Accessibility links

Жаңажол мұнайшылары еңбекақыны көбейтуді талап етіп ереуіл өткізді


«СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мұнайшылары ереуіл өткізіп тұр. «7-арна» телекомпаниясының суреті. Жаңажол, 16 маусым 2010 жыл.
«СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мұнайшылары ереуіл өткізіп тұр. «7-арна» телекомпаниясының суреті. Жаңажол, 16 маусым 2010 жыл.

Ақтөбе облысындағы Жаңажол кенішінде мұнайшылар ереуіл өткізді. Жұмысшылар өздері істейтін «Ақтөбемұнайгаз» компаниясы мен билік орындарына еңбекақыны көбейту туралы талап қойды.


МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫ

Ақтөбе аймағындағы ең үлкен өндіріс орындарының бірі Жаңажол кенішінде еңбек ететін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының жүздеген жұмысшысы маусымның 16-сында бір күнге жұмысты тоқтатып, ереуіл өткізді. Жұмысшылар өздеріне төленетін орташа еңбекақы мөлшерін 200 мың теңгеге дейін көбейтуді және компания бас директорының орынбасарынан бастап бірқатар жетекші қызметкерлерді орындарынан босатуды талап етті.

«Біз Жаңаөзен жұмысшылары секілді еңбекаққы алғымыз келеді. Ал біздің басшылар, бас директордың орынбасарынан бастап автоколонна бастығына дейін, біздің құқымызды бұзып, тек қытай инвесторының мүддесі үшін жұмыс істеп келеді, – дейді мұнайшылар.

Компания жұмысшылары өздерінің әлеуметтік мәселелеріне байланысты биыл сәуір айында наразылық танытқаны жайлы Азаттық хабарлаған болатын. Мұнайшылар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры Сюй Кецяньмен облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың кабинетінде келіссөздер өткізіп, компания басшылығы еңбекақы мөлшерін біртіндеп көбейтуге келіскен еді.

Бірақ бұл жолы мұнайшылар еңбекақыны екі есе ұлғайту туралы талап қойып отыр.

Жаңажолы мұнайшылары құрған «Наразылық» тәуелсіз кәсіподағы төөрағасының орынбасары Құсайын Құлмұратов, Азаттық тілшісімен әңгімеде, кәсіпорын төлейін еңбекақы мөлшеріне жұмысшылардың көңілі толмайтынын айтады.

«Біздің қолымызға 50 мың теңге ғана тиеді. Ешқандай жағдай жоқ. Тамақтың сапасы да нашар. Бізге адамша қарасын, құқымызды таптамасын. Ең бастысы – еңбекақымыз басқа аймақтағы жұмысшылардыкімен бірдей болсын», – деді Құсайын Құлмұратов.

ЖҰМЫСШЫЛАР КОМПАНИЯ БАСШЫЛЫҒЫНА МҰРСАТ БЕРДІ

Маусымның 16-сы күні түстен кейін ереуіл болып жатқан жерге Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов пен аудандық прокуратура өкілдері келді. Олар жиналғандарды тарауға үндеп, егер айтқанға көнбесеңдер шара қолданылатын болады деп ескертті.

Сол күні кешке ереуілшілермен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ізбақ Өмірзақов, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры Сюй Кецянь және облыстық прокуратура өкілдері кездесті.

Шенеуніктер мен бас директор компанияның алты жетекші қызметкерін орындарынан босату туралы ереуілшілердің талабын он күннің ішінде, ал еңбекақыға қатысты мәселені шілденің ортасына дейін қарап, шешуге уәде берді.

Осыдан кейін ереуілшілер аталған мерзімге дейін компания басшылығына мұрсат беру туралы ұйғарымға келіп, егер талаптары орындалмайтын болса ереуілді қайта жалғастыратындарын ескертіп тарады.
XS
SM
MD
LG