Accessibility links

Президент Назарбаевтың жанындағы бала кімдікі?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бейтаныс бала. Сурет президент Назарбаевтың ресми сайтынан алынған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бейтаныс бала. Сурет президент Назарбаевтың ресми сайтынан алынған.
Өткенде «Азаттықтан» «Президент Назарбаевтың жанындағы бала кімдікі?» («Чей сын изображен рядом с президентом Назарбаевым?») деген орысша мақаланы оқыдым. Оқыдым да ойға кеттім...

Назарбаевқа да, баланың әңгімесіне де соңыра келерміз. Әзірше оларды қоя тұрып, Нерон деген біреу жайлы, сол адамның өзіме тым таныс көрінген кей мінездері туралы айтайын.

Тиберий Клавдий Нерон (15 желтоқсан 37 жыл, Анций – 68 жыл, Рим маңы) – рим императоры. Әкесі Гней Домиций Агенобарб ұлы тумай жатып о дүниеге кетіпті. Неронның жесір қалған анасы Агриппина император Клавдийға тиіпті. Император Неронды балам деп бауырына басып, кейін қызы Октавияны беріпті. Әйгілі философ-стоик Сенека Неронның тәрбиешісі болыпты. 54 жылы Клавдий қаза тапқан соң Нерон император болып, Клавдий Цезарь Август Германик деген ат алыпты.

Таққа мінген әуелгі жылдары Нерон жұмсақ мінезді патша ретінде танылған екен. Тек сахнаға шығып ән айтқанға, аренаға шығып гладиатор болып сайысқанға қатты құмартыпты. Гладиаторлардың жекпе-жегіне сенаторлар мен сарбаздарын да күштеп қатыстырыпты. Сән-салтанатқа тыйым салып, заңды жетілдіруге кіріскені де – сол кез.

Кейінірек қатыгез, таққұмар анасының сөзіне ерген (?) Нерон асып-тасып, азғындыққа салынып, атаққа құмарта бастайды. Эсквилинде зәулім сарай орнатып, оған Алтын сарай деп ат қойыпты. Өзін Күн құдайы сияқты бейнелеген алып мүсін орнатып, басынан аяғына дейін алтынмен аптатыпты. Өзінің құрметіне ойын-сауық өткізіп, оны Нерония деп атапты.

Нерон алғаш қолын өгей әкесі Клавдийдің қанына малыпты. 55 жылы Клавдийдің ұлы Британникті улапты. Көңілдесі Поппея Сабинаның сөзіне еріп, мемлеттік ісіне құмар туған анасын өлтіртіпті. Байлығыма ортақ болар деген қауіппен апайы Домиция Лепиданы да жер жастандырыпты. Өзінің ұстазы, әскербасы Буррға да у ішкізіпті. Екі әйеліне де (Октавия мен Сабина) ажал Нероннан жетіпті.

Неронға қарсы бүлік ұйымдастырған Лукан ақын мен Сенека философ Неронның бұйрығымен өздерін өздері өлтіріпті. 66 жылы тағы екі бүлікші –Фразея Пет пен Барея Соран солардың жолдарын құшыпты. Неронның қырына іліккен әйгілі қолбасшы Гней Домиций Корбулон да, Жоғарғы және Төменгі Германияларды басқарған ағайынды Скрибонийлер өз еріктерімен өле қалыпты.

Сәнді ғимараттар мен ойын-тойға, гладиаторлар сайысына ақша шашып, елдің қазынасын тез тақырлаған Нерон ақша табудың жаңа амалына көшіпті – бай-бағландарды тұтқындап, «байлығымды саған мұраға қалдырдым» дегендерін ғана босатыпты.

Әбден асып-тасып, іші пысқан Нерон театр актерлерімен бірге ән айтып, спектакльге қатысыпты. Ол өнер көрсеткен кезде тірі жан сыртқа шықпауы керек екен. Кейбір әйелдер театрда отырып босаныпты. Неронды мақтаудан қажыған жұрт қабырғадан өрмелеп қашып шығыпты. Енді бірі «тезірек далаға шығарып тастаса екен» деп, өлген адам бола қалыпты.

Астамшыл Нерон астындағы мініп жүрген атын сенатор етіп сайлатыпты. Ол жарықтықты әбден қартайып, мәстекке айналған соң шет аймақтардың біріне басшы етіп жіберіпті.

Бәрін айт та бірін айт – сол Неронды аштықтан, жалаңаштықтан қажыған қараша халқы тақтан төңкеріп тастады. Қасында төрт серігі бар император барар жер, басар тауы қалмаған соң өзін-өзі бауыздап өлтірді.

Міне, осымен Неронның әңгімесі аяқталды.

Абай атамыз айтпақшы, «Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?»

P.S. Президент Назарбаевтың жанындағы баланың кімдікі екенін білмеймін. Білгім де келмейді!

qiasbay@gmail.com
XS
SM
MD
LG