Accessibility links

Байқадыңыз ба, билікке жағымпаздану, уақыт өткен сайын, ұятсыз, арсыз әрекет болудан қалып, бірте-бірте үйреншікті, құбатөбел тіршіліктің қалыпты құбылысына айналып барады.


Бұрын жағымпаздығымен көзге түскен ат төбеліндей ғана ғана қауымға жиіркенішпен қарасақ, қазір ондайлардың аш кенедей қаптап кеткені соншама, тіпті олардың сөзіне түк селт етпейтін, мән бермейтін болып кеттік. Бірақ соған қарамастан, ресми БАҚ – Совет одағы кезіндегідей, мойындарына «социалистік» міндеттеме жүктелгендей билікке жағымпазданудың көрігін онан сайын қыздырып жатыр.

Жеке адамның имиджін жасауда халықтың пікірімен санасып, өте абай болу керектігін білмейтін, бүгінгі заманның «пиар-технологиясынан» хабары жоқ ақын-жазушылар мен журналистер президентті мақтаудың бояуын тым қалыңдатып жіберіп, ақыр-соңында ол кері реакция туғызып, тіпті бұрын-соңды мемлекет басшысына сүйіспеншілікпен қараған азаматтардың да жүрегін айнытып, Назарбаевқа деген көңілдерін суыта бастады.

Егер де ресми басылымдардағы жарық көріп жатқан мақалалар «күн көсеміміз», «әлемді мойындақтан тұлғамыз», «пайғамбардан да асып туған кемеңгеріміз» деген сыңайдағы қып-қызыл өтірік пен фальшпен емес, ол кісінің қоғамдағы алатын орнын аса білімдарлықпен белгілеп берген, талдап жазған сұңғыла дүниелер болса, бұл расында да Нұрсұлтан Назарбаевтың беделін асқақтата түсер еді. Ал, жоғарыдағыдай жағымпаздық ниетпен ғана жазылған мақалалар президентке бедел әпермек түгіл, оның абыройын айрандай төгіп, қарапайым халықтың жиіркенішін туғызып жатыр.

Айталық, республикадағы бір үлкен басылымның аты «Президент және халық» деп аталады. Неге «Халық және президент» емес? Қазақстан ғана емес, жалпы әлемдегі қай елдің президенті болса да, өзін халықтан жоғары қоймайды. Олар өздерін бар-жоғы халықтың қызметшісіміз деп есептейді. Бұл – бір.

Екіншіден, президентті халықтан да жоғары қою жеке басқа табынушылықтың ең сорақы үлгісі. Тіпті, қылышынан тан тамып тұрған Совет одағының кезінде де «Халық және Ленин», «Халық және Сталин», «Халық пен партия біртұтас» деген сыңайдағы ұрандар көтерілген.

Президенттің туған күні қарсаңында Қазақстандағы телеарналардың бәрінде де Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген түрлі хабарлар мен көркем фильмдер көрсетілді. Өкініше қарай, солардың бәрі Назарбаевтың шынайы бейнесін сомдағысы келген мақсатпен емес, жағымпаздық ниетпен жасалғандықтен мемлекет басшысының образы сондай күлкілі, әрі дарақы болып шыққан.

Мысалы, Назарбаевтың жастық шағын бейнелеген бір көркем фильмде оның Теміртауға барып жұмыс істеген сәті көрсетілген. Осы көркем туындыдағы Теміртау зауытында шыға жаздаған өртті Назарбаевтың жалғыз өзі сөндіруі секілді эпизодтар еріксіз езу тартқызады. Фильмдегі ұрынарға қара таппай жүрген бір орыс жігіт қазаққа тиіспек болғанда, Нұржанның (фильмдегі Нұржанның образын біз Назарбаев деп қабылдадық) оған қарсы айтқан бір сөзінен бұтына жіберіп қоя жаздап шошып кетуі де адамды сендірмек түгіл, күлкі туғызады.

Қазақстандағы қаптаған режиссерлардың мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым адам ретінде образын көрсете алатын бір детальды таба алмағанына қайран қалдық. Бір сөзбен айтқанда, жағымпаздықтың бояуын тым қалыңдатып түсірген фильмдердің ешқайсысы да көңілімізді көншіте алмады.

Жағымпаздық – бүгінгі қазақ қоғамының аса ауыр дерті. Бірте-бірте бұл дерт Алаштың намысын таптайтын, ата-бабаларымыздың рухын қорлайтын аса қауіпті күшке айналып барады. Өйткені бұл дертке қатты шалдыққан жағымпаздар «Нұрсұлтан Назарбаевқа шейін Қазақстанда мемлекет болған емес» деген сыңайдағы сөздерді айтып, қазақтың жері үшін жанын берген баһадүр батырларымыздың, кемеңгер хандарымыздың аруағын қорлап, ұлтына опасыздық жасауға шейін барып жатыр. Мұны қалай тоқтатуға болады? Айтыңызшы, оқырман!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG