Accessibility links

«Біржан сал» фильмін көріп отырып ой теңізінде малтап, ішкі жан-дүниемде бөлекше бұлқыныс, белгісіз арпалыстар бой көтеріп, әлдебір сағым ойларға жетеледі.

Бұл фильм Біржан сал өмірінің соңғы сәтін ғана емес, дәурені өтіп бара жатқан қазақтың, таза қазақы өмір, қазақы рухтың бұғауға, матауға түсер алдындағы соңғы бұлқынысын, соңғы жан айғайын білдіргендей. Біржанның қолын байлаған сол қара әбжылан – отарлық бұғауы сол кезде сал рухын баса алмаса да, бағындыра алмаса да, қазіргі біздің рухымызды байлап-матап, өз ырқына көндіріп болғанын көрдім.

Біржанның жер ортасына келгендегі Ләйлім қызға деген жалын атқан махаббаты – ол да бір еркіндіктің нышанындай. Сол еркін жүректің тебіренісі «Ләйлім шырақ» әнін өмірге әкелмеді ме! Бұл фильмнен сол дәуірде еркіндікке ұмтылған сал-серілерінің тағдырын ғана емес, егемен ел, еселі теңдік алған кездегі бүгінгі өнер иелерінің де хал-ахуалын көргендей болдым.

Досхан Жолжақсын ағамыз осы фильм арқылы өзінің, бүгінгі Біржан салдардың жан дүниесін, ішкі ой арпалысын шебер бейнелепті. Біз көбінесе «ұлттық-саяси мәселелерге үн қоспады, күреспеді!» деп Біржан салдарымызды кінәлайтын болып барамыз. Оларды ашық күреске шығып, ойын бүкпесіз айтар саяси қайраткер ретінде танығымыз келе беретін болды. «Қазақта зиялы бар ма?», «Зиялылар – зияндылар!» деп, ақпарат құралдары арқылы бүгінгі Біржан салдарымызды соққының астынан алдық. «Билікке сатылды, қара басының қамын күйттеді!» деп сан рет күйе жақтық. Алайда «Біржан сал» фильмін көріп отырып қазіргі өнер адамдарының да тыныш жатпағанын, ұлт руының жоқтаушысы болып қана қоймай, өзінше саяси күреске кірісіп кеткенін, өз өнері арқылы әлінің жетісінше өткен тарих арқылы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін, кейіп-кеспірін ашып жатқанын сездім.

Біржан салдың қолына түскен бұғау арқан бүгінгі өнер адамдарының жан дүниесіне, еркін ойларына салынбай отыр деп кім айтады? Өзін салдың «жанашырмын» деп ойлайтын Нұржан байдың, яғни биліктің тұтқынына айналған «сал-серілерімізді» неге біз де аямай соққылаймыз? Менің ойымша, біздің сал-серілер қай заманда да бізден әлдеқайда биік ойлапты, саяси күрестің жалаң түрін емес, алдымен сананы серпілтетін, күрделі рухани өсіру жолын таңдапты. Біз жадағай өмірдің күйбеңін айтып, жалпақ әлемге жар салсақ, олар өткенде де, қазірде де көрінбейтін рухани әлемнің жырын жырлап, мұңын мұңдапты. Соны айтам деп елдің соққысына көп ұшырапты.

«Келін» фильмі де, ешкі араласпағанда, биік деңгейдегі өмірлік бітпейтін күрестің картинасы еді. Ұрпақ жалғастығын, баба мұратын бүгінге үзбей жеткізуді міндетіне алған ана-келін образы қай-қай тұлғадан да биік тұрар еді. «Ана – тәңірің!» дер едік. Жаңа дәуірдің 3-4 ғасырындағы өмір көрінісі арқылы Ермек Тұрсынов та ана жайлы ойын басқа қырынан бейнелемек болып еді. Оны да жалғыз қатесіне бола «ұлт сатқыны, ұятсыз, арсыз» ғып шығардық.

Біз қазір де отарлық қамытын киген өткен ғасырдағы сияқтымыз – халықтың, көптің атын жамылып келіп, Біржан салдарымызға қырын қарап, қытымырланып, жайы келсе байлап-матап ұстағымыз келеді. Ал Біржан салдар бұғауға көне бермейді...

serikkerey-12@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG