Accessibility links

Жар басындағы жалғыз ағаштың зары


Әбдірашит Бәкірұлы
Әбдірашит Бәкірұлы
Жалағаш тауының қойнында Көлсай деген керемет көл бар. Тұнып тұрған табиғат сонда ─ жер жәннаты Жетiсудың төрiнде жарқырап жатқан жауһар. Айнадай жалтыраған көлдi сыңсыған ну орман көмкерiп тұр... Жаратушының шеберлiгi көз қарықтырар табиғат әсемдiгiнде екені ─ осы көл жағасында амалсыз мойындалады…

Иә, бұл өлке керемет! Бiрақ нарық экономикасына көшкеннен бері бұған да қауiп төне бастапты. Орманды қалай, қай уақытта келгені белгісіз, әйтеуiр, келімсек ағаштар жайлап барады. Көбі жергілікті тума, сұлу-сұлу талдардың тамырына жалғасып ─ осында мәңгілік тұрақтауға жанталасуда…

Ағаштың қорегi ─ шуақ, мөлдiр су, саф таза ауа. Оның бәрі бар бұл маңда. Әне, анау бір топ қайың мен қарағай тасты жарып шығыпты. Сірә, тас бұзар қауқарына қарағанда, жотаның арғы бетіндегі қырғыздан болса керек. Ырғалып- жырғалып тұр. Тамыры таста болғанмен, көрген күндеріне риза. Өздері күй талғамайды, аздап ылғал болса болды – «бергеніңе шүкiр» дейді... Жә, бұлар тұқымы бiр, тамыры шатыс жерден, балталап-балталап елiне қайыруға қол батпас: қайыңы шырынын, қарағайы жаңғағын ұсынып, иiлiп тұр...

Ал, енді, мынау сiрескен сан мың шыршалар ше?! Жергілікті ағаштарды ығыстыра-ығыстыра, бөктердiң ең қолайлы қоңырсалқын баурайын жайлап алыпты! Қылқан жапырақтарынан керемет иiс шығып, дiңгегi майланып, жұтынып тұр. Бойлары кiшi болғанымен, мықыны жуан. Бұлар ─ Қытайдан өткендер. Әнебiр жылдары ине жапырақтары әлем-жәлем боп енген еді. Ендi, мiне, өздерiнше бiр орман болуға жарап қалыпты... Баяғының бағбандары «қара қарағай қаптаса…» деп қорқытқан екен, солардың айтқандары айдай боп келе жатқандай. Әйтеуiр, өзіміздің ағаштар түгi шығар жерлердiң бiразын оларға амалсыз босатыпты. Осылай бола берсе, алдағы уақытта жергілікті ағаштардың ақ қар, көк мұзға өрмелеп кетер түрі бар...

Тапал қарағайлардың мысы басым. Содан болар, бұрынғы ағаштардың бiразы солардың әуенiне сала бастапты. Мысалы, орманда емен деген алып ағаш бар. Ол осы жердің қожайыны. Біреуге шүйліксе жапырақтарымен көлегейлеп, өсірмей тастайды. Бірақ соның өзі келімсектер үшін жарыққа жол ашып, өз нәпақасы соларға бұйыруын қалап тұрады. Ертеңдері, қуатына келген келімсек шырша бүгін «дардаймын» деп тұрған еменнің өзін әп-сәтте қуратып жіберетінін ол ұқпайтын болса керек...

Мысалы, әне, ана ағаштың осы жерде өсiп тұрғанына мың жылдан асты. Әбден толысып «бiр қазақтың уығына, керегесіне, босағасына, тіпті, табалдырығына айналсам» деген арманы бар еді. Елі тәуелсiздiк алып, сол арманға қол созым қалғанда, арманның күлi көкке ұшқалы тұр: балтасын қайрап бай қазақ келсе қытай шыршалары сылаңдап, бұрып алып кетедi. Бейшара «арманшыл» ағаш далада қалуда. Тұра-тұра қартайып барады. Қазір оның дiңгегiн көргендер: «Өй, мынауыңның өзегi шiрiк қой» деп, айналып өтуді шығарды. Ендi қанша өмiр қалды екен оларға? Көктеп тұрып құмырсқаның илеуiне айналғанан өткен қорлық бар ма бұл жалғанда, уа дариға, шiркiн!

Мәссаған, мына сұмдықты қараңыз. Бiрiнiң шашынан бiрi тартып тауға өрмелеген қалың орманды кiм көрген! Күннiң көзiне жанталаса ұмтылысына қарағанда, жылы жақтан ─ өзбек әка жақтан келген сыңайлы. Өздерi тату, «легализациядан» өткенi өтпегенін iшкерi алып қорғауда. Ал байырғы ағаштар бұлардың майлай кіріп, бармақ сорар қылығын қызықтап, С.Сейфуллин атындағы ұзын шатқалда топ-топ болып төбе көрсетiп тұр. «Базарлы өмірдің базары басқаға бұйырған» заман ─ осы!..

Баяғыда, құдай енді қайтып ондайды басқа салмасын, орыс жақтан ну орман келгенде осы жақтың қалың орманы бірін-бірі жетелеп Еренқабырға асып кеткен-ді. Ендi Еренқабырғаны өзгелер жайласа, қайда жапырақ жаяр бұлар? Шыбықтай қауқар қалар ма? Әлде «өз жерiңде ұлтан бол» деп, кемпiрдiң тiсiндей сойдиып тұра берер ме екен? Соңғы бұтағы қалғанша... Көлсайдың сұлу бөктерiнде...
XS
SM
MD
LG