Accessibility links

«Барып қайт, балам, ауылға...»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оны қолдайтын жастар бейнеленген жарнамалық сурет. Алматы, 5 шілде 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оны қолдайтын жастар бейнеленген жарнамалық сурет. Алматы, 5 шілде 2010 жыл.
Жарнаманың мемлекеттік үлесіне кіретін бөлігінде «Дипломмен – ауылға» деген жарнамалық роликті телеарналар Құдайдың құтты күні көрсетіп жатады. «Қазақ ауылы мұғалімге, дәрігерге, мәдениет қызметкерлеріне зәру. Сондықтан да оқыған қазақ баласы ауылға барып, мемлекеттің жеңілдетілген несиеге берген үйінде тұрып, ауылдың гүлденуіне қызмет етуі керек. Сөйтіп, құда да – тыныш, құдағи да – тыныш». Жарнаманың мазмұны осыған саяды.

«Дипломмен – ауылға» деген бағдарламаны Астананың сол жағалауындағы әйнекті үйден ғана дүниеге көз салып үйренген мырза қазақ «озық» идея етіп ұсынған болуы керек. Әлгі көкеміз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының негізі – қазақты қалаға шоғырландырмау, қала сағалап, қалалық жұрт болып қалыптасқысы келетін қазақты қайтадан қаңырап қалған ауылға қуу екенін білді ме, білмеді ме? Мүмкін, қаланы өзі сияқты ешқандай ұлтқа жатпайтын, сондықтан да ешқандай құндылыққа бас ауыртпайтын балконда өскен балалар ғана мекендесін деген ойда болған шығар? Енді осы кісі де пенде ғой...

Сөйтіп, не керек, кейбір жастарды «бәлен ауылға бармасаң, дипломыңды көрмейсің» деп қорқытып, тағы бірін «ауылға барсаң, аузыңнан ақ май ағызам, шекең шылқып өмір сүресің» деп өтірік уәдеге тойдырып, ауылға аттандырады. Аракідік бас арнадан «Партиямыздың арқасында ауылға келіп, жаңа үйге кіріп, ауылды көтеруге білек сыбанып кірісіп кеттік!» деген мағынадағы жаттанды сөзді судыратқан жасты көзіңіз шалып қалады. Өз пікірін айтуға үрейленіп тұрғанын өзі емес, көзі айтады. Әрине, ауылда емес, Алматыда қалғысы келетіндер «бара бергенше - пара бер» дегенді басшылыққа алады. Онсыз шаруа бітпейді.

Ауылдың қазағы қала сағалап келіп, өз ел, өз жерім ғой деп ойылмаған жерге үй соғады. Оны келіп әкім-қаралар күреп тастайды. Ұлардай шулап далада қалатын тағы сол қазақ... Сонда қазақты қалаға жолатқысы келмейтін үкіметтің не ойлағаны бар? Сонда бұл үкіметтің қазақты айдалаға айдап, мал бақтырған совет өкіметінен қай жері артық? Әлде сол өкіметтің таз кепешін тастамаған мұрагері ме?

Сонда бұл қай елдің үкіметі? Кімнің сойылын соғып, кімнің болашағына жаны ашып отыр?

Түк түсінсем бұйырмасын! Мүмкін, Сіз түсіндірерсіз...

abdihalyh.imanjusyp.omirjan@gmail.com
XS
SM
MD
LG