Accessibility links

Тек депутаттар естіп қоймасын...


Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы. Астана, 11 қаңтар 2006 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы. Астана, 11 қаңтар 2006 жыл.
Ескі таныс, Иран телерадио бірлестігінің Орталық Азиядағы тілшісі Хушанг Недаи телефон соқты. Күн сенбі болатын. Шұбатылған есендік-саулықтан соң, өзінің асығыс екенін айтып, алдымен кешірім сұрап алды. Сосын бұйымтайына көшті:

– Ағасы, осы инаугурация қашан болады? Мен тіркелейін деп едім...

Бұл күні қырғыз президенті Роза Отынбаева ант қабылдап жатқан. Недаи тұтас Орталық Азияға бекітілген жалғыз тілші еді. Дәу де болса, соны сұрап тұр-ау деп жобалап:

– Бүгін! Тап қазір өтіп жатыр! – дедім.

– Шын айтамысың?! Мен қалай білмей қалдым екен?.. – деп сасқалақтады ол.

– Алдын-ала хабарланған. Білуіңіз керек болатын! – дедім.

– Қашан?

– Бүкіл БАҚ неше күннен бері соның жырын жырлап жатқан жоқ па...

– Менің Астанадан, жолдан келіп тұрғаным – осы. О жақтағылар ештеңе айтпады ғой?

– Астанада неңіз бар, инаугурация Бішкекте болып жатыр.

– Бішкек?! Сен кімнің инаугурациясын айтып тұрсың?

– Отынбаеваның.

– Жоқ, ағасы! Мен Назарбаевтың инаугурациясы қашан болады деп сұрап тұрмын.

– Қандай инаугурация? 2006 жылы болып кеткен жоқ па?! Ендігісін құдай біледі.

– Жоқ! Мен оны айтып тұрған жоқпын...

– Енді нені айтып тұрсыз?

– Елбасы туралы заң күшіне енген соңғы жайды айтамын. Заң қабылданған соң Назарбаев енді президент емес, елбасы ретінде де ант қабылдауы керек емес пе еді?.. Заң қабылданғалы жарты ай уақыт өтті дегендей...

Әріптестің нені меңзеп тұрғаны енді белгілі болды! Бұл мәселеде Недаи иранша өлшеп-пішіп жіберген екен.

Өйткені Иранда президенттің төбесінен қарайтын аятолла бар ғой...

Тсс, тек біздің депутаттар естіп қоймасыншы. Әйтпесе...

idanbars@mail.ru
XS
SM
MD
LG