесуі екі ел арасындағы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан келіспеушіліктер мен шиеленістің оң шешілуіне ықпал етуі мүмкін деп хабарланды. Тек сарапшылар ғана емес, сонымен бірге Тәжікстанның қарапайым азаматтары да осыған үміт артқан.

Бұдан бұрын Душанбедегі Өзбекстанның елшілігі өзбек астанасындағы ШЫҰ саммитіне даярлық барысында тәжік жағы ресми Ташкенттен Эмомали Рахмон мен Ислам Каримовтың жүзбе-жүз кездесуін ұйымдастыруын сұраған еді деп мәлімдеген.

Өз кезегінде өзбек жағы тәжік әріптестерінің өтінішіне келісім берді. Эмомали Рахмон мен Ислам Каримовтың бетпе-бет кездесуі 11 маусымда, саммиттің екінші күні болды. Саммитте екі мемлекет басшыларының бір-бірімен достық шырайда болғандығы аңғарылды. Екі президенттің не жайында әңгімелескендігінің жай-жапсары айтылған жоқ.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ БОЛЖАМДАР

Тәуелсіз тәжік сарапшысы Сокин «Азаттық» радиосының өзбек редакциясымен болған әңгімеде, саммит кезінде тәжік-өзбек келіссөздері негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін деген.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың
Ташкенттегі кездесуі. 11 маусым 2010 жыл.


- Екі республика басшыларының көптен күткен кездесуі кейбір өзгерістерге алып келуі мүмкін деп ойлаймын. Осы кездесу барысында шекараға, су энергетикасына, темір жолдағы блокадаға қатысты бірқатар мәселелер шешіліп қалуы мүмкін, - деп мәлімдеді тәжік сарапшысы.

Тағы бір тәжік сарапшысы Искандари Фируз, екі президенттің кездесуі кейбір екіжақты проблемалардың шешілуіне ықпал етеді деп мәлімдеген. Алайда, оның айтуынша, бұл ұзаққа бармайды.

Сонымен бірге, Фируздың айтуынша, бұл кездесуге тек Эмомали Рахмон мен оның айналасы ғана емес, сонымен бірге Ислам Каримовтың өзі де мүдделі болған.

- Каримов проблемаларды келіссөздер арқылы шешуге болатындығын халықаралық қоғамдастыққа көрсеткісі келеді. Тіпті, осы келіссөздер кезінде Каримов қандай да бір шегіністерге де баруы мүмкін. Бірақ мен негізгі проблемалардың шешілетіндігіне сенімді емеспін. Өйткені, Тәжікстанның президентіне Ресей билігінің де, Өзбекстан президентінің де көңілдері толмайды. Бұл екі президент те Тәжікстанның басшылығында өзге президенттің отырғанын қалайды. Егер шынымен де осылай болса, онда Ташкенттегі кездесу барысында Рогун ГЭС-інің құрылысымен, су энергетикалық мәселелермен байланысты негізгі проблемалар шешілмейді, - дейді Искандари Фируз.

ТАШКЕНТ ТӨРДЕ ОТЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Өзбекстан елеулі экономикалық, көлік-коммуникациялық және ресурстық әлеуетке ие болғандықтан, Орталық Азияда шешуші геосаяси орында тұр. Және ол аймақтық интеграцияның қажетті элементі болып табылады, дейді Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде АҚШ-та тұрып жатқан өзбек саясаттанушысы Ташпулат Юлдашев.

Оның пікірінше, Өзбекстан аймақта өзінің басымдығын орнатуға ұмтылуда. «Оны елемеймін десең, өзіңе жамандық тілеп аласың. Ислам Каримовтың есебі қарапайым ғана. Душанбе ешқайда қашып құтыла алмайды. Оның еркелігін көтеріп, дегеніне көніп, ұстанымдарымен есептесуге мәжбүр болады», – дейді Ташпулат Юлдашев.

Оның пікірінше, Өзбекстан президенті өз елінің мүддесіне зиян келтіре отырып, сыртқы экономикалық байланыстар орнату процесін күрделендіруде.

Аймақтағы тауарлар мен қызметтердің жылжыуына, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың орнауына жаңа тосқауылдар қойып, осы арқылы серіктесін экономикалық жағынан әлсіреткісі, осындай дөрекі тәсілмен оны саяси қиырға ысырғысы келіп отыр.

