Accessibility links

Өң мен түс


Шымкенттегі «Жебе» студиясы түсірген «Сапа олимпиадасы» анимациялық фильмінен көрініс.
Шымкенттегі «Жебе» студиясы түсірген «Сапа олимпиадасы» анимациялық фильмінен көрініс.
Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы сөйлеп тұр:

– Қазақ халқы сан ғасырдан бері аңсаған тәуелсіздікке жетіп, өз алдына шаңырақ көтергеніне, міне, 20 жыл болды.

Осы жылдарда қазақ халқы ел іргесінің бекемденуі үшін, елдің орнықтылығы үшін аса қатты төзімділік көрсетті. Өзінің мемлекет құрушы ұлт ретіндегі жауапкершілігін абыроймен орындады.

Ана тілін білмейтін қазақтар мен үкімет мүшелері және Қазақстандағы барлық өзге ұлт өкілдері! Қазақша үйренсін деп сендерге 20 жыл мұрсат бердім. Мен де Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде Қазақстандағы барша ұлт өкілдерін құрметтеп, 20 жыл жалпыға түсінікті тілде сөйледім. Бұдан ары кезек – сіздердікі! Ел ерін сынаса, ері елін сынайтын кезде болар. Елдіктеріңізді көрсететін кез келді.

Президент сосын үкімет басшысына қарады:

– Кәрім Қажымқанұлы, сіз «қазақ тілін бір белеске шығарып, өз елінде өз биігінде жеткізем» деп жүргенде оны одан ары артқа шегеріп, тағы 10 жылға созғаныңыз дұрыс емес. 20 жылдан бері қазақ тілін аю да үйренетін болды. Ал сен тағы 10 жыл сұрайсың. Мен бүгіннен бастап тек мемлекеттік тілде ғана сөйлеймін. Сендерге жеткілікті уақыт бердім. Енді одан ары еріктеріңе жібере алмаймын!

Премьер-министр көзінің астымен министрлерге қарады: қаржы министрінің, инновация, жаңа технология министрлерінің бастары салақтап кеткен. Басқа министрлер де үнсіз. Тек (неге екенін білмедім) мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қана жымиып отыр.

«Айналайын елбасым, ұзақты болжап, алысты шолған екенсің ғой! 20 жыл орысша ілеспе аударма жасап жүргенде бір ойлаған жоспарың бар болды ғой! Қазақтың бағына біткен елдің серкесі, Қазақстанды 20 жыл бойы дамудың даңғыл жолында бастап келіп, екі жолдың айрығына жеткенде тастап кетпесіңді білгем!

Айналайын елбасым-ай! Халқыңның болашағы үшін, еліңнің ертеңі үшін ұлы таңдау жасаған болдың ғой! Өзің осындай таңдау жасамасаң, жағымпаз тобырдан не жаңалық күтуге болады?»

Жаным жадырап, елбасыға деген разылығымды баса алмай, көзіме жас үйірілді.

Елбасы премьер-министрге бұйыра сөйледі:

– Кәрім Қажымқанұлы! Міне, тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойынан кейін үкімет отырысын жүз пайыз қазақша жүргізесіз. Парламенттің қос палатасы өз отырыстарын қазақ тілінде жүргізсін. Менің бұл сөзімді көп сылтаумен тағы да кейінге қалдырғандарың орындарыңмен қоштаса беріңдер!

Елбасы осы жерге келгенде столды қатты ұрып қалды.

Тарс еткен дауыстан шошып ояныппын. Басымды басқаға емес, төсектің басына ұрыппын. Есімді жиып, қолфонымдағы ай-күнге қарадым. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына дейін әлі бір жыл бар екен! Бәлкім, түсімдегіні өңімде көрермін...

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG