Accessibility links

Ұлтты бөлшектеу саясаты қалай жүзеге асты?


Иосиф Сталиннің суреті салынған қалалық автобус. Санкт-Петербург, 5 мамыр 2010 жыл.

Иосиф Сталиннің суреті салынған қалалық автобус. Санкт-Петербург, 5 мамыр 2010 жыл.

Өткенде теледидарға қарап отырып біз сырттай сыйлап жүрген бір ағамыздың «кейде кеңестік дәуірді аңсаймын» деген әңгімесін естіп қалдым. «Ол кезде бұқараға көп жағдай жасалды, жұрттың көңілі тоқ, көйлегі көк болған еді» дейді әлгі ағамыз.

Өкінішке қарай осындай пікірлерді, жиі болмаса да, ара-тұра естіп қаламыз. Меніңше, мұндай әңгімелерді большевиктер жүргізген сұрқай саясаттан бейхабар адамдар айтатын сияқты. Бірақ біліп тұрып, наданның сөзін сөйлейтіндері де бар. Мұндайлар көбіне ұлттық мүддені түсіне бермейтіндер немесе уызына жарымаған қандастарымыз екені айтпаса да түсінікті. Егер «қызыл қырғынның» не үшін қолға алынғанын аңғарса, есі бар адам Кеңес одағын аңсауын сап тияр еді.

Енді сол коммунистердің құйтырқы әрекетерінің кейбіріне арнайы тоқталсақ. Ресей империясында орыс еместердің барлығын әуелден татарлар деп атайтын дәстүр бар. Әсіресе олар шыққан тегі азиялықтарды осылайша жалпылама атайды.

Бірде Мәскеу радиосында сұхбат беріп жатқан Расұл Ғамзатов Кеңес Одағының маршалы Климент Ворошиловтың өзімен кездескенде үнемі «Иә, татар, қал-жағдайың қалай?» деп амандасатынын есіне алды. «Сосын бір күні шыдай алмай кетіп: «Климент Ефремович, мен татар емеспін, Дағыстандық авармын» депті Ғамзатов. Маршал: «Жә, қызбаланба, Расұл! Сіздерді, орыс еместердің барлығын, бізде баяғыдан татарлар деп атайды», – деп, әңгіменің соңын қалжыңға айналдырып жіберді».

Тарихи деректерге жүгінсек, қазіргі әзірбайжандарды да 1926 жылға дейін татарлар деп атап келіпті. Грузияның алғашқы президенті З.Гамсахурдия жұрт алдында сөйлеген сөзінде Грузияны мекен еткен әзірбайжандарды үнемі татарлар дейтін болған. Мұндай мысалдар өте көп. Кейін большевиктер билік басына келген соң империядағы байырғы халықтарға басқаша ат беріле бастады. Әсіресе қазіргі татарлардың бабалары осы тұста үлкен белсенділік көрсетеді. Бұқара бас қосқан жерде олар өздерін мұсылмандармыз, бұлғарлармыз немесе ноғайлармыз деп атап жүрді.

Кейін аты өзгерген халықтардың маңғол-татарлармен мүлде байланыспайтын жаңа тарихын жасау қажеттігі туады. Сталиннің бұйрығы бойынша беделді шығыстанушылар мен тарихшылардың тұтас бір тобы осы жұмысқа білек сыбана кіріседі. Бұларға академик В.Бартольдтің өзі басшылық жасады. Кейін кезек Түркістанға келді. Мұнда большевиктер барша түрік түлек ұшқан жердегі төл халықты ыдырату саясатын жүзесе асырды. Осылайша Қапқаздағы татарлар әзірбайжан деп атала бастады. Ал солтүстік Қапқаздағы татарлар құмықтар, ноғайлар, карашайлар мен балқарлар болып бөлшектеніп кетті...

Кейін большевиктер «маңғол-татарлардың мәселесін де» біржола шешуге кірісті. Қазірге дейін кейбір ағаларымыз қызғыштай қорғайтын Сталин осы тұста маңғол-татарларды «тағы көшпенділер» қылып көрсетуге құлшынды. Бұл – тарихи деректер растайтын жәйт. Мәселен, белгілі ақын әрі аудармашы Семен Липкиннің естеліктерінде Сталиннің бүкіл Русьті жаулап алған «татар» этнонимін варварлар қылып барынша қаралауға тырысқаны айтылады. Кеңес одағы құлағаннан кейін «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Семен Липкин Сталиннің татар-маңғолдарды жұртқа жеккөрінішті етіп көрсетуге талпынғанын әңгімелеген.

«Көсем» осындай оймен ғылым мен кино қайраткерлерін, суретшілер мен жазушыларды осы іске арнайы жұмылдырып жібереді. Соның нәтижесінде 1939 жылы Василий Янның (Янчевецкийдің) «Шыңғысхан» деп аталатын кітабы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Тарихи шындықтан алыс жатқан, Шығысханды қаралау үшін жазылған бұл роман өз дегеніне жетіп, татар-маңғолдарға жұрт қырын қарай бастады.

Ал соғыс жылдары Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» кинокартинасын жарыққа шығарған Иосиф Сталин Шыңғысхан мен оның ұрпақтарына жариялаған күресте біржола жеңіп шығады. Татар-маңғолдарды жұрт осыдан кейін басқыншы, өркениеттен хабары жоқ қара тобыр ретінде қабылдайтын болды. Бұл – большевиктер жүргізген «көпвекторлы» саясаттың бірі ғана. Олардың империяны ұстап тұру үшін қандай құйтырқы әрекеттерге барғанын қазір жіпке тізгендей етіп түгел баяндап шығу мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы – қызыл империя тарихының Қазақ елі үшін қастерлі кезең болмағанын жұртқа жеткізу.

makishev_777@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG