Accessibility links

Төкеңнің атына тротуар беріледі!


Оңтүстік Қазақстан облысындағы көшелердің бірі. 18 тамыз 2010 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы көшелердің бірі. 18 тамыз 2010 жыл.

Шымкентте «Ш» әрпі мен «Х» (икс) ерекше қастерлі. Екеуі де ерекше әріп. Көліктерінің нөмір сериясы «Х» әрпі болғандықтан, Шымкентке қарай кетіп бара жатсаңыз, қолын айқастырып, Х белгісін білдіріп тұрғандарды жиі көруге болады. Бұл – «Мені Шымкентке дейін ала кетсең» деген тілек. Сол тілек Алматыдан шыға басталады.

Жай сурет деп қарайтын болсаң, Ш қатар-қатар тұрған колоннаға ұқсайды. Сырт қарағанда салтанатты көрінеді. Сәл тесіліп қарайтын болсаң, ежелгі Афина сарайларына алдында серуендеп жүргендей керемет күй кешесіз.

Алайда сол салтанаттың қызығын Х-тің көрінісі ойран қылғандай бұзып жібереді екен. Бұл Х-іңіз құлағалы тұрған қабырғаны ілдалап ілекерлеп қойған айқышқа ұқсайды. Ш-дан кейін көзіңіз Х-ке түссе, бір демде Афинадан алыстап, құм арасындағы қора-қопсының қасынан шыққандай боласың. Мұрныңа жусан мен тезек иісі келіп, өзің самса жегің келіп кетеді. Алайда Х нөмірлі көлік мінгендер ондай иллюзиядан ада, қайда жүрсе де «Формуланың» жарыс алаңына түскендей басады да жүреді. Олар Шымкентті Шымқала деп сөйлегенді ұнатады.

Бір қызығы Шымкент төңірегінде адам аттарымен аталатын елді-мекендер сирек кездеседі. Алайда қай ауылға барсаңыз да, көшелердің барлығы да адам атына берілгенін көресіз. Басқа ауыл, қалалардағыдай пәленінші квартал, болмаса, Бостандық, Бейбітшілік деген көшелер ұшыраспайды. Қай ауылға кірсеңіз де, алдыңыздан Пәленбай Пәленбаев көшесі деген шыға келді. «Жақында бір газетте Қытайдың Хайнань провинциясы тұрғындарының саны 100 млн адамға жетті деп жазыпты. Біздің жақта да халық көп. Түбі Қазақстанның Хайнаны боламыз» деп отыр шымқалалалық ағайындардың бірі.

Оның айтуынша, көшеге адам атын беру де бизнеске айналып барады. Ауылдағы көшеге адам атын беретін болсаңыз, оның бағасы 100 мың теңгенің мұғдарын шамалайды. Оның сыртында көшенің аты жазылған табличкаларды орнату, оны күту, аты берілген адамның ескерткіштері мен портреттерін ілу сияқты шаруалар да – ақша төлеген адамның мойнында. Мұның бәрі де ештеңе емес, ертең басқа байшыгештеу біреу келіп 200 мың төлесе, әлгі көшенің аты тағы да өзгеріп кете ме деген қауіп бар.

Таяуда мынандай бір оқиға болған. Елден шыққан ақын Төкең бәленбай жылдан кейін ауылына барса, өзінің кластастары мен қатарластарының атына берілген көше аттарын көріп қатты қайран қалады. Қайран қалғаны өз алдына, Төкеңнің көңілі де нілдей бұзылып, жергілікті әкімдікке барып әңгіртаяқ орнатады. Механизатор болған кластасының атына көше беріліп жатқанда, аты жер жармаса да шөп өртеуге жететін Төкең шыдасын ба, ауылдастарын Ақордамен үркітеді. Сонда барып шағынатынын айтады. Ауыл әкімі, ол да Төкеңнің туысы екен, «көкелеп» әзер құтылады.

Құтылғанда да, ақын атына тротуар беретінін айтып, мойнына міндет алады. Әуелде Төкең ер-тоқымын бауырына алып, тулап бағады. Бет қаратпайды. Алайда әлгі туыс ебін тауып, «дүние жүзінде тротуарға аты берілген ешкім жоқ, сіз тұңғыш боласыз. Гиннестің рекордтар кітабына енесіз» деген соң ғана Төкең жібиді.

«Тұңғыш» деген Төкеңе де жақса керек, соңғы кезде ол тек «тұңғыштар» мен тротуарлар туралы ғана жырлайтын болған...

aidynbars@mail.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG