Accessibility links

Екі әйел алу және гендерлік саясат


Гендерлік рәміз. Көрнекі сурет
Гендерлік рәміз. Көрнекі сурет
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның құрылғанына биыл 10 жылдан асты.

Алайда, Қазақстанда мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы гендерлік теңдік пен әріптестік ынтымақтастыққа жағдай жасайтын нормативтік-құқықтық акті әлі күнге дейін жоқ екен.

Гендерлік саясат дегенді жалаулатып айтқанымызбен, тек билікте отырған әйелдердің қарасын көбейту үшін қабілет-қарымына қарамай, биліктің ұшар басына шығарғанымызбен, былайғы қарапайым қазақ әйелдері, қазақ қыздары гендерлік саясаттың игілігін көрмек тұр ғой, оның не екенін де білмейді.

Қазақстанда адам құқықтары туралы айтылғанда еліміздегі жалғызбасты, балалы аналардың, ер-азаматтарымызға жасырын не әшкере түрде кіші жар болып жүрген әйелдердің мүдделері ескерусіз қала береді. Парламентте бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Бірақ әйелдердің нақты өмірге қажетті құқықтары мен мүдделерін қорғайтын заңнан гөрі жалған намысты биік қойған, ана мен бала жағдайын түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін әлдебір депутат әйел «онда бізге де екі күйеуге тиюді заңдастырып беріңдер!» деп шу шығарған. Ақыры осы күйіп тұрған мәселе тағы да артқа ысырыла берді.

Егер екінші күйеулерін заңдастырғысы келетін әйелдер расында да көп болса, әрі ол бала мен ана тағдырынан да маңызды болса, онда неге сондай заң қабылдамасқа! :) Ал екінші әйел алуды заңдастыру туралы заңға қарсы шыққан адамның нақты дәлелі болу керек қой. Көптің мәселесіне келгенде «ауыз өзімдікі» деп, жөнсіз пікір айтуға бола ма?

Екінші әйел алуды заңдастыру – еркектің еркіндігін заңдастыру емес. Бұл әйелді кемсіту де, қорлау да, теңдігін бұзу да емес. Біз не айтсақ та, өз еркімен екінші жар болып, ана болып, бала сүйіп, еліміздің демографиялық ахуалына өз үлесін қосып отырған әйелдер көп. Бұл – бұлтарпас айғақ. Одан қашып құтыла да алмаймыз, оны тоқтата да алмаймыз. Онда неге екінші жар болып отырған ананың құқын, сол анадан туған баланың мүддесін заңдық тұрғыдан қорғамаймыз? Әйел неге күйеуінің заңды зайыбы бола алмай, бала неге әкесінің заңды мұрагері атана алмай, жұрттан тығылып жүре береді?

Кез-келген заң сол елдің нақты жағдайын реттеу үшін, азаматтарын қорғау үшін қабылданатыны – шындық. Біздің парламент пен үкімет өздеріне керекті заң қабылдап, заңсыз иеленген мал-мүлкін, жерлерін заңдастырып алады. Қарапайым аналар мен балалардың қамына келгенде кежегесі кері тартып, ондай заң қабылдауды кейінге қалдыра береді. Европаға жалтақтайды.

Жалпақ әлемге жар салған «әйел теңдігі», «гендерлік саясат» деген – білім-білігі, қабілет-қарымы лайық келмесе де, бірнеше әйелді билік бұтағына қондырып, мойындарына ауыр міндет артып қою ма? Әлде үн-түнсіз, айғай-шусыз, ел алдында жарқырап көрінбей-ақ отанына адал еңбегін жұмсап, қазаққа ертең елі мен жерін қорғайтын балаларды сыйлап жатқан мыңдаған қарапайым әйелдің теңдігін, құқын қорғау ма? Қашан «шығыс не дейді, батыс не дейді?» деп жалтақтағанды қойып, апа-қарындастарымыздың құқын қорғайтын заң қабылдаймыз?

serikkerey-12@mail.ru
XS
SM
MD
LG