Accessibility links

Бұл халыққа обал жоқ


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев 13-тамыз күні Қызылағашқа барды. Қайта салынған ауылды көріп, халықпен дидарласты. Жұртқа қалай еңбек ету керегін, қалай нан тауып жеу керегін үйретті. «Мемлекетке алақан жайып қарап отырғанға болмайды. Біздің істегеніміз – осы. Бұдан артық ештеңе істелмейді» деді.

Ажалды көп пенденің бірі емес, Тұңғыш уа Жалғыз Елбасы екенін бір сәтке де ұмытқан жоқ. Кесек-кесек сөйледі. ОБСЕ-ге төраға болып отырған Қазақстанның жеткен жетістігін айтып бір шалқып өтті. «Дүниеде ешкім білмейтін қазақты қазір білмейтін адам жоқ» деп бір қайырды. Сүйікті телеарналарымыздан жүзін көріп, сөзін естіп, бір разы болып қалдық.

Хо-о-ош!

Ел болған соң үйде отырғанда өзі шешен, өзі көсем, өзі батыр қазақ табылмас дейсіз бе! Сондайлардың кейбірі «Бұдан бес ай бұрын, ошағым ойран болып, малым арам өліп, бала-шағам суға кетіп жатқанда келсең болар еді!» деп өкпе артпас дейсіз бе? Ендігі сөзім сондайлармен болсын.

Адам деген ойланып сөйлесе керек еді. Бұдан бес ай бұрын Қызылағаштың ми батпақ болып жатқанын, жолды су алып кеткенін, әр ағаштың басында адамның, малдың сүйегі ілініп тұрғанын көрмеді ме бұл қазақ? Сол көріністі көргенде президенттің жүрегі ауырып, шошымалы болып қалатынын, ондай адамның елді дұрыс басқара алмай қалатынын ойламай ма!

«Бұдан бес ай бұрын» дегендері – наурыз екенін, ол кезде күн суық, аспан бұлыңғыр, бие құлындамаған, мал сойысқа жарамаған кез екенін білмей ме бұл қазақ? Су шайған Қызылағашты көремін деп жүргенде президентті қайғы қаумалар еді ғой. Жас болса, Саққұлақ шешен айтпақшы, қайғысы «тұлпардың тұяғында, сұңқардың қияғында, сұлудың құшағында» тарқар еді. Қайғы мүжіткен қарт адамның шерін тарқатар семіз марқа мен сары қымызды жазғытұрым қайдан тауып берер едік дегенді ойламай ма!

Шетелден кеше ғана келген, «Қазақстанның бүгінгі өркендеп-өскеніне ешқандай еңбегі жоқ» (Н.Ә.Назарбаев) оралмандарға бола президентіміз ауырып қалуы керек пе еді?! Олар да қызық жұрт екен. Адам деген құдайдың төтесінен жіберген апатына рахмет айтуы керек қой. Сол апатта 40-50 адамның ғана шәйіт болғанына тәуба деуі керек қой. Таудан құлаған ағын жапырайған жаман тамдарын, қолаңса сасыған қораларын, салбөксе шарбақтарын ағызып әкеткеніне қуануы керек қой. Әйтпесе «Мынандай үйлерде тұрамыз деп бұл халық ешқашан ойламаған шығар» (Н.Ә.Назарбаев).

Бұл халыққа обал жоқ – сөз ұқпайды.

qiasbay@gmail.com
XS
SM
MD
LG