Accessibility links

«Күлтөбенің басында күнде жиын» немесе Рахат Әлиев біздің ауылға келді ме?


Күлтөбе деп отырғаным – біздің ауылдың орталығындағы ескі клубтың орыны. Совет үкіметі құлаған соң, ескі «Беларусь» тракторы, отыз жыл арпа-бидай орған «Нива» комбайны секілді, ауылдың клубы да жекеменшіктің қолына өтті. Бұл клубты совет өкіметі тұсында 40 жыл бойы қой баққан Қодаш деген ақсақал жекешелендіріп алған екен. Оны қандай мақсатпен сатып алғанын ауыл тұрғындары білмейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қодаштың балалары ауылдағы жалғыз клубты бұзып, құрылысқа жарамды материалдарын шешіп алған. Білетіндердің айтуынша, олар Тараз қаласының маңынан үш бөлмелі үй тұрғызыпты. Содан бері ескі клубтың орыны төмпешік болып жатыр. Қазір бұл жер ауыл тұрғындарының ашық аспан астындағы саяси клубына айналған.

«Ауылда қайдағы саяси клуб?» деп, кейбір оқырмандар менің сөзіме сенбеуі мүмкін. Нағашым айтқан кезде мен де аса сенбеп едім. Кейін өз көзіммен көрдім. Бар екен. Клубтың тұрақты мүшелері де бар. Барлығы «советский» адамдар. Кезінде бірі парторг, екіншісі мал дәрігері, үшіншісі комбайнер, төртінші дүкенші болып қызмет істеген.

Қаңырап қалған ауылда жұмыссыз отырған олардың қозғамайтын тақырыбы жоқ. Әсіресе билік басындағы бүгінгі ахуалды әңгіме еткенді ұнатады. Сайлау кезінде «Усатый» деген лақап атпен танылған шенеуніктің кейбір кәсіпкерлерден елдегі ірі партияға ақша жинағанын, «Хозяинның» ең жақын және ескі досы – ұлты кәріс Володя екенін жақсы біледі. Әңгіме арасында әлгі Володялардың сөзін айтып: «Здраствуйте, девушки!» десе, кейбір кезде көшеде кетіп бара жатқан құрдастарының әйелдеріне: «Вы подружка Нуреке?» деп қалжыңдап қояды. Бұл - біздің ауылдың приколдары ғой.

Айтайын дегенім – осы саяси клубтың жұмысын ауыл әкімі талай рет тоқтатпақ болды. Әлгі саяси белсенділермен олай да сөйлеседі, былай да сөйлеседі – болмайды. Амалы таусылған соң:

– «Нуреке», «Хозяин» немесе «Рахат», «Дариға» деген сөздерді құдайы тамақ берілген жерде, той-думан өтіп жатқан кезде айтпаңдаршы, - деп өтініпті.

Әкімнің оларға жалынып-жалпаюы да бекер емес екен. Ауылдағы осы саяси белсенділерінің пікірталасы, қозғаған тақырыбы көрші ауылға да жетіп жатады. Әңгімеден әңгіме туып, кейбір ағайындар олардың айтқанын одан әрі үрлеп, бояуын қалыңдататын болса керек. Аудан орталығындағы бір жиналыста ауданның басшысы біздің ауылдың әкіміне қатты ұрсыпты:

– Саяси клубтың жұмысын тоқтат! - десе керек.

(«Саяси клуб» деп ол кісінің сөзін шамамыз келгенше жұмсартып отырмыз ғой. Негізі, білетіндердің айтуынша, басшы: «Ауылыңдағы ана сасықтардың аузын жап!» деген екен).

Алайда, әкімнің сөзін тыңдайтын адам бар ма? Алпысқа тарта түтіні бар біздің ауылдағы үш кластық мектеп баяғыда-ақ жабылып қалған. Сол себепті біздің әкім басқа әкімдер секілді «сені жұмыстан қуамын» деп ешкімді қорқыта алмайды.

Мен барған күні де ашық аспан астындағы саяси клубқа мал дәрігері, парторг, ұста және комбайнер жиналыпты. Олардың қасына жақындағанымда, әңгімелері қызу жүріп жатқанын байқадым. Барлығымен амандасып болған соң, банкінен айырылып, шетелге қашуға мәжбүр болған Мұхтар Әблязовты әңгімелеп жатқандарын түсіндім. Бұрынғы банкирдің президентпен қарым-қатынасын сөз қылды, оның байлығын айтты, Совет үкіметінің кезінде біздің ауылға атпен келіп, бірнеше күн қонақ болған әкесін қалай күткенін әңгімеледі. Содан, не керек, соңғы жылдары елден қашқан саясаткерлерді де ұмытпады. Осы кезде қасымызға сиыршы Лесбек келіп қосылды. Ол біраз уақыт үнсіз тұрды да:

– Ана жылы Боралдайға қозықұйрық теруге барғанымда алыстан Рахат Әлиевті көрдім, – деді.

Бағаналы бері ауылдың белсенділерін тыңдап, үнсіз отырған жұрт бірден елеңдесе қалды. Сиыршы сөзін ары қарай жалғастырды:

– Өзі біздің орманшының алыс туысқаны екен.

Осы кезде комбайнер оның сөзін бөліп:

– Шын айтасың ба? – деп сұрады.

– Тух, сендердің адамның сөзіне сенбейтіндерің қанды ішеді. Айтып тұрмын ғой көрдім деп.

– Біздің ауылға Рахат тұрмақ облыс әкімі де келген емес, – деп, ұста да комбайнердің жағында екенін байқатып күліп жіберді.

– Ей, Қуаныш, нервке тимеші. Ақсақ сиырыңды падаға қосып жүргеніме рахмет айт. Орманшының өзі айтты: «Келген – Рахат» деп. Осының барлығын ойымнан шығарып отыр дейсің бе? – деді сиыршы.

Осы тұста бағаналы бері олардың әңгімесін үнсіз бақылап тұрған парторг:

– Мен де Боралдайға вертолеттің қонғанын көрдім, – деді.

Ал сиыршы сөзін былай сабақтады:

– Мен Рахат Әлиевті таниды дейсің бе? Орманшының үйінің айналасында бір қора адамның жүргенін көрдім. Кешкісін оның үйінің тұсынан өтіп бара жатқанымда сыйлы қонақтардың кетіп қалғанын байқадым. Содан орманшының үйіне түсіп, Рахат пен оның қасындағы адамдардан қалған бискиді іштік.

– Оны баяғыдан бері неге айтпай жүрсің? – деді мал дәрігері.

– Орманшы «ешкімге тіс жарма» деген. Рахат Әлиев «мен билікке келетін болсам, сені осы ауданның әкімі етемін» деп, оған уәде беріпті. Бірақ енді өзі қашып кетті ғой. Мен айттым не, айтпадым не – енді ештеңе өзгермейді.

Сиыршының сөзіне парторгтан басқа ешкім сене қоймады. Ертесіне клубта болған бұл әңгіме әдеттегідей бүкіл ауылға тараған. Ауылдың кейбір қулары әңгімені әсірелеп, «біздің Лесбек Рахат Әлиевпен бірге виски ішіпті» дегенді қосып жіберсе керек. Оның соңы не болғанын іштеріңіз сезіп отырған шығар. Содан, не керек, бұл әңгіме де басқа ауылдарға жетеді. Арада бірнеше ай өткен соң ауыл әкімі қызметінен босайды. Білетіндердің сөзіне қарағанда, әкімді аудан басшысы тағынан тайдырған.

Әңгіме бұнымен бітпейді. 400-ге жетер жетпес тұрғыны бар біздің ауылға үш әріптің қызметкерлері келіп, әлгі ашық аспан астындағы саяси клубтың мүшелерімен жеке-жеке сөйлескен. Сөйтіп, олардан «Рахаттың төңірегіндегі әңгімені қозғамаймыз» деген қолхат алған. Мұның енді қаншалықты рас екенін білмеймін. Осыдан соң сиыршы әңгіме қылған орманшы да қызметінен босайды. Ал Лесбек сөзінің растығын дәлелдеу үшін орманшы екеуі ішкен вискидің бос шөлмегін ауыл тұрғындарына көрсетіпті.

Бірақ ашық аспан астындағы саяси клуб әлі жұмыс істеп тұр. Қатысамын деушілерге есік ашық. Өткенде нағашым Алматыға қыдырып келген кезде: «Ауылдағы төртеу Елбасының заңды түрде Елбасы болғанын қызу талқылап жатыр» деп еді. Кәдімгідей қызығып кеттім. Олар нені болса да майын тамызып айтады ғой. Бірінші шілдеден бастап еңбек демалысына шығамын. Олардың әңгімелерін тыңдау үшін міндетті түрде уақыт тауып, ауылға барып келемін. Әйтпесе мына тас қаланың өзінен де, адамдарынан да шаршап кеттім.

boltaie@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG