Accessibility links

Аптап ыстықтың астық экспорттаушы ТМД елдеріне ауыр тиер түрі бар


Долгинино селосының тұрғыны өртті сөндіре алмай жатыр. Ресей, 4 тамыз 2010 жыл.

Долгинино селосының тұрғыны өртті сөндіре алмай жатыр. Ресей, 4 тамыз 2010 жыл.

Осы жазда Ресей ормандары бұрын-соңды болмаған ыстықтан жаппай өртене бастады. Украина мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы да қуаңшылықтан оңбай зардап шекті. Ал Қазақстан басшылығы шетелдік астық нарығын жаулап алудан үмітті.

АПАТТЫҢ АУЫР САЛДАРЫ

Ресейдің орталық бөлігіндегі Еділ өзені маңындағы ірі ферманың басшысы Фарид Валитов жүгерінің солған сабақтары ғана қалған егіс алқабының ортасында тұр. Диқан бір тамшы жаңбыр жаумай, әбден кеберсіп кеткен жерден бір сабақты суырып алып, қураған тамырына қапалана қарайды. Оның айтуынша, мына шыжыған ыстықтың фермасын біржола тұралатып кететін түрі бар.

«Мұнда түк те жоқ. Бұл топыраққа жаңбыр да құнар бере алмайды. Енді малға да азық болмайды. Бізде 800-ден астам сиыр, 1 700 қаралы басқа мал бар. Сол малдың қысқы азығына жетерлік пішен шабуымыз керек. Қазіргі шөбіміз малдың 60 пайызына ғана жетеді. Малымыздың көбі итке жем болатын шығар», - дейді Фарид Валитов.

Валитовтың айтуынша, биылғы қыс қатты болмақ. Оның шаруашылығы қазірдің өзінде 1,4 миллион доллар көлемінде шығын шегіп отыр.

Бүкіл Ресей мен ТМД елдеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Бірнеше аптаға созылған аптап ыстық, құрғақшылық, су тасқыны мен аңызақ жел дәнді-дақылдардың біразын тып-типыл етті. Бұл биыл астықтан мынанша түсім аламыз деген болжамға да айтарлықтай әсер етті.

Ресейде сирек болатын 39 градустық ыстықтың кесірінен оншақты орманда өрт шықты. Ресейдің бірнеше өңіріндегі өрт кезінде (арасында Мәскеу облысы да бар) ондаған үй өртеніп, кемінде 23 адам қаза тапты.

Воронеж облыстық Өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы Игорь Влазнев Рейтер агенттігіне: «Құрғақшылықтың кесірінен өртті сөндіру мүмкін болмай барады», деп хабарлады.

«Тек бір күннің ішінде 150 өрт шықты. Бәріне құрғақшылық себеп болған. Өрт ауыл-фермаларға, егіс алқаптарына таралып барады», - дейді Игорь Влазнев.

КРЕМЛЬДІҢ ЖҰБАТУЫ

Кремль өрттен келген шығын миллиардтаған рубльге жетуі мүмкін деп мәлімдеді. Ресей премьер-министрі Владимир Путин Нижегород облысындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарды жұбатып, қысқа дейін өртеніп кеткен үйлердің бәрін қалпына келтіруге уәде берді.
Өртенген үйдің жұрты. Передельцы деревнясы, Ресей,
5 тамыз 2010 жыл.
Соңғы 130 жылда болмаған аптап ыстықтың кесірінен өртке оранған үйлерді қалпына келтірер десек те, Ресей үкіметінің алдынан одан басқа талай шаруа шығады.

Оған қоса, Ресейде биыл жазда қапырық ыстықтан запы болып, суға шомыламын деген екі мыңдай адам суға кетті. Қарттар үйіндегі қариялар мен қамаудағы тұтқындардың да жан шыдатпас ыстықтан қайтыс болуы жиілеп барады.

Ресей билігі аптаптың кесірінен көз жұмған адамдардың саны жөніндегі статистикалық мәліметтерді жарияламай қойды. Журналистер ауруханаға жатудан бас тартқан адамдардың ыстықтан қайтыс болғандар жайлы құлықсыз сөз ететіндерін айтады.

Бұл апат Батыс Еуропадағы 2003 жылғы ыстықты еске салады. Ол кезде тек Францияның өзінде он бес мың адам қайтыс болған еді. Көбісі қарт адамдар болатын. Бұл аптап Кремльді қатты састыруы мүмкін. Өйткені жойдасыз ыстықтың салдары күннен-күнге анық байқалып келеді.

КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙТІН БОЛЖАМ

Ресейде астық түсімі ең төменгі деңгейге дейін құлдырауы мүмкін деген қауіп ұлғайып, соған байланысты көңіл көншітпейтін болжамдар айтылып жатыр.

Кремль өкілдері Ресейдің астық түсімі бойынша биылға арналған болжамын өзгертуге мәжбүр екенін мәлімдеді. Соңғы жүз жылдан бері болмаған аса ауыр құрғақшылық салдарынан өнім жыл басында белгіленген мөлшерден аз болатын түрі бар.

Ресейдің ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Александр Беляев 70-75 миллион тонна көлемінде түсім аламыз деп отырғандарын айтты. Сондай-ақ тамыз айының орта тұсында Сібірде астық жинау басталған кезде министрлік толықтырылған мәліметтерді ұсынатынын хабарлады.

Ресейдің астық өндірушілері түсім 20 пайыздай төмендейді деседі. Шенеуніктер осыған байланысты бидай экспортын екі есеге – 18 миллион тоннадан 9,5 миллион тоннаға дейін қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін.

Ресей бұрыннан-ақ дүние жүзіндегі бидай экспорттаушы ірі елдердің бірі.

ӘДЕЙІ ІСТЕЛГЕН ӘРЕКЕТ

Әлемдік бидай бағасының қымбаттауы АҚШ-тың бидай жеткізушілеріне қолайлы болды. Ресейдің бір наразы академигі осыған байланысты «еліміздегі аптап ыстық Пентагонның жоспарымен іске асты» деген болжам жасады.

Расында да ауа температурасының аса жоғары болғаны сондай, «Батыс елдері ауа-райын өзгертіп отыр» деген мәліметтің неге қызу пікірталас туғызғанына таңырқап қажеті жоқ.

Бұрын дүние жүзі бойынша ең төменгі температураларды тіркеп отыратын Сібір метеоорталықтары қазір 32 градус ыстыққа куә болды. Киров облысында температура 50 градусқа дейін көтерілген.

Киров облысы Малмыжский ауданындағы «Калининский» агрофирмасының басшысы Мансұр Нәсіповтің айтуынша, күн райы осы бетінен таймаса, өңірдегі ұжымдық шаруашылықтардың ешбірі аман қалмайды.

«Қазір мұндағы температура 47 градусты көрсетіп тұр. Түгел құрғап кетті. Жерде қылтанақтай шөп жоқ. Құдықта бір тамшы су жоқ. Таңертең үш-төрт шелек су аламыз. Сосын құдық та тартылады», – дейді Мансұр Нәсіпов.

Құрғақшылыққа байланысты Ресейдің 23 өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Қарапайым болжамға сенсек, қуаңшылық қазірдің өзінде елдегі ауыл шаруашылық алқаптарының бестен бірін күйдіріп жіберді. Енді нан да, малдың жем-шөбі де қымбаттауы мүмкін деген қауіп бар.

БАЙБАЛАМ САЛУҒА СЕБЕП ЖОҚ

Кремль жауапкершілікті өз мойнына алып, азық-түлік бағасының қымбаттауы мәселесімен күресуді бастамақ. Құрғақшылық салдарын мониторингтен өткізу жөніндегі жұмыс тобын басқаратын Ресей премьер-министрінің орынбасары Виктор Зубков «азық-түлік тапшылығы болмайды, баға қымбаттайды деп байбалам салатындай экономикалық негіздеме жоқ» деп сенімді түрде мәлімдеді.

Бірақ Ресей ғылым академиясы жанындағы экономика институтының директоры Руслан Гринберг оған күмәндана қарайды:

«Меніңше, бизнестің тағдырына алаңдамай-ақ қоюымызға болады. Алайда сонда да астық қымбаттауы мүмкін. Биліктегілердің қашан да оптимист болуы қажет екені түсінікті жайт. Премьер-министрдің орынбасары да оптимист екені анық. Бірақ халық астық түсімі төмендесе, астық бағасы да қымбаттайтынын біледі», – деді Руслан Гринберг.

Астық бағасы қымбаттайды деген үрейі бидайға бай басқа елдерге де жетті. Мысалы, Украина премьер-министрі Николай Азаров «елде нан бағасын қымбаттатпауға жетерлік астық қоры бар» деп мәлімдеді.

Украинада егін алқаптары жаз бойы су тасқыны мен құрғақшылықтан кезек-кезек зардап шекті. Бидай түсімі былтыры 21 миллион тонна болса, биыл 18 миллион тоннаға дейін азаюы, тіпті, одан да төмендеуі мүмкін.

Түсім азайғаннан кейін Киевтегі кеден басшылығы халықаралық сарапшылардың Украинадағы бидай түсіміне орай жасаған болжамдарын ескере отырып, бидай экспортына жаңа шектеулер енгізді. Олар экспорт 9,3 миллион тоннадан 6,8 миллион тоннаға дейін кемуі мүмкін деп мәлімдеді. Осы өңірдегі астық өндіруші елдердің бірі – Қазақстан экспортын 7,8 миллион тоннадан 7 миллион тоннаға дейін шектеуі мүмкін.

Алайда, Украина шенеуніктері – оптимист. Ауыл шаруашылық министрі Миколой Присьязнюк астық өндірісінің баяулағанын мойындай отырып, соған қарамастан елдің астық экспортының көлеміне сәйкес келе бермейтін болжам жасады.

«Бұл астық түсімі Украина қауіпсіздігіне, елге астық жеткізу мәселесіне байланысты алаңдаушылыққа себеп бола алмайды. Айта кетерлік жайт, біз биылғы нарық жылында 16-дан 17 миллион тоннаға дейін экспорттауды жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді Украинаның ауыл шаруашылық министрі.

ТҮСІМГЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР

2010 жылдың ұзаққа созылған аптап ыстығы «Ресей мен оның көршілерін әзірше саяси мәні маңызды емес, бірақ ұлғайып келе жатқан ауа-райы өзгерісінің проблемасын мойындауға мәжбүр етеді» деген болжам да бар.

Беларусь елі де осы ыстықтан зардап шегіп отыр. Онда ауа температурасы 30-35 градустан төмендемей тұр. Ол аздай, елге ұйтқыған құйын да үйірсек болып алды. Соның кесірінен Беларусь электр қуатынсыз қалуы ғажап емес. Украина мен Ресей секілді, бұл ел де астық түсімі азаяды дейді. Шенеуніктер «құрғақшылықтың кесірінен картоп, қант қызылшасы және астық түсімі төмендеді» деп есеп беріп жатыр.

Аптап ыстықтың батқаны сондай, Минск басшылығы терезеге кондиционер орнатуға байланысты тыйымды жеңілдетті. Бұрын «кондиционер Беларусь астанасының сырт келбетін бұзады» дейтін.

АҚОРДАНЫҢ АУҚЫМДЫ ЖОСПАРЛАРЫ

Ал Ақорда 3 тамыз күні «биыл Қазақстанда 14-15 миллион тонна көлемінде астық жиналады» деген болжамын жариялады. «Құрғақшылық пен аптап ыстық кесірінен, негізінен. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы астық тұқымдастардың біраз бөлігі зардап шекті» деп хабарлады президенттің ресми веб-сайты.

Ақтөбе облысындағы өрт. 3 шілде 2010 жыл.
Сарапшылар «құрғақшылық салдарынан Ресей, Украина мен Беларусьте астық түсімі азайып, азық-түлік бағасы артады» деп болжап отырғанда, Қазақстан басшылығы осы қиындықтарға қарамастан 2010-2011 маркетинг жылындағы астық экспорты сегіз миллион тонна болатынын мәлімдеді.

«Бұл жағдай Қазақстанның ұн нарығындағы кәсіпкерлер үшін шетел нарығын жаулап алуға жақсы мүмкіндік туғызып отыр. Осыған байланысты президент астық экспортының жалпы көлеміндегі ұн экспортының, өңделген ұн өнімдерінің үлесін арттыру туралы шара қабылдау жөнінде үкіметке нұсқау берді» деп жазады Қазақстан президентінің веб-сайты.

Осы веб-сайтта президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметке «нан мен ұн бағасының ішкі нарықтағы тұрақтылығы қамтамасыз етілсін, астық бағасы күрт көтерілмесін» деп тапсырма бергені де хабарланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG