Accessibility links

Ұйғыр – өз бауырым


Ұйғыр ұлты – ұзақ тарихы, өз мәдениеті бар байырғы халық. Олар қазір қытай қол астында болғанымен, өз алдына тәуелсіз мемлекет құруына әбден правосы бар! Алайда олардың мемлекет құратын жері – Қазақстан емес, Қытайдағы Шығыс Түркістаның оңтүстігіндегі тарихи мекені.

Тарихтан белгілі – ұйғыр мен қазақтың арасында ешқандай жауласу, қан төгу болмаған. Қайта сырттың шапқыншыларына ортақ иық тіресе қарсы тұрған. Оған дәлел – 1858-1958 жылға дейінгі жүз жылда қазақ-ұйғыр бірігіп, қытайға қарсы 60-тан артық көтеріліс жасаған.

Шығыс Түркістандағы қазақтардың ұлттық қаһарманы, әйгілі Оспан батыр да ұйғырлар мен қазақтардың біріккен армиясын құрып, қытайға қарсы тұрмақ болған. Алайда сол кездегі «іштен іріту» әдісін қолданған қытай үкіметі және ұйғырлардың кейбір санасыз көсемдері өз ұлтын да, қазақты да сатып кетті.

Бірақ Шығыс Түркістандағы бостандық сүйгіш ұйғыр халқы Оспан батырды әлі күнге дейін ардақтап еске алады. Ұйғырлардың саналы, сарабдал саясаткерлері Қазақстан тәуелсіздігіне, қазақ жеріне ешқандай бөтен көзқараста емес. Қазіргі ұйғыр көсемі Рабиям Қадыр – қазақ жері Алтай аймағы қазақтарының арасында өсіп, өр рухты қазақ даласынан сусындаған адам. Олай болса, Қазақстанда неге кейбіреулер «Ұйғырстан» деген жоқ мемлекеттің туын желбіретіп, қазақ пен ұйғыр арасына от салып жүр?

Оның бірінші себебі – жымсыма қытай үкіметі мен жансыздары әдейі қазақ-ұйғыр арасына от салып, ұйғырды екі жақтан соққылағысы келеді. Сол арқылы ұйғырларды жойып, қазақ-қытай шекарасы арасындағы кедергіні алып тастамақ. Өздеріне жол ашпақ. Ал ту көтерген кей ұйғыр ұлтшылдары қытайдың қуыршағы болып жатқанын не біледі, не білмейді.

Екіншісі – биліктегі «арқам» бар деп ойлайтын, аз ақшасына сенген, алды-артын ойламайтын саңылаусыз топтың санасыз әрекеті. Бұған әлдебір «тарихшысымақтың» «Ұйғыр қағанаты» деген еңбегі де қосылады. Оған кінәлі – біздің биліктің бейғамдығы.

Сондықтан Қазақстан құқық қорғау органдары, қазақ ұлттық ұйымдары ұйғырға қарсы шу көтермей, қайта осы мәселенің шынайы астарын ашып, сырттың арам пиғылдарына тосқауыл қойып, қазақ-ұйғыр достығын бекемдеуге күш салуы керек. Шығысымызда 15 милион ұйғыр халқы еңсе көтерсе, қазаққа созған қытай құрығына аз да болса тосқауыл, кедергі болар. Түбі бір, тілі бір, діні бір түркі жұртымыз. «Жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді!»

Ұйғыр – өз бауырым!!!

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG