Accessibility links

«Жайықмұнайгаз» компаниясының ондаған мұнайшысы жұмысты тоқтатты


Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында аштық жариялап жатқан «Жайықмұнайгаз» басқармасының 10 жұмысшысына қолдау білдірген осы компанияның ондаған мұнайшылары шілденің 3-і күні жұмысты тоқтатып, таңертеңнен «Жайықмұнайгаз» басқармасы кеңсесінің алдына жиналып тұр деп хабарлады оқиға орнынан Азаттық тілшісі.

Сонымен бірге, кешеден бері осы жерде бес автокөлікте аштық жариялап жатқан он жұмысшының жақындары да тұр. Олар автокөліктерді полиция қызметкерлерінен қорғап қалды, полицейлер автокөліктің мемлекеттік нөмірлерін шешіп алуға әрекет жасаған.

Аштық жариялап жатқандарды наразылық акциясын доғаруға көндірмек болған Исатай ауданы прокуроры мен аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына жұмысшылар өз талаптары орындалғанша тарамайтындарын айтты.

Мұнайшылар еңбекақы төлемі бойынша тарифтік жүйеге тиіспеуді, жалақы төлеу жүйесін «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалындағыдай белгілеуді, шағымдарын ашық білдірген мұнайшыларды қудаламауды, «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы директоры Ізтұрған Баймұхановтың орнынан кетуін талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG