Accessibility links

Алма мен алма ағашы


Бізде қоғамға әр жерде, әр ортада, тіпті, ақпарат құралдарында ашық наразылық білдіріп, сын нөсерін жаудырып жататын адам көп:

– «Шенеуніктер халық жағдайын ойламайды, жемқорлыққа белшесінен батқан!»

– «Әкімдердің құлағы тас керең – халықты тыңдаудан қалған».

– «Біздің мемлекеттік басқару жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Оны дұрыстамай оңалмаймыз!»

Жұрт жарыса үн қатып, қоғамды да, билік басындағыларды да, Президентті де қатты сынға алып жатқанда: «Біздің қазақстандықтардың да ой өресі өсіп, санасы ашылып, ашық қоғам құруға, сондай қоғамда өмір сүруге әлдеқашан дайын болған екен ғой! Әттең, сондай саналы халықты сарсаңға салып, қадамына тұсау болып, алға ұмтылған елді етектен тартқан, халықтан артта қалған билік-ай! Қашан сені озық ойлы халық өз қолына алып, оңалар екен!» деп қиялға берілетін едім.

Жақында сол халықтың сөзін сөйлеп, билікті сын тезіне алып жүрген бір ағамыз айы оңынан туып, сол биліктің бір бұтағына қонжия қалмасы бар ма! Бірақ ағамыз ай өтпей басқаша сайрай бастады. Ол кісінің айтуынша – «билікте бәрі ойдағыдай жүріп жатыр, қайта халық көп нәрсеге дайын емес» екен, «кінә жоғарыда емес, халықтың өзінде» екен. Ал бұрынғы сөздері «төменде жүргендіктен, көп жағдайды түсінбегендіктен» айтылыпты...

Бірақ ол кісі арамыздан кеткенімен, орнын тағы бірнеше ағамыз басып, бұрынғыдан да өткір пікір айтып, билікті (жаңағы ағамызды да қосып) оңдырмай сынап жүрді. Қоғамды, бүкіл мемлекеттік жүйені өзгертпей алға баспайтынымызды айтты. Олардың айтуынша – көш бастаған ерлер оңбай, көшке ерген ел сорлайды екен.

Кейін бұл ағаларымыз да ұшып кетті... бірақ орындары бос қалған жоқ...

Рас, біз билікті көп сынаймыз, алайда ондағылар да кеше ғана өз арамызда шықты ғой! «Сабасына қарай – піспегі» деген осы да. «Алма да ағашынан алысқа түспейді» деп бабалар бекер айтпаса керек еді. Алма ағашы – қазақ халқы – алмасын «алысқа түспедің!» деп сынайды, ал өзі шіріген діңіне, мәртеше бойына қарамайды...

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG