Accessibility links

Қытайдың «Батыс өңірді ашу» саясаты


Қытай мемлекетінің негізгі саясатының бірі – «Батыс өңірді ашу» саясаты. «Батыс өңірді ашу» – Қытайдың батыс өңіріндегі орналасқан ұлттық автономиялы өлкелерге (Тибет, Гансу, Чиңхай және Шинжияңға) бағытталған. Бұл өңірлер қытайдыкі болып саналғанымен жан саны сирек, таулы, жолы қиын жақ.

Қытайда коммунистер билікке келгеннен бері батыс өңірге Ішкі Қытайдан таза қытайларды көшіруге жанын сала кіріскенмен, батыс өңірде адам саны аз болатын. Ішкі Қытайда әр шаршы шақырымға орташа есеппен 330 адамнан тура келсе, Шинжияң өңірде әр шақырымға орташа есеппен – 21 адамнан, ал Тибетте – 6 адамнан. Осы мәселені есте ұстай отырып, Қытай үкіметі «Батыс өңірді ашу» саясатын мемлекеттің негізгі саясатына айналдырды. Бірақ ол саясаттың мынандай бірнеше кілтипаны бар:

Біріншіден, батыс өңірді ашу миллиондаған қытайды аз ұлттар қоныстанған өңірлерге көптеп әкелді. Жергілікті ұлттар ата-бабасынан бері мекен еткен жерінен айырылып, тіршілік аясы тарылып, күн көрісі қиындай түсті. Әрі үкімет Ішкі Қытайдан келген келімсектерге қаржылық жақтан көптеген жеңілдіктер, жеңілдетілген кредиттер бергендіктен жергілікті кәсіпкерлер олармен бәсекеге түсе алмайтын болды.

Екіншіден, аз ұлттар қоныстанған өңірдегі қытайлар көбейген соң қытайдың мәдениет шабуылы күшейіп, аз ұлттар тілінен, салт-дәстүрінен айырыла бастады. Сонымен қатар бұл саясат аз ұлттардың қарсылығын күшейтіп, қытай мен аз ұлттар арасында қақтығыстар болды, және бұл қақтығыстар билік тарапынан қытай пайдасына шешіліп жатыр.

Үшіншіден, Ішкі Қытайдан келген қаптаған қытай ауыл шаруашылығымен айналысатын болғандықтан және өнеркәсып ошақтарын, есепсіз тұтынуды ала келгендіктен экологияға ауыр апат болды. Тіпті, кейбір аз ұлт қоныстанған өңірлердегі өзен-көлдер тартылып, аң-құс сиреп кетті. Жоспарсыз ашылған тың жерлерді, завод-фабрикаларды сумен қамдау үшін қытай үкіметі сыртқы ағыс өзендерін (Ертіс, Ілені) бөгеп, ысырап еткендіктен оның зардабы елімізге де тие бастады.

Төртіншіден, «Батыс өңірді ашу» саясаты толық қанағаттандыра қоймайтынын білген Қытай ол саясатты тек өз шекарасымен шектемей, Орта Азияда, Ресейде іске асыруға талпынып жатыр. «Батыс Қытай – Батыс Европа» тас жолы – Қытайдың батысты игеруінің алғашқы қадамы. Алдымен жол салады, сосын қол салады...

Бесіншіден, Қытай оқу орындарының оқу ақысын арзандату арқылы Орта Азиядан, Ресейден келген студенттерді көп қабылдап, өзінің тілдік, мәдени ықпалын күшейтіп, іштен іріту саясатын жүргізбек. Қазір Қытайда өз күшімен оқып жатқан студенттердің саны осыған дәлел болады.

Алтыншыдан, Қытай батыс өңірді ашу саясатының негізінде энергия көздерін басып алуға, игеруге жанын салып жатыр. Нәтижесі де жаман емес.

Тоқетері, «Батыс өңірді ашу» – батыс өңірді басу саясаты екені бесенеден белгілі болды. Шығыстағы алып айдаһар аранын ашып, батысқа қарай бауырлап келеді. Айдаһардың дәл аузында тұрған қазақ елі – жайбарақат.

Ал қазақ билігі Хат Шатырында шалқып той тойлап жатыр...

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG