Accessibility links

ЕҚЫҰ: Қырғызстандағы референдум бейбіт жағдайда өтті


Халықаралық бақылаушылар Қырғызстанның ішкі істер министрлігі елде конституциялық референдумның бейбіт жағдайда өтуі үшін қолайлы жағдай жасады деп мадақтады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мәлімдеуінше, жексенбі күнгі дауыс беру айтарлықтай ашық өткен. Ал парламент сайлауының алдында бұл үдеріс бұдан да жақсаруы тиіс.

Қырғызстан сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, маусымның 27-індегі референдумға қатысқан сайлаушылардың 90 пайызынан көбі жаңа конституцияны қолдап дауыс берген. Ұсынылып отырған конституция президент құзырын азайтып, Орталық Азиядағы тұңғыш парламенттік республика құруды көздейді.

Сәуір айындағы толқулар барысында бұрынғы президент Құрманбек Бакиев биліктен қуылған соң елдің уақытша үкіметі референдум өткізуге шақырған болатын. Ал сайлауға екі апта қалғанда Қырғызстанда этникалық қақтығыс өріс алып, жүздеген адам қаза тапты.

Уақытша үкімет төрайымы Роза Отунбаева өтпелі кезеңдегі үкіметте өзінің президент міндетін атқаратынын айтты:

"Қырғызстанның конституциясы мен заңдарына сәйкес, парламент сайлауынан кейін жаңа кабинет құрылғанша бұл үкімет барлық әрекеттері үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатын болады",-дейді ол.

Ресей президенті Дмитрий Медведевтің мәлімдеуінше, Қырғызстанда парламенттік республика құруды көздейтін жаңа конституция мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG