Accessibility links

Мен қазаққа таң қаламын


Біздің қазақ өзінен басқа жұртты менсінбейді. Былтыры Қазақстанға келіп, терін сатып еңбек етіп, үй салып, жиған-терген ақшасын еліне жіберіп жатқан өзбекті көрсе: «Мыналардың жат жерде құл болып жүргенін қарашы! Өзіміз президентіміздің арқасында бұлардан озып кеттік» дейтін.

Тоқсаныншы жылдары совхоз талаудан тиген бір сиырына бұқа артылып, ол келесі жылы бұзаулап екеу болғаны да, сөйте-сөйте біраз мал жинап алғаны да Назарбаевтың шарапаты сияқты.

Үш баланың жәрдемақысы келген күні бір тойлап, дүкендегі қарызынан құтылып, көңілі желдей есіп, көлдей шалқып отырғанда ханға сәлем бермейді бұл қазақ. Әлгі өзбектің Самарқанда неше қабат үйі, неше сандық байлығы бар екенін де білмейді! Оны айтсаң: «Қазақ байыса – қатын алады, өзбек байыса – там салады», – деп кеңк-кеңк күледі. Жалпы, кез-келген іске қазақтың жауап-мақалы дайын тұрады. Бас қатырып ойланбай-ақ мақалын айта салады.

Бішкекте тіккен киім-кешегін Алматыға әкеліп, базарда сауда жасап отырған қырғызды көрсе: «Мыналардың қап арқалап, дамбал сатып, Қазақстанда қаңғып жүргенін қарашы! Құдайға шүкір, Назарбаевтың арқасында бізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатыр. Бұлар сияқты жылда бір президент сайлап, алатайдай бүлініп жатқан жоқпыз!» дейді. Биыл көктемде ғана қырғыз-қазақ шекарасы жабылғанда базардағы киім-кешек қымбаттап, 1000 теңгенің шалбарын 3000-ға таппай, жалаңбұт қала жаздағанын ұмытыпты.

Күні кеше Роза Отынбаеваны президент еткен қырғызға қарап: «Енді жетіскен екенсіңдер! Қатын бастаған көш оңбайды» деп тағы да жырқылдап күліп жатырмыз. Отынбаеваның кім екенін бір жылдан соң білерміз. Бірақ ХІХ ғасырда елді басқаратын – қатын да емес, жетпістегі селкілдеген шал да емес – әділ заң, турашыл билік екенін, тіпті, өзіміз менсінбей отырған қырғыз да баяғыда ұққан.

Қазаққа күнде таң қаламын.

Ауылдағы қазақ қыстың қытымыр аязына он тоқтысын құрбандыққа шалып, одан қалған бес ешкісін жазғытұрым топан суға бақылдатып ағызып, іргесін су жырған қоржын тамы бүйірін басып еңкейіп тұрса да, бала-шағаның аузын аққа тигізіп отырған екі сиырын бруцеллезге беріп құтылса да – көңілі шат, өмірге разы, көтерем есектей көнбіс!

Қаладағы оқыған қазақ бір жерде жұмыс істегеніне алты ай толған күні шапқылап барып, бір банктен қарыз алып, той жасап, сол ақшаны үш жыл бойы екі еселеп төлейді – бәрібір көңілі шат, өмірге разы, көтерем есектей көнбіс!

«Біз – мықты, қырғыз – бүлікшіл, өзбек – без теріп жүр»...

Баяғыда бір шал айтыпты дейді ғой: «...сонда мен ойлаушы едім: «Ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз» деп. Әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім» деп.

Сол шал кім еді? Бұл сөзді қашан айтып еді?

qiasbay@gmail.com
XS
SM
MD
LG