Accessibility links

«Қазақалтын» 32 миллион доллар төленбеген салықты бюджетке қайтарды


«Kazakhgold» компаниясына еншілес «Қазақалтын» акционерлік қоғамы 32 миллион доллар көлемінде төленбеген салықты өз еркімен Қазақстан бюджетіне қайтарды. Бұл туралы жұма күні «Қазақалтын» баспасөз қызметі хабарлады.

«2007-2009 жылдары кәсіпорынның бұрынғы басшылығы қосымша құн салығын жалған құжаттармен бюджеттен заңсыз алған» делінген компания хабарламасында. Бұған қоса, «Қазақалтын» бұл қаржылар кейін компанияның «қаржы есебінен заңсыз шығарылған» деп хабарлады.

«Қазақалтын» қазіргі таңда Kazakhgold компаниясының бұрынғы басшыларының заңсыз әрекеттері Лондондағы Жоғарғы сотта қаралып жатыр деп атап көрсетті.

KazakhGold акцияларының 50,1 пайызына ие ресейлік «Полюс Золото» компаниясы жауапкерден 450 миллион доллар талап етіп отыр. Сот процесі - кезінде KazakhGold компаниясы басшылығы құрамында болған Асаубаевтар отбасының бес мүшесіне қатысты.

KazakhGold директорлар кеңесінің бұрынғы атқарушы төрағасы Қанат Асаубаев пен директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Айдар Асаубаев бұл айыптарды жоққа шығарды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG