Accessibility links

Апатты өткерген Қызылағаш президент Назарбаевты күтіп отыр


Ауыл тұрғыны Aлтынхан Қарпаева. Қызылағаш. 6 тамыз, 2010 жыл.
Ауыл тұрғыны Aлтынхан Қарпаева. Қызылағаш. 6 тамыз, 2010 жыл.

Алғаш келген адамға Қызылағаш ауылында мүлдем апат болмағандай көрінеді. Бұл ауыл бар-жоғы төрт айдың ішінде бастан-аяқ жаңартылды. Қазір Қызылағаштың әкімнен бастап, қарапайым тұрғындарына дейін дайындық қамына кіріскен. Ауылға таяу күндері президент Назарбаев сапарлап келмекші.


БІР ҚАРАҒАНДА...

Осыдан екі аптадай бұрын ауылдың соңғы тұрғыны жаңа баспанаға қоныстанды. Қызылағаштың әрбір көшесі асфальтталған. Тек кейбір жерлерінде ғана жұмыс бітпей жатыр. Әкім Сауле Әмитованың айтуынша, президент келген күнге дейін басталған жұмыстың барлығы аяқталады.

Төрт айдың ішінде Қызылағаш ауылында 470 үй салыныпты. Бұл үйлердің жетеуі ғана резервте тұр, қалғандары пайдалануға берілген. Қарапайым халық күні бойы әкімшілік ғимаратының артында орналасқан қойманы күзетеді. Себебі, мемлекет есебінен әр тұрғынға тұрмысқа қажетті техника мен жиһаздар тегін беріліп жатыр екен.

Жаңарған ауыл, оған қоса тұрғындардың жақсы көңіл-күйі осыдан бес ай бұрын бұл жерде апат болмағандай әсер етеді. Қарапайым халықпен тілдесе қалсаң, президент Назарбаевқа деген алғыстары шексіз екенін айтады.

Қызылағаш ауылының тұрғыны Білімхан Үйсінқызы. 6 тамыз, 2010 жыл.
Қызылағаш ауылының тұрғыны Білімхан Үйсінқызы Азаттық тілшісіне былай дейді:

«Елбасымызға рахмет. Барлығы болып жатыр. Болмай жатқан дүние жоқ. Малымызды, үйге қажетті жиһаздарды, азық-түлігімізді беріп жатыр. Біз – бір отбасыда үш адамбыз. Үшеумізге төрт бөлмелі үлкен үй салып берді. Салған үйлері әйбат».

ҮҢІЛЕ ҚАРАҒАНДА...

Камера мен микрофон алдында басқаша сөйлейтін қызылағаштықтар оны өшірсең, «бізде шешілмей жатқан мәселелер көп қой, оның қайсыбірін айта береміз» дейді.

Көпшілігі өздерінің жеке мәселесін сыртқа шығарғысы келмейді. Оның себебін сұрағанымызда, «әкімнің ашуына тиіп қайтеміз, шындықты айтамыз деп тегін беріліп жатқан дүниеден айырылып қалармыз» дегенді айтады.

Көше бойларында президенттің бейнесі бар, оның саясатын насихаттайтын биллбордттар, әдемі үйлер, қалаға ұқсас ауыл, қуанышқа бөленген тұрғындар - мұның барлығы тек сыртқы көріністер ғана екен.

Ауылдың ішінде жаңа баспанаға көңілі толмай отырғандар да баршылық. Бірінің шатырынан су кетіп жатса, екіншісінің фундаменті мен қабырғалары жарылған. Тұрғындар жоспарды тез орындау мақсатында құрылыс компаниялары біздің үйлерімізді қалай болса, солай салыпты деп ренжіп отыр.

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ

- Шілде айынан бастап үйімнің қабырғалары жарыла бастады. Оның алдында біздің үйді салып берген құрылыс компаниясының өкілдері «апай, үйді қабылдап алдым деп қолыңызды қойып беріңізші, кемшілігін кейін жөндеп береміз» деген. Мен өтініштерін орындадым. Сөйтсем, олар кетіп қалыпты. Енді не істейтінімізді білмей отырмыз, - дейді Алтынхан Қарпаева есімді тұрғын.

Наталья Куликова тұратын үйдің де қабырғалары жарылған. Ол осы мәселемен ауылдың әкіміне және құрылыс жұмыстарына жауапты
Қызылағаш ауылының тұрғыны Наталья Куликова жаңа қонысқа көшіп келгеннен кейін үйінің қабырғасы жарылып кеткенін айтады. 6 тамыз, 2010 жыл.
басшыларға да барған екен. Алайда, оның сөзін ешкім тыңдамапты.

«Мен көршіміз екеуіміз басшылықтағы адамдарға өзіміздің мәселемізді айтып бір емес, бірнеше рет бардық. Одан соң, бізге басшының бірі «сендер мені шаршаттыңдар» деді. Одан соң, мен ешкімге хабарласқан жоқпын. Енді барлығын өзім жасайын деп отырмын» - дейді Наталья Куликова.

Сұлтан Баянбаевтың бұл ауылда тұрып жатқанына 40 жылдан асыпты. Балалары ер жетіп, қалаға көшіп кеткен соң, осы Қызылағашта кәрі шешесімен бірге қалған. Екеуі де зейнеткер. Оған қоса апаттан зардап шеккен тұрғын ретінде мемлекеттен ай сайын 15000 теңге жәрдем ақы алып отырады.

«Қызылағаш» бөгеті жарылған кезде Сұлтан Баянбаевтың да малы басқалардыкімен бірге ағып кеткен. Апат болғаннан кейін үш күн өткен соң тірі қалған ала сиыры үйіне келіпті. Қазір соның сүтін сауып ішіп отыр.

Оның айтуынша, ауылдағы тіршілікті қайтып жаңарту үшін мемлекет ең алдымен «Қызылағаш» бөгетін қалпына келтіру керек еді, онсыз ауылдың тіршілігін елестету мүмкін емес.

Сұлтан Баянбаев Азаттық тілшісіне былай деді: «Қызылағаш бөгеті біздің ауыл ғана емес, көрші Көлтабан, Егіндісу секілді ауылдарды
Қызылағаш ауылының тұрғыны Сұлтан Баянбаев. 6 тамыз, 2010 жыл.
сумен қамтамасыз етіп отырған тіршіліктің көзі еді. Соны қалпына келтірсе, ауылдың тіршілігі қайтадан жанданады. Ауыл халқы егін сеппей, бақша салмай тұра алмайды ғой. Бұрын су арыққа келіп тұратын. Ал қазір ағаштардың өзі су болмаған соң қурап бара жатыр».

Қызылағаштың тағы бір тұрғыны Қуанған алты жыл бұрын Қытайдан көшіп келген екен. Оның 200-дей қой-ешкісі сәуір айындағы апатта суға кетіпті. Қазір қыстық отынын дайындап жатыр. «Президент Назарбаев ертерек келіп кетсе дұрыс болар еді. Мал алайық десек, ауыл әкімі қора-қопсы салуға да рұқсат бермей отыр», - деді.

Ол камераға түсуден бас тартса да, «мемлекет басшысы кеткен соң, тіршілігіміз қайтып жанданар» деген үмітін айтты.

«ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҚТАР ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПТАРЫН КӨП ОҚИДЫ»

Ауылдың күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінде президент Назарбаевтың сапарына байланысты шағын концертке дайындық болып
Қызылағаш ауылындағы кітапханада. 6 тамыз, 2010 жыл.
жатыр екен. Облыс орталығынан арнайы мамандар шақырылып, ауылдың талантты жастарына би мен ән үйретіп жатыр.

Осы мәдениет үйінің ішінде орналасқан кітапханаға бас сұққанымызда, ауылдың бірнеше тұрғынының президент Назарбаевтың кітаптарын оқып отырғанын көрдік.

Кітапхананың жетекшісі біздің көзімізше алдыңғы сөрелердегі Абай, Мұхтар Әуезов секілді қазақ ұлтының мақтанышы болған ойшылдың, жазушының кітаптарын алып тастап, оның орнына президенттің туындыларын қойған кезде, мәдениет үйінің қызметкерлеріне алдын-ала Азаттық радиосының тілшілері келе жатыр деген ескерту жасалған ба деген ойға қалдық.

Алайда, кітапхана жетекшісі біздің бұл сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Ол кісіден
Қызылағаштағы ауылдық кітапхана сөрелеріне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалары қойылған. 6 тамыз, 2010 жыл.
«президент Назарбаевтың кітабын Қызылағаш тұрғындары оқи ма?» деп сұрадық.

Кітапхана жетекшісі Ботакөз Байшығашова Азаттыққа берген сұқбатында: «Қызылағаш тұрғындары елбасының кітаптарын көп оқиды. Оның ішінде зейнет жасындағы адамдар да, жастар да бар. Одан соң, оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша президенттің кітаптары мен бірге жолдауларын да оқиды», - деді.

ӘКІМ 63 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ

Ауыл әкімі Сәуле Әмитова – екі баланың анасы. Екі баланы да жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Басшылық қызметке дейін құрылыс саласында еңбек еткен. Әкімдік қызметі үшін 63 мың теңге жалақы алатынын да жасырған жоқ. Трагедиядан кейін ауыл тұрғындарымен жұмыс жүргізу қиынға соққан.

Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Әмитова. 6 тамыз, 2010 жыл.
«Бірі жақынынан айырылды, екінші өмір бойы жиған мал-мүлкінен айырылды. Осындай қиын кездерде олардың көңілінен шығу оңай болған жоқ», - дейді әкім.

Алайда Сәуле Әмитова Қызылағаш ауылында президенттің сапарына байланысты арнайы дайындық жүргізіліп жатпағанын айтты.

«Біз ешқандай дайындық жүргізіп жатқан жоқпыз. Ауылды тазалау секілді күнделікті жұмыстармен ғана айналысып отырмыз. Президент біздің әлі жұмысқа қабілетті екенімізді көрсін. Негізі, су тасқынынан соң басталған жұмыстарды жалғастырып жатырмыз», - дейді Қызылағаш ауылының әкімі.

ПРЕЗИДЕНТ АШАТЫН ЕСКЕРТКІШ

Бес ай бұрын 45 адамды құрбан қылған Қызылағаш өзені бүгінде сылдырлап қана ағып жатыр. Долы өзеннің екпіні басылған. Оның енді қарапайым ауыл тұрғындарына ешқандай қаупі жоқ. Өйткені, совет үкіметі тұсында салынған бөгет әлі күнге дейін қирап жатыр.
Қызылағаш апаты құрбандарына орнатылған ескерткіш. 6 тамыз, 2010 жыл.
Қызылағаш бөгетінің құрылысы басталған жоқ.

Бірақ, әкімнің сөзіне қарағанда, күздің алғашқы айында құрылыс жұмыстары басталып қалуы мүмкін. Қирап қалған көпір әлі де жөнделіп жатыр. Құрылысшылар оны "жоспар бойынша күзге дейін бітіруіміз керек" десті.

Ауыл шетінде апаттан қаза болғандарға арнап ескерткіш орнатылыпты. Енді соның бетіне апат құрбандарының есімдері жазылады. Бұл ескерткіш те президент Назарбаев келетін күні ашылады деп отыр.
XS
SM
MD
LG