Және осы тұрғыда ол өз пайдасы үшін көршісіне қоқан-лоқы жасаудың, жағдайды шиеленістірудің кез-келген мүмкіндігін пайдаланады. Өзбекстан осылай қиқаңдай беретін болса, көршілер жылыту мерзімінде ГЭС-терді толық қуатына қосып, вегетативті кезеңде суды барынша аз беруі мүмкін. Бұдан соң Әмудария мен Сырдарияның төменгі сағасындағы аграрлық сектор үлкен зиян шегеді. Вегетативтік кезеңдегі судың қатты тапшылығы оған серіктестерінің айтқанына құлақ асып, даулы мәселелер бойынша келісімге келіп, бірлескен энергожүйені қалпына келтіруге итермелейді, – деді Ташпулат Юлдашев.

ОҚШАУЛАУ САЯСАТЫ АЙМАҚҚА ДА ӘСЕР ЕТЕДІ

Қазіргі уақытта Еуропа одағы елдерінің бірінде жүрген Өзбекстандық тәуелсіз сарапшының пікірінше, Азаттық радиосы белгілі бір себептерге байланысты оның атын айтпайды, Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы шиеленіс бұдан ары қарай да жалғаса береді.

Оның пікірінше, бұның басты себебі Өзбекстан басшысының оқшаулану саясатында. Өзбек сарапшысының пікірінше, өз идеясы мен мүддесін жылжыту мақсатында өзбек билігі Тәжікстанға қысым жасауда.

Бұның қауіптілігі жайында мен бұған дейін де бірнеше мәрте айтқанмын. Өйткені, Тәжікстандағы әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық проблема – бұл бір мезгілде бүкіл аймақтың, оның ішінде Өзбекстанның да проблемасы. Рогун ГЭС-ін салынуы елдің экологиялық жүйесіне нұқсан келтіреді деп қауіптенеді Өзбекстан. Бірақ, осы арқылы Тәжікстанның Өзбекстанға қысым жасау тетігі пайда болады деп өзбек билігі одан да қатты қауіптенеді, – дейді өзбек сарапшысы.

Бір жағынан ол өзбек билігінің айтқан дәлелдері дұрыс деп те есептейді. Оның айтуынша, Рогун ГЭС-ін салу арқылы тәжік билігі бір жағынан елді электр энергиясымен қамтамасыз етсе, екінші жағынан оны Өзбекстанға қысым жасау факторы ретінде де қарастырады.

- Мен Рогун ГЭС-інде болуы мүмкін апат жағдайын зерттедім. Ол Тәжікстанның аумағына ішкері орналасқандықтан қандай да бір апат бола қалса, онда одан Тәжікстанның өзі, бірінші кезекте Душанбе зардап шегетін болады. Әрине, тәжік билігі бұл жайында ойлап отыр. Мен бауырлас екі ел - тәжіктер мен өзбектер – өз проблемаларын шешудің бейбіт, байыпты жолын тапқанын қалар едім, - дейді өзбек сарапшысы.

Бірақ ол да Душанбе мен Ташкент екіжақты қарым-қатынастардағы өздерінің ұстанымдарын түбегейлі қайта қарауға даяр емес деп есептейді.

– Қырғызстандағы оқиғаларға қарай отырып олар ойланулары керек. Олар ксенофобиялық саясатты, қазір орын алып отырған бір-біріне деген ақпараттық шабуылды тоқтатулары қажет. Жалпы алғанда қазір аймақтағы жағдай өте шетін күйде. Өзбекстан мен Қазақстанда биліктің өзгерер дәуірі жақындап келеді. Екі мемлекеттің басшылары да жетпіс жастан асты. Оған қырғыз проблемасы қосылуда. Әуел бастан-ақ көптеген сарапшылар ХХІ ғасырда шекаралар қайтадан қаралады деген пікірде болатын. Өйткені қарым-қатынастар тым шиеленісіп кеткен. Осындай жанжалдардың салдарынан аймақ өзінің тәуелсіздігінен айрылып қала ма деп қорқамын, – дейді Азаттық радиосына өзбек сарапшысы.
XS
SM
MD
LG