Accessibility links

Жеңгемнің «жеңісі»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бейтаныс бала. Сурет президент Назарбаевтың ресми сайтынан алынған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бейтаныс бала. Сурет президент Назарбаевтың ресми сайтынан алынған.

Алпыстан асқанына алты жыл болған жеңгем Боранкүлдің бүгін «настроениесі» өте төмен екен.

Әншейінде әр қалада қызмет ететін балаларын аузынан тастамай, солардың табысын айтып мұрны шелектей болып отыратын.

Өзінің зейнетақысы болмаса қолындағы Қоқайдың аштан өлетінін, бәрінің де шыққан жері бір екендігін, ал кенжесіне келгенде неге оның кежегесі кейін тартып қалғанын үйіне соққан сайын сарнап айтып отырушы еді. Бүгін селқос.

– Ау жеңеше, қабағың қарс айырылып отыр, жәйша ма?

– Ойбуй, қайным-ау, кеше әлгі Сұрман (Тұрман) қайнағаның баласы келіп, бір масқара айтып кеткені. «Енді Назарбаевтың суреті бар казитті самауырынның, шәйнектің астына қояр болсаң сотталады екенсің» деееп отыр... «Ал сол сурет әжетханаға барар болса, қалған өмірің түрмеде өтеді» дей ме, қайдағыны шығарып кеткені жүгермектің. Өзің білесің – мына үйдегі келін мұғалім емес пе. «Жазылсаң да – жазыласың, жазылмасаң да – жазыласың» деп, 3-4 түрлі казитке жазған-ау шамасы, күнара келумен үйдің іші шашылады да жатады. Анау ағаң да оның біразын шиырлатып, насыбай атқанда түкірініп отырғаны...

Әдірам қалғыр, барлық казитінде сол беті жылтыраған патшаңның суреті жүрмей ме! Не істерімді білмей отырғаным? Ағаңның малы түгел. Енді қалай болады десем: «Әй қойшы, сол патшаң үйге келіп, өзінің суретін тексереді дейсің бе» – дейді манаурап. Басқасын қойшы, балаларға зияны тиіп кете ме деп жанымды шүберекке түйіп жүргенім. Не ақыл айтасың, мырза аға?

– Ә, жеңеше, онда жағдайларың шынында қиын екен, – деймін мен аңқаулау жеңешеме. – Онан да мынандай етіңіз. Сол келін газеттерге жазылу науқанында кітапханада жұмыс жасайтын мұғалімге (газеттерге жазуды соларға жүктейді емес пе?) әлгі газеттердің ақшасын берсін де қоя қойсын – сұрамасын газеттерді.

– Өйбүй, мынауың табылған ақыл болды-ау, – дейді жеңгем қаупылдап.

Шіркін, қазақ болу қызық қой! Назарбаев түгілі аудан әкімін де танымайтын жеңгемнің жаңбыр жаумай су болған мінезіне қайран қалып отырмын. Шіркін жанның тәттісі-ай, қаулының қаттысы-ай...

Ал мен келіні кітапханашы болып жұмыс жасайтын Қожабай құрдасымның үйіне келе жатырмын.

auelhan7@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG