Accessibility links

Пәкістандағы әуе апатынан ешкім тірі қалмады


Апатқа ұшыраған ұшақ орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Маргалла шоқысы, Исламабад маңы. 28 шілде 2010 жыл

Апатқа ұшыраған ұшақ орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Маргалла шоқысы, Исламабад маңы. 28 шілде 2010 жыл

Шілденің 28-і, сәрсенбі күні таңертең Пәкістан астанасы Исламабад қаласына жақын маңда «А 321» жолаушы ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортында 152 адам болған.


Пәкістандық жолаушы ұшағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты Исламабадтан екі шақырым жерге құлады. Пәкістан билігі қираған ұшақ ішіндегі адамдардың ешқайсысы тірі қалмады деп хабарлады.

Ұшақ бортында 146 жолаушы және алты борт қызметкері болған.

Әуелі апаттан бес адам тірі қалды деген мәлімет тараған еді, бірақ жергілікті үкімет бұл ақпаратты растамады.

АҚШ-тың Пәкістандағы елшілік қызметкерлері қаза тапқандар арасында екі АҚШ азаматы бар екендігін растады.
Апат орны. Маргалла шоқылары, Исламабад маңы. 28 шілде 2010 жыл

Пәкістандық "Airblue" әуекомпаниясының "Airbus 321" жолаушы ұшағы Карачи қаласынан Исламабадқа ұшып келе жатқанда апатқа ұшырады. Ұшақ құлаған кезде бұл ауданда нөсер жаңбыр жауып тұрған. Ұшақ таулы әрі орманды жерге құлаған.

Карачи-Исламабад бағыты - ұшақ үшін бар болғаны екі сағаттық жол.

Пәкістан үкіметі қаралы күн жариялады. Премьер-министр Юсуф Раза Гилани қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, қаза тапқандарға дұға бағыштауға шақырды.

Ұшақ бортында болған азаматтардың туған-туыстары қайғылы оқиға туралы мәлімет біле алмай, Исламабад әуежайында хабар күтуге мәжбүр болды. Солардың бірі Амир Махмуд «Рейтер» агенттігіне өзінің бауыры осы ұшаққа мінгендігін айтады.

«Менің бауырым Карачиден осы ұшақпен келе жатқан еді. Біз басқа ештеңе біле алмай отырмыз. Оның есімі ұшақ жолаушыларының тізімінде бар», - дейді Амир Махмуд.

Әзірге ұшақтың нақты қандай себеппен апатқа ұшырағандығы белгісіз. Бірақ куәгерлер жолаушы ұшағы нөсер жаңбыр құйып тұрған кезде қонуға бет алғандығын айтады. Бір кісі БАҚ-на апатқа ұшыраудан бұрын ұшақ әуеде «тепе-теңдігін жоғалтып», төмен құлады деп баяндады.
Құтқарушылар тек мәйіттерді жинаумен болды. Маргалла шоқылары, Исламабад маңы. 28 шілде 2010 жыл

Құтқарушылар апат орнына тікұшақтармен жетуге мәжбүр болды. Өйткені ұшақ жартасты мекенге құлаған.

Соңғы хабарларға қарағанда, апатқа ұшыраған "A 321" жолаушы ұшағын 2000 жылы «Airbus» компаниясы жасап шығарған. Осы уақытқа дейін бұл ұшақ 13 мың 500 рейс атқарған. Қосдвигательді әуе көлігі 185 жолаушыға арналған.

"A 321" ұшағы 1994 жылдан бастап шығарыла бастады. Қазіргі таңда шамамен 610 осындай ұшақ әлемнің 70-ке жуық операторында бар.
XS
SM
MD
LG