Accessibility links

Атаңның басы


Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Ақ шаңы шыққан ақиқаттың соқпағына салсаңыз, біз – жүрегінің басына қан қатқан кекті ұрпақпыз! Қанға қан, жанға жан алған атаның ұлы едік... Басымыздан сөз асырмаған, төбемізге қамшы үйіртпеген көкқасқаның тұқымы едік... Мұртымыз көкке шаншылып билік құрған ұлыстың ұланы едік...

Ол бір көрген түстей күндер екен... Ит жеді ғой ол заманды...

Құдайдың жазғаны, жазмышы болар – сырты түкті, сақалына сары маса үймелеген қасапшының қолынан қырғын болған қарақұрым қарашамыздың кегін айтпаған күннің өзінде, қойныңдағы бауырың басын кесіп сыйға тартқан асыл текті ханымыздың кегін сөз қылмағанда, жаңа заманның өре басында тұрған Алаш асылдарының кегін қайтара алдық па?

Кек дегеніміз не? Кек – адамның жаратылысында болатын қорқу, қуану, мұңаю, ашулану, жылау, сүйсіну, сүю, батылдық, батырлық, қорқақтық сияқты табиғи сезімдерінің бірі (шоқпарды ала салып, біреудің басын жарып қайту емес!). Кегі қайтпаған, жәбіршінің «жаздым, жаңылдым» деп кешу сұрағанын естімеген адам қайта түлей алмайды. Ол өлі жүні түспеген көтерем мал сияқты болып келеді.

Сонымен, «Хабар» арнасының қайбір күнгі жаңалықтарынан орыстың пушкинтанушы бір ғалымы (жаңылмасам, аты-жөні Николай Раевский ғой деймін) туралы түсірілген деректі фильмнің жоғалып кетіп, Ресейден табылғанын естідік. Сол деректі фильмді Қазақстан тарапы енді қайтарып алмаққа ниеттеніп жатыр екен. Сөйтсек, әлгі пушкинтанушы Қазақстанда біраз жыл тұрыпты...

Содан жантайып жатып ойға кеттім. Сонда не ойладың дейсіз ғой? «Қазақстанда жиырма жыл тұрған пушкинтанушы туралы деректі фильмді іздеуіміз керек пе еді, әлде атамыздың басын іздеуіміз керек пе еді?» дегенді ойладым.

Хан Кененің өзі түгілі әлі күнге дейін табылмаған басы... атамыздың басы! Әлихан Бөкейханның Дон зиратының қай тұсында жатқаны белгісіз асыл сүйегі... атамыздың сүйегі! Бұған өткен ғасырдың 20-40-жылдары қырылған, көмусіз қалған қазақ баласының өзіңізге аян санын қосыңыз, екінші дүниежүзілік соғыста Сталин үшін мерт болғандар мен лагерьлерде сүйегі шіріген қандастарыңызды, соғыстан кейінгі ғылыми қауымды қудалауды, Желтоқсанды қосыңыз.

Бұл кек пе, жоқ әлде заман солай болды ма? Қырылған қазақтың ішінде Сіздің жақын туысыңыз бен ағайыныңыз болғанын әсте ұмытпаңыз. Аталарымыздың басын жұтқан қырғын екенін мүлде ұмытуға болмайды!

Сонда әлгі арна кімді жоқтауы керек еді? Пушкинтанушы туралы деректі фильмді ме? Сол хабарды жасаған қайран менің әріптестерім (ұлтының демей-ақ қояйын) өз әулетінің тарихын ойлады ма екен? Атасының басын жоқтайтын ұрпақ тумағаны ма сонда?

«Неге біз осы осындаймыз, а?» Біздікі не талтаң?

abdihalyh.imanjusyp.omirjan@gmail.com
XS
SM
MD
LG