Accessibility links

Абайдың туған күні


Кеше Ұлы Абай ақынымыздың туғанына 165 жыл толды. Әдеттегідей Алматыдағы Абай ескерткішіне жүрегімді қолыма алып жетіп бармаймын ба... Біраз адам жиналып-ақ қалған екен. Араларына ене бердім... Сөйткенімше болған жоқ, өрімдей жас үш қыз менен:

– Алмалы ауданын қай жерде тіркеп жатқанын білмейсіз бе? – деп сұрады.

– Тіркегені несі? – деп таңданыс білдірдім.

Сөйтсем... Әр ауданның әкімшілігі сол жерде болуы тиіс адамдардың тізімін жасап, сол тізім бойынша келген-келмегендерін белгілеп жатыр екен. Бір жерде бір жас жігіт «Жас Отан» ұйымына өткізуім керек деп қолдан тізім жасап жатты. Біреулер келіп жазылып та жатты. Біреуі «Әуезов ауданынан 200 адам келуі керек еді» дегенді де айтып қалды. Өз аудандарын сұрап сабылып жүрген мұғалімдер мен кітапхана қызметкерлері. Оларға Абай туып жатыр ма, Құдай туып жатыр ма – бәрібір. Әйтеуір тізімде «Келді» деген белгі болса – болғаны.

Осындай сорлылықты көрген кезде мен қайдан шыдап тұрайын. Айқастым. Шайқастым. Жеңілдім. Шенеуніктерге дауа жоқ екен. Бір әйел: «Бұл тізімдерді шақырылған қонақтардың тізімдері ретінде жасағанбыз. Сөйтіп, келген қонақтарымызды белгілеп жүрміз», – деген дәлел де келтірді. Дұрыс. Қонаққа шақыру міндетің делік. Келу-келмеу қонақтың еркінде ғой. Абайды сыйласа, сол әйелді сыйласа, қазақтың өнерін сыйласа – өздері-ақ жүгіріп келер еді. Оларды қойша санау неге керек?

Мұндайды мен ҰЛТТЫҚ МАСҚАРА деп есептеймін. Қонақтарды тізімге тізбектемей-ақ шақыруға болатын еді ғой. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, алдын ала қамданғанда болар еді. «Бірлігіміз жарасқан» деген құдайға қажет емес билбордтардың орнына Абайдың суретін іліп, оның нақыл сөздерін жазып, қала тұрғындары мен қонақтарын болайын деп жатқан шараларға шақырған хабарландыру іліп қойса қандай жақсы болар еді. Басқа да жолдармен осы туған күннің аталып өтілетіні туралы халыққа хабарласа нетті? «Алматы ақшамы» газетіне бердік дейді. Кім оқып қарық қылып жатыр сол газетті. Құрығанда «Алматы» телеарнасының «жүріп отыратын жолына» хабарлама жіберілмеді ғой. Біреуі де жоқ.

– Бұл шараны өткізуге Жазушылар Одағы да өз үлесін қосты, – деді сол жерде сөйлеген Нұрлан Оразалин.

Сол Одақта 700-дей ақын-жазушы болса, солардың құрығанда 70-і келулері керек еді ғой. Жұмабек Ашуұлы да 100 шақыру билетін сол Одаққа өз қолыммен апарып бергенін айтты. Қайда сол ақын-жазушылар? Көп болса, оншақтысы жүрген болар. Сол баяғы сценарий. Сол баяғы сөйлеушілер. Сол баяғы әншілер. Сол баяғы өлең оқушылар. Қазіргі ұрпақтың қасаң тірлігіне Абай атамыз төбеден түңіріне көз тастап тұрды... Абай тіріліп келгенде, осы тірлік туралы не айтар еді...

Бір жарым сағаттай уақыттан кейін ескерткіштің жанында 100 қаралы адам ғана қалдық...

Бұған не деуге болады, халайық?

esmurzaev@mail.ru
XS
SM
MD
LG