Accessibility links

Шәмші Цойдың қалқасында қалды


Қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқов. Сурет «Қайран, Шәмші» деректі фильмінен алынды.
Қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқов. Сурет «Қайран, Шәмші» деректі фильмінен алынды.
Көзі тірі болғанда, 15 тамыз күні қазақ вальсінің королі, Қазақстан Республикасы әнұранының ауторы Шәмші Қалдаяқов 80-ге толар еді. Кейбіреулер оның туған жылы 1931 жыл деп жүр. Бірақ ғаламторда және басқа да деректерде Шәмші 1930 жылы өмірге келген дейді.

Алайда менің айтпағым мүлде бұл емес еді.

Атақты сазгердің мерейлі туған күнін дәріптеу жағы жетім қыздың тойына да жетпей қалғандай көрінді маған. Жексенбі күні «Шәмшінің әндерінен концерт немесе бағдарлама көрсетер ме екен» деп телеарналарды ақтарып отырып кәдімгідей құлазып қалдым.

Әйтеуір, «Хабар» арнасы ғана күндізгі 14:40-та «Шәмші әндері» деген атпен концерт берді. Оның өзі бір сағат он минуттан арыға бара алмады. Осылайша, дарабоз тұлғамыздың 80 жылдық мерейтойы меңіреу күй кешті де қалды. Есесіне бұл күні (енді ресейлік басқа арналарды айтпай-ақ қояйын) Кеңес одағында туып өскен ұлты кәріс рок әншісі Виктор Цойдың өмірден өткеніне жиырма жыл толуына орай Мәскеудің «Олимпийский» стадионында өткен концертті «Еуразия» арнасы екі сағаттан аса көрсетті.

Қазір «СТВ» аталып жүрген бұрынғы «Рахатымыз» онан әрмен рахатқа батырды. Шәмшіге шекеден қараған бұл арна Виктор Цойды еске алып, «Соңғы батыр» фильмін көрсетті. Әттең, телеарнадағы осындай «батырлардың» арасынан қазақтың Шәмшідей біртуар ұлын көре алмай қор болатын болдық қой. Біреулер айтады: «Әй, осы Виктор Цой Қазақстанда туыпты ғой», - деп. Үш қайнаса да сорпасы қосылмайды бұл қазаққа. Оның да өз табынушылар бар екені рас. Алайда, қазақ үшін Шәмші кім, Цой кім?

«Шәмші туралы бір көрсетсе осылар көрсетер» деген есек дәмемен ұлттық арнаның газет бетіндегі телебағдарламасын сүзіп шығып, Шәмші туралы бір ауыз сөз таппай таңғалдым.

Сонда деймін-ау, көзі тірісінде қарық қыла алмаған азаматымызды, тым болмағанда көрінде бір аунатып жіберсек, марқұмның аруағы риза болар еді.

Әй, қайдам, ұлысын ұлықтауды білмейтін жалтақ қазақ қашан адам болар екен?

Бұған не дейсіз?

alash_76@mail.ru
XS
SM
MD
LG