Accessibility links

Бүгін Қасиетті Рамазан айы басталды


Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл айға аман-есендікте жеткен әрбір мұсылман, Ұлы Жаратушының атына мадақ айтып, оның разылығы үшін ертеңгі сәресіден бастап бір ай бойы ауыздарын бекітеді.


Ораза ғибадаты - мұсылманға міндет еткен бес парыздың бірі. Ораза өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға міндет болып табылады. Тек ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт кісілер ғана әлеуметтік әлсіз жандарға фидия төлемін берумен босатылады.


Тамыздың 11-і күні басталған ораза қыркүйектің 8-і күні тәмамдалып, жиырма тоғыз күн тұтылады. Бұл күндері мұсылмандар бірін-бірі ауызашарға шақырып, жақсы тілектер айтады.

Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», - деп түсіндіреді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп те айтуға болады. Ораза адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке, бауырмалдық пен сабырлылыққа тәрбиелейтін, жыныстық нәпсіні тиятын ғибадат. Термизи кітабында: «Ораза - сабырлылықтың жартысы» деп айтылса, Ибн Масуд (р.а.) «Сабырлылық - иманның жартысы», - деген хадис жеткізген.

Ораза ұстаудың пайдасы туралы медицина мамандары да айтады. Мәселен, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтеді, семіздік пен оның салдарынан, бауырда тастардың жиналуынан және қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Сондай-ақ денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғап, реттейді.

Оразаның әр күнінде барлық мешіттерде Тарауих намазы оқылып, Құран кәрім хатым түсіріледі. Сонымен қатар, осы айдың ішіндегі қасиетті түндердің бірі - Қадір түнін болады. Биыл Қадір түні қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түнге сәйкес келіп тұр.

Рамазан айынан кейін Айт күндері келеді. Биыл Айт мерекесі қыркүйектің 9, 10, 11 күндері атап өтіледі. Биыл бір пітір садақаның мөлшері - 140 теңге көлемінде бекітілді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG