Accessibility links

Бұл соғыс менің түсім бе?


Қырғыз-өзбек шекарасындағы босқындар. 14 маусым 2010 жыл.

Қырғыз-өзбек шекарасындағы босқындар. 14 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі қанды оқиғаға бір күн қалғанда, жер жаһанның жұрты көз тіккен футболдан Әлем чемпионаты басталды. Футболдың миллиондаған жанкүйері сол күні Мексика мен ОАР арасындағы ойынды тамашалады. Олардың арасында мен де бармын. Мұны неге айтып жатыр дейсіздер? Төрт жылда бір рет болатын Әлем чемпионатының ашылу ойынына өзбек ұлтының өкілі төрешілік етті. Әрине, оның орнына қазақ та, тәжік те болуы мүмкін. Дегенмен, әлгі төрешінің қапталдағы екі көмекшісінің бірі қырғыз еді. Бұл – Африка құрлығының оңтүстігіндегі оқиға.

Араға бір күн салып, Қырғызстанның оңтүстігінде әлем жұртының назарын өзіне қаратқан жанжал басталды. Бұл енді тағдыр шығар! Футболға төреші болған өзбек пен қырғыз Ош облысында бауырлас ұлттардың бір-біріне қарсы оқ ататынын білмеді . Қайдан білсін, олар да өзіміз секілді пенде ғой. Білсе де, олар не істей алар еді? Мен не істей аламын? Қаншалықты ауыр болса да, төрт жыл бойы күттірген Африканың оңтүстігіндегі футбол мерекесін емес, Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғыз бен өзбек арасындағы қырғынды бақылап отырмын - «Кімнің асығы алшысынан түсіп, кім жеңіске жетеді» деп емес, «Бауырлардың арасындағы қанды қырғын қашан тоқтайды» деп. Өйткені, мұндай оқиғада жеңгендер мен жеңілгендер болмайды ғой.

Мен әлем чемпионатында кімнің жеңіске жететінін білмеймін, бірақ білгіштер ана команда мықты дейді. Расында да солай шығар. Әйтеуір бір құрама команданың әлем кубогын үйіне алып кететіні шындық. Жеңіске жеткен елдің ойыншылары 11 шілде күні анықталатыны да рас. Ал Қырғызстанда енді не болады? Ондағы қырғын қашан тоқтайды? Бұл сұраққа жауап табу қиын.

Кеше Қырғызстандағы оқиғаға қатысты интернетте жарияланған видеоларды көріп шықтым. Енді мен не айтамын? Өлген баласының маңдайын сүйіп жылап отырған ананы көрдім, өлген әкесінің қолын ұстап, көзі мөлт-мөлт еткен 3-4 жастағы бүлдіршін қыздың фотосын көрдім. Қырғыздар да, өзбектер қайғырып отыр. Түсініксіз соғыстың құрбандарының жаназасын шығарып жатыр. Бір дін. Бір тіл. Алғашқы сөз – «Аллаху әкбәр».

Футболда мызғымас заң бар – төрешінің ысқырығынан соң алаңдағы ойын тоқтайды. Өзбек төрешісі де 90 минут өткен соң екі құраманың арасындағы жан алысып, жан беріскен ойынды тоқтатты. Бір ғана ысқырық - одан соң миллиондаған адам бақылап отырған ойынға нүкте қойылады. Ал мен Қырғызстандағы қырғын қашан тыйылады деп күтіп отырмын.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG