Accessibility links

Мейірі қанбаған ұлтшылдық


Абай мұражайындағы көрме залдарының бірі. Семей, 9 тамыз 2010 жыл.
Абай мұражайындағы көрме залдарының бірі. Семей, 9 тамыз 2010 жыл.
Қазақтың ұлтшылдығын ойласаң, ешуақытта ұлтшылдыққа мейірі қанбағанын көресің. Кеңестік дәуірде социализмнің материалдық игілігіне cылқия тойған 10 миллион қазақ бүгін ұлтшылдық ауруымен де кемінде бес жыл ауырып тұрса, не арман?!

Ұлтшылдық – адамзаттың ең асыл қасиеті, халқыңа деген антологиялық махаббат, еліңнің әрбір азаматын адамша сүю. Мағжан айтатын «Неге екенін білмеймін, сол қазақты сүйемін» дегендегі тылсым сезім, ішкі ынтықтық – ұлттың «антологиялық махаббаты». Әттең, мағжандық сезімді қазақ тұтас ел болып толқып, жалпақ жұрт болып толғанып басынан бір өткерген жоқ.

«Еуропа – ұлтсыз, Батыс – даңғаза» дейміз шімірікпей. Өзіміздің түрімізге қарамаймыз. Әрі қазақтың Еуропа туралы түсінігін Ресей қалыптастырып отырғанына бір сәт мән де бермейміз. Шынайы өркениет, адамзаттық биік мәдениет, постиндустриалды даму бәсекесінде Еуропадан күн сайын жеңілетін ел – ұлтшылдық ауруын өзін-өзі артықша сүю, өзге кісіні құмырсқа көру шовинизміне жеткізген жартыкеш халықтар – бағасы биік жұрттар жөнінде жетім лепес жасамағанда не қылсын?

Еуропаның ұлтшылдығы дегенде, кеңестік билік «неміс фашизмін» көзге шұқитын.... Бірақ Рейн үшін халық болып күрескен, Моцарт операсына ел болып толқыған немісті олар көп айтпайды. Наполеонды бұрмалауға әзір ел монархқа тән дүниенің бәрін ұлтқа тән етіп, халық еркін білдіретін Ұлттық мәжіліс құра білген, «француз» деген сөзді демократияның баламасы деп ұғынатын ұлтшылдықты айтпайды.

Дәл сол ел қазақ ұлтшылдығын да жөргегінен тұншықтырып, бергі тарихты айтқанның өзінде «пантүркист», «панисламист», «алашордашы», «халық жауы», «ұлтшыл» деп зәрені алды. Ұлтшылдыққа тағылған осындай айып сүйегімізден өтіп кетті ме – тәуелсіздік алғаннан бері ешкім «ұлтшылмын» деп мақтанбайтын болды. Мұхтар Мағауин мен жарықтық Сәбетқазы Ақатайдан басқа жалпақ жұртқа жар сала «Мен ұлтшылмын!» деп мақтанып жүретін қазақты, – рас, – көрмедік. Қазір бәрі «ұлт патриоттары» атанған. Ол не сөз екенін өздері білетін шығар, біз білмейміз.

Қазақтың ұлтшылдыққа мейірі қанбағанын осыдан-ақ көруге болады. ХХ ғасырды алайықшы. Алаш үлкен ұлттық қозғалыс болып, жалпыхалықтық сипатқа жете бергенде, большевизм оның күл-талқанын шығарды. Қазақтың Алаштық ұлтшылдыққа мейірі қанбай қалды.

Тарихи романдардың тууымен басталып, Желтоқсанға ұласқан енді бір ұлтшылдықты коммунистік режим жаныштады. Ауылдағы жұрт ол ұлтшылдықтың да дәмін татып тамсанудан гөрі, зәресі ұшып, баласын «ұлтшыл» болмауға үгіттеп кетті.

Тәуелсіздік алғаннан соңғы ұлтшылдықтың сиқын көрдіңіз – патриотизм деп аталатын, бер жақты ғана қамтитын үстірт дүние.

Ал біз қазақтың ұлтшылдыққа шын мейірі қанатын күні қашан туар екен деп әлі күтіп келеміз...

arzimas@gmail.com
XS
SM
MD
LG