Accessibility links

«Тілбұзарды» тезге салу...


Қазақшасы қате жарнама. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.
Қазақшасы қате жарнама. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.
Ардақты ағайын! Блогстанға «Тілбұзардың түңілуі» атты мақалам жарияланысымен-ақ өздеріңізден толассыз келіп жатқан форум-пікірлер мені терең толғанысқа түсірді.

Шынын айтсам, елге көшіп келгенімізге он ай да болмаған уақыт ішінде: «Апыр-ай, ана тіліміздің болашағы қалай болар екен?! Менсінбеушілік, неқұрайдылық қоғамымызда тым үдеп кеткен екен-ау...» деген ой маза бермеуші еді. Себебі, шырылдаған осы қалпымды көріп, бір кездегі «тіл жанашырлары» деп танылған құрбыластарымның біразы маған:

– Он бес жылдан кейін жағдаймен бетпе-бет келіп отырсың. Сондықтан саған ауыр тиіп жатқаны ғой. Бірте-бірте басыларсың. Себебі біз де «тіл тағдыры» деп шарқ ұрып, қазақтардың намысын оята алмай, ақыр түбі басылып қалдық. Қазір селт етпейміз, – деген еді.

Содан бері көңілім құлазып, «шынымен-ақ тіліміздің осындай пұшайман күйге түскені ме?!» деп сенер-сенбесімді білмей жүрген жайым бар еді. Аллаға шүкір, өздеріңіздің пікірлеріңіз мені қолтығымнан демеп жібергендей болды. Енді сол форумға пікір білдірген замандастарымыздың біразының пікірін келтіре кеткенді жөн көріп отырмын...

Мысалы, Павел К деген азамат: «Алдамкөс, арсыз халық болдық па сонда? Өз тілінен өзі жиіркенген, өз пішінін өзі қаралайтын, өзін өзі қор санайтын сана ма?! Мейлі, ежелдің ежелінде бұзылған дүние болатын, енді қалай оңсын! Орыстың қолындағы қамшыны қазақтар тартып алып, өздерін өздері сабап жатыр ау, осы» дейді ашына.

Алматыдан Нұржан Кенже деген азамат былай деп жазады: «...неге мұндай намыссызбыз? Қазақтар! Кешегі «Желтоқсан оқиғасы» неден шықты? Қаншама жастарды алаңға итермелеген қандай күш? «Ұлт намысы» үшін емес пе еді. Сол құрбан болған күнәсіз жастарға арналған ескерткішке барасыз ба? Барғанда қалай тіке қарайсыз? Балаңызға, ұрпағыңызға «Желтоқсан көтерілісі не үшін болды?» дегенде не дейсіздер? «Не знаю, cынок!» демесеңіз етті...»

Астаналық Мұрат болса: «Қайран желтоқсандықтар! Сатқын қазақтардың өз рухтарын таптайтындарын білді ма десеңізші. Мұндай тілбұзарлардың ана тілімізді менсінбеуі құлдық психологиядан туындап отыр ғой. Олар өздерін «орыстың боданымыз, орыстың боданымыз» деп қуана айқайлауда. Бейшара малайлар...» – дейді.

Ал Астанадан пікір жазған Керей баласы: «Сен жеңілдің! Оңбай жеңілдің! Түкіріп кетіпті тіліңе! Қазір орыс билеп тұрғандағыдан артық орысқа жағымпаздану бар! Орыс тілін білмеу мәдениетсіздік саналады! Орысша білмесең адам емессің! Сол үшін орысша үйреніп алдым!» – дейді ащы мысқылмен жаны шырылдай.

Бақытжан Бостан: «Мұндай затсыз, опасыз сатқындарды бір тосқынға әкелетін мезгіл жетті. Шыдамның да шегі бар. Осы «қара орыстар» мемлекеттегімізге де, елдігімізге де тұсау салып жүргізбей келеді!» – дейді ашынып.

Әбдірәшид Бәкірұлы деген азамат болса: «Әдетте, орысшаға уызы жарымаған, кеудесі құр көкірек, бірақ іші қуыстау адамдар Сіздің әңгімеде айтылғандай, ыңғайы келсе «орысшалап» қалғанды тәуір көреді... Бұл оқиға Сіздің кейіпкердің қуыс кеуде екенін тағы бір рет дәлелдеді... Мейлі, білгенімен жүре берсін деңіз. Ондай адам қазақты қазақ етіп бәрібір жарытпайды... Одан гөрі ұрпақтың мәселесіне көбірек көңіл аударайық!» – деп салиқалы ой айтқан екен.

Аты-жөні белгісіз бір замандасымыз: «Менің ойымша сіз жеңдіңіз. Бірақ, ол сізге емес, өзінің осындай күйге түскеніне күйініп түкірген болу керек. Ол сияқты адамдар көп, оларға жаным ашиды. Өйткені олар өздерінің мықты екенін дәлелдеймін деп, осал да намыссыз екенін дәлелдеумен айналысып келеді. Олар іштей өз істеріне өкінеді, бірақ артқа қайтуға жолы жоқ бір лабиринтте өмір сүреді. Олар нағыз осы қоғамның биттері. Оларға бола тоныңызды отқа да, суға да салмаңыз. Олардың да дәуірі бітер, жаңа күн туады. Намысты да мықты жастар өсіп келеді. Құдай қаласа, бәрі де жақсы болады. Құдай қазақты мәңгі мәңгүрт болсын деп жаратпаған болар деп үміттенемін! Сіз де үмітіңізді үзбеңіз!» – деп тіл болашағына үлкен үмітпен қарауға шақырған екен. Иншалла, айтқаны келсін!

Мұрат деген жігіт Астанадан пікір жолдап: «Тілді қорғау үшін жоғарыдан бастап Ана тілімізге деген көзқарасты, жүйені өзгерту керек. Ал төмендегі халық та намысшыл саналы болуы керек. Болмаса осы қор болғанымыз болған» – деп, осынау ұлттық мүддені көздеген ісімізді тиімді жүргізудің тетіктерін ұсынған екен.

Мен үшін осынау әрбір пікір – бір-бір дастанға бергісіз. Азаматтық намысты қайрап, жігерді жани түсетін осынау әрбір пікірден қуат алатындаймын. Сондықтан да, шырқыраған жаныма қолдау көрсетіп, пікірлерін жолдаған барша замандастарыма мың алғыс!

Жаратушы Өзі қолдап, тіліміз де, дініміз де, діліміз де нығая түссе екен! Сіздерге Алланың Нұры жаусын!

Өздеріңіздің лебіздеріңізден қуат алып, тіл тазалығы үшін күресті жалғастырмақ ниеттегі – Нұрлытай замандастарыңыз.

P.S. Менің арманым: шіркін-ай, қазақ өз ана тілін жетік меңгеріп, орыс тілінде еркін сөйлеп, ағылшын немесе басқа да шет тілдерді тұрмыс-тіршілігіне оңтайлы қолданып, салауатты өмір сүрсе ғой!
XS
SM
MD
LG