Accessibility links

Ош көшелеріне әскери күзет қойылды


Қырғызстанның Ош қаласы көшелеріне әскери күзет қойылды. Ел оңтүстігіндегі этникалық қақтығыстардан шамамен 190 адам қаза болып, 2 мыңға жуық адам жарақат алған болатын. Мыңдаған өзбек азаматы көршілес Өзбекстанға босып кетті.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунды Қырғызстаннан босып кеткен өзбектерге тезірек гуманитарлық көмек жеткізуге шақырды. БҰҰ мәліметі бойынша, гуманитарлық көмек тиелген алғашқы екі ұшақ Әндіжан қаласына қонған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қырғызстан Уақытша үкіметінің жетекшісі Роза Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстанға қандай көмек керектігін талқылады. АҚШ гуманитарлық көмек үшін 10.3 миллион доллар бөлді.

Бішкек полициясының басшысы Зарылбек Рысалиевтің мәлімдеуінше, ел оңтүстігіндегі этникалық қақтығысқа түрткі болды деген айыппен 111 адам ұсталған. Уақытша үкімет елдегі зорлық-зомбылыққа байланысты қуғындағы бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің қолдаушыларын айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG