Accessibility links

«Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?»


«Біржан сал» кинофильмінен көрініс. Алматы, тамыз, 2009 жыл.

«Біржан сал» кинофильмінен көрініс. Алматы, тамыз, 2009 жыл.

Бұл дүниеде қазақ деген бір ұлт бар – құдайдың құдіретімен, ата-бабасының қанымен ұлан-ғайыр жерге ие болып, мемлекет құрып отырған; бірінің тоқтықтан кекірігі азып, бірі «шықпа, жаным, шықпамен» жүрген.

21-ғасырда өмір сүріп жатса да, өздері сондай оғаш мінезді.

Компьютердің іш құрылысын немесе нано технологиялардың сипатын түсіндіру үшін әңгімені Едігеден бастап ертегіге әкетеді, пайғамбардан бастап, баяғыға әкетеді.

Журналистері «Қиырдағы бір ауылда мал соятын қасапхана ашылды» дегенді айту үшін әрісі үш ғасыр бұрынғы Ақтабан шұбырындыны, берісі ширек ғасыр бұрынғы Желтоқсан көтерілісін айтады.

Екеу-үшеуінің басы қосылса, Назарбаевқа дейінгі бишігеш-байшыгештердің бар қоясын ақтарып, іске жарамсыз қалып тастайды. Бірақ ауыл әкіміне (немесе жұмыстағы бастығына) барып, «мына ісің дұрыс емес» дейтін кезде «Мысықтың мойнына қоңырауды қайсымыз барып тағамыз?» дейтін тышқандар құрылтайы сияқты ұлар да шу болып, бастары ауған жаққа тым-тырақай қашады.

«Осы біздің қазақ....» деп бір сөзді бастаса, қазаққа бар мінді таңып, кемшілігін түгел тауып, қара есекке теріс мінгізіп жібереді. Ондай кезде сіз де қосыла кетіп, біраз жерге дейін ит қосысып қуып тастауыңызға болады қазақты. Бірақ байқаусызда «ана ру сондай, мына ру мұндай...» деген пікірді айтып қалып жүрмеңіз – мұрныңызды басып, қанын жуатын су іздеп кетесіз.

«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?»

qiasbay@gmail.com

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